ӘЙЕЛ МЕН БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Комиссия төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның ұсынысына сай басқосу барысында үш мәселе қаралды. Өңірдегі мүгедек әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Полымбет Хасанов баяндады.
Облыста барлық мүгедек әйелдер саны — 5310. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жасалуда.
«Мүгедектердің спорттық клубы» кәсіпорны арқылы үш автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ, санитарлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақжайық» және «Атырау» санаторияларына 663 адам сауықтырылуға жіберілсе, соның 265-і — мүгедек әйелдер. — Қазіргі таңда екі мыңнан астам жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі жан бар. Өткен жылы уәкілетті жұмыспен қамту органдарына 467 мүгедек хабарласты. Оның ішіндегі 227-сі — әйелдер. Ағымдағы жылы облыс бойынша 16500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оның ішінде 223 мүгедек жұмысқа тартылатын болады. Жұмысқа қабілетті мүгедектер үш пайыздық квотамен жұмысқа орналаса алады, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Комиссия отырысы барысында қаралған тағы бір мәселе – жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуын болдырмау, оның ішінде, бала еңбегін пайдалануға жол бермеу. Аталған мәселе бойынша Атырау облысы мемлекеттік инспекциясы басқармасының басшысы Салават Ишайдың айтуынша, өткен жылы еңбек ұжымдарында төрт наразылық акциясы тіркеліп, қызметкерлердің137,6 миллион теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтелінді. Ал, жалақыны уақтылы төлемегені үшін кәсіпорын басшыларына әкімшілік айыппұлдар салынды.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің атқарған жұмыстары туралы оның директоры Айбаршын Иманғалиева айтып берді.
Басқосу соңында комиссия мүшелері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жұмысын жетілдіру, бала еңбегінің ауыр түріне жол бермеу, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар әйелдерді скринингтік тексеруден өткізу және тағы басқа мәселелерді талқылады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.