Инвесторлар кәріз суына «қызығып» отыр

99cd9866 8832 4a77 9f7d fb9dda4db5bf Инфрақұрылым

Бірнеше жылдан бері судың лаңынан арыла алмай отырған «Жұлдыз» шағынауданының тұрғындары бұл мәселеге өздері араласып, лас суды тың технология арқылы өңдеп, тиімді пайдаланумен айналысатын «Ақ қамыс» ЖШС-не жүгініпті. Жақында компания ұсынып отырған жоба Атырау қалалық мәслихаты депутаттарының талқысына түсті. Депутаттық корпус бұл жоба туралы әкімдікке хат жолдап, қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырып көруді ұсынды.

Атырау өңірінде қолданылмаған тың жоба туралы біз компанияның бас директоры Аян Темірәліні (СУРЕТТЕ) әңгімеге тартқан едік.

kariz555

Жер бетіндегі «мұнай»

– Аян Тұрланұлы, сіз басқаратын компанияның негізгі міндеті қандай? Бұрынғы жұмыс тәжірибесі туралы оқырманның білгені жөн ғой…

– Әрине, біз нарыққа кездейсоқ келген жоқпыз. Үш жылдай дайындық жұмысы жүргізіліп, компанияның негізі 2009 жылы қаланды. Оған дейін қамыстан қағаз шығаруды ойлап жүргенбіз. Нақты жұмысқа кірісер кезде ойдан ой туындап, қағаздан гөрі қамыстан биоотын түйіршігін шығаруды ұйғардық. Еуропа елдерінің технологиясы мен әдіс-тәсілдерін оқып-үйреніп, қамыстан биоотын шығаратын патент пен авторлық куәлігімді алдым. Батыс елдерінде биоотын түйіршігінен электр және жылу энергияларын алатынын көзіқарақты жан біледі ғой. Онда тек қамыс емес, әртүрлі биомассадан жасақталған дүниелерден өндіріледі.

Мақсатқа жету үшін Құрманғазы ауданындағы Мақаш ауылдық округінің Голбин учаскесінен 10 гектар жер алдық. Сол жерде қамыстан жылына 120 мың тонна қатты биоотын өндіретін зауытта жергілікті жерде жыл сайын өртелетін қалың қамысты қажетке жаратып, аудан бюджетіне пайда келтіруді көздеп едік. Ал, сол кезде Еуропа елдеріндегі 400 еуроға дейін шарықтаған биоотын түйіршігінің бағасы біз зауыттың іргетасы мен негізін аяқтап болғанда 100 еуроға дейін құлдырап кетті. Сол себепті зауыт құрылысы тоқтап қалды. Бұған 2015-2016 жылдары мұнай бағасының төмендеуі мен тасымал бағасының қымбаттауы да кері әсер етті.

Бірақ қағаз құны өзгеріссіз қалды. 2019 жылы қайтадан қағаз шығару жөнінде ойландым. Бір тонна қағаз шығару үшін 20 тонна су керек екен. Оны қайдан аламыз? Атырау судың ортасында отырса да су тапшылығы сезіледі. Сондықтан суды тазартып, қайта пайдалану технологиясын іздей жүріп кәріз-тазарту қондырғысын жүзеге асыру ойыма келді. Алайда, ол да COVID-19 індеті кезіне тап келіп, кәріз жүйесі маңайындағы елді мекендердің көбінде онкологиялық аурулар пайда бола бастады. Ол жерде метан көмірқышқыл газы мен парниктік газы қатты бөлінеді. Мысалы, Қазақ медициналық университетінің статистикасына сүйенсек, әрбір 100 адамның 34-і онкологиялық дертпен ауырады екен. Сондықтан тез арада көп жылдан бері жиналған кәріз қалдықтарын тазартумен айналысуды қолға алдық.

Әр нәрсенің идеясы, технологиясы, өнімі, өткізетін жері мен қаражатын табу керек. Қазір осы аталғандардың соңғы нүктесінде тұрмыз. Ол – қаражат. Бұл жобаның әлі күнге дейін жүзеге аспай келе жатуының бір себебі – технологияның күрделілігінде. Шыққан өнімді сататын жағдайға жеткізбейінше ешкім де пайда таба алмайды. Бұған соңғы екі жылда ғана көңіл бөлініп отыр. Оған дейін шетелдік инвесторлар елдегі мұнай мен алтын өндірісіне бар күштерін салып келді. Бүгінгі таңда кәріз суының жер бетіндегі «мұнай» екендігіне көздерін жеткізіп жатырмыз. Сол іске инвестиция салуға құлшынысы бар компаниялар да табылды.

– Құпия болмаса, инвесторлардың қай елдерден табылғанын білуге бола ма?

– Шетелдік инвесторларды өзіміз еңбектеніп тауып жатырмыз. 1991 жылдан бері бизнесте жүріп, Еуропа елдерімен қатар Африка мен араб мемлекеттері, Шығыс және Оңтүстік Азия елдерін араладым. Әлбетте мұндағы мақсатым жай ғана аралап қою емес, бизнес, қаржылық конференцияларға қатысып жүрмін.

«Ақ қамыс» ЖШС Австрия, Швеция, Бразилия, Ресей елдерінде жаңартылатын қуат көздері ретінде тіркелген. Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Катар мемлекеттерінің кәсіпкерлерімен жұмыс істейміз. Тіпті, Сауд Арабиясы мен Катардағы Қазақстан елшіліктері мен шетелдік таныстарым да инвестор табуға көмектесіп келеді. Алматы қаласында малдың тезегінен биошірінді, яғни органикалық тыңайтқыш өндіріп келеміз. Осылайша инвесторлармен келісімге келіп, инвестиция тартып, тауарларымызды өткізгелі отырмыз.

«Септик» бақылауда болады

– «Жұлдыз» тұрғындарының қызығушылығын туғызған жоба қаншалықты тиімді, негізгі артықшылығы қандай?

– Ол үшін сәл шегініс жасайық. 2021 жылы «Квадрат» булану алаңына кәріз-тазарту қондырғысын салу туралы ұсынған жобамды сол кездегі қала әкімі Қайрат Оразбаев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Айдарбеков қолдады. Бірақ жергілікті әкімдік те, мен де қаражат мәселесін шеше алмадық.

Кейін «Жұлдыз» шағынауданы тұрғындарының атынан мұндағы ахуалмен айналысып жүрген гидрогеолог Едіге Сабуров естіп, технологияны енгізіп көруді айтты. Ол кісінің бастамасымен мәслихат депутаттары мәселені өз ортасында көтерді. Олармен онлайн кездесіп, өз технологиямды таныстырдым. Біздің жоба арқылы ол жердегі жерасты суы мен септик мәселесін шешуге тырысамыз. Инвестор беріп отырған қаражат толықтай циклді түрде жұмсалады. Ол жердегі жұмыстардың барлығы электронды болады. Әрбір абонент қосымшаға (приложение) тіркелген соң датчик орнатамыз. Қай үйдің септигі толып келе жатқанын көрсетіп отырады. Біз соны тәулік бойына бақылап, өзіміздің вакуум көлігіміз арқылы сорып әкетеміз. Ол гидравликалық қақпақ арқылы жабылады, жағымсыз иіс шықпайды. Мұның барлығы экологиялық тиімділігі жағынан қарастырылған, гидрант көліктің ішінде де болады. Көлік JPS жүйесі арқылы басқарылып, өңдеу қуаты күніне 300 текше метрді құрайтын үш контейнерлік қондырғыға апарып құяды.

Олар екі циклдан тұрады: анаэробты және аэробты реакторлар. Анаэробта – механикалық тазарту әдісі арқылы ашытып биогаз өндіреді, аэробта – биологиялық тазарту жүріп, бактерия арқылы тазарып, ІІІ класты су алынады. Тазартылған кәріз суы механикалық және биологиялық тазарту арқылы балық өсіруге және жылыжай шаруашылығын дамытуға, техникалық су тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Айта кетейін, жерасты суын жинайтын қондырғыларды сол елді мекеннің ішіне ең көп су жиналатын жерге орнатып, ондағы суды өзіміз сорып аламыз. Сөйтіп жерасты суының азаюына мүмкіндік болады. Жобаның құны шетелдік инвестордың есебінен 380 миллион теңгені құрап отыр.

Қазір кәріздік тазарту қондырғыларын орнату үшін шағынаудан маңайынан 1 гектар жер телімін бөлуді сұрап отырмыз. Аталмыш жобаның еліміздің демографиясы мен салауатты болашағына қосар үлесі мол. Өйткені, бұл жоба іске асса сүзгі алаңдарында жиналатын ағынды су аймағында тұратын тұрғындар арасында қатерлі ісік ауруының деңгейі төмендейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секторында ағынды суды тазарту қондырғыларында кəріз қалдығын өңдеудің жаңа технологиясын қолдану озық технологиялар мен ғылыми- зерттеу нəтижелеріне негізделген. Қазір бұл жобаның бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде аналогы жоқ.

Жоба негізі тыңайтқыштар жəне тазартылған су өндірісі болып табылатын біртұтас тұйық технологиялық циклге байланысты салалардың қатар дамуымен биогаз өндіруге мүмкіндік береді. Мұнай қалдықтарын да жаңа технологиямен тазалауға болады.

Мұны да Қытай үйретеді

– Кәріз-тазарту қондырғысында кімдер жұмыс істейді, жергілікті жұмысшыларды қабылдайсыздар ма?

– Әрине, бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа аламыз. Қондырғыларды Қытай елінен келетін инженерлер үйретіп, екі-үш ай оқытып кетеді. Жұмыстың қиындығы жоқ. Көбінесе сантехник, электрик, оператор мамандар болады. Минималды еңбекақысы 250 мың теңгеден төмен болмайды. Тәулік бойы жұмыс істейді. Вакуум көлігіне жүргізушілер керек болуы мүмкін.

– Тұрғындардың төлем жасауы қалай жүзеге асырылады?

– Тұрғындардың қосымшаларына ай сайынғы төлемдерінің есебі түсіп тұрады. Он күннің ішінде сол қосымша арқылы қанша текше метр су алынса, сонша төлейді.

Біз инвестордың қаражатын халықтан қайтаруды көздемейміз. Онда тариф қымбаттап кететіні түсінікті. Жобада 150 теңге деп көрсетілгенмен әр текше метрін 50 теңгеден асырмауды ойлап отырмыз. Себебі, ақшасы қымбаттаған сайын халықтың қалтасы көтермейді.

– Қондырғыны сенімгерлік басқаруды сұрап отыр екенсіздер…

– Иә, мемлекет жерді 49 жылға жалға беріп отырған соң қондырғыны сенімгерлік басқаруға алуымыз керек. Өйткені, қаражат бізден шығады. Сондықтан қосымша сенімгерлік басқаруға арналған құжатты да жасақтап қоямыз. Қондырғыны басқалардың қолына берсек діттеген межеге жетуіне кепілдік бере алмаймыз. Сондықтан, өзіміз инвестиция салып отырған соң инвестордың ақшасын шығаруымыз керек. Ал, толықтай сатып алсақ сенімгерлік басқарусыз өзіміз ие боламыз.

Республика Әділет министрлігінің зияткерлік меншік ісімен айналысатын комитетіне барлық жұмысымызды көрсетіп, дәлелдедік. Олар мұның аналогы бар-жоғына көз жеткізген соң ғана кәріз-тазарту қондырғысын орнату туралы авторлық куәлігімізді берді.

– Енді жұмыс қашан басталады?

– Жергілікті әкімдікпен келісімге келіп, қаражатты аударған соң қондырғы 45 күнде дайын болады. Қытайдың оңтүстігінен келгенше екі айдай уақыт кетеді. Үш айдың ішінде қондырғыны орнатып, құжаттарын жасақтап алуға мүмкіндік бар. Екіншіден үш айдың ішінде абоненттермен де келісім жасап, оларға ыңғайлы қондырғыларды орнатып беруге болады. Барлығы ертерек үйлесім тауып жатса, жұмыс күзде іске асуы мүмкін. Тіпті сәуір, мамыр айларында да жұмыс істеп кетуге әзірміз.

– Бұл жобаны Атыраудан басқа өңірлерге ұсынып көрдіңіздер ме?

– Атыраудан басқа Жамбыл, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында жұмыс істеп жатырмыз. Бүкіл тауарды Атырауға апарып, Ақтау арқылы араб мемлекеттеріне Каспий теңізі арқылы шығарамыз. Тараз бен Алматыдағы инвестициялық жобаларға Атырауды қосуға мүмкіндік болып тұр.

Тараз қаласынан да кәріз-тазарту қондырғысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Оның қуаты – 60 мың текше метр, бұл жұмыстар дайын. Араб еліндегі инвесторлармен келісімге келсек, көктемде басталады. Үкімет те, Жамбыл облысының әкімдігі мен Экология министрлігі, Парламенттегі экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері де қолдап отыр.

– Сіз ұсынып отырған жоба бұған дейін қай елдерде жүзеге асқан?

– Қытай, Жапония, Канада мемлекеттерінің ғалымдары бірлесіп әзірлеген бұл технологияның енгізілгеніне 15 жылдай болды. Сингапур, Малайзия елдері де Қытай елінен көріп енгізіп жатыр. Сондай-ақ Канада елінен көріп, кейбір Еуропа елдері де бұл технологияны қолға алып жатқандығы айтылады.

Қи да қажетке жарайды

– Алдағы уақыттағы бұдан басқа жоспарларыңызды да білсек…

– «Жұлдыз» шағынауданымен қатар, Талқайраң секілді кәріз жүйесі жүргізілмеген шағынаудандарға да қондырғыны орнатуды ойластырдық. Сондай-ақ малдың тезегі мен тауықтың саңғырығын да тыңайтқыш ретінде қайта пайдалануға арналған технология бар. Бұл да кәріз-тазарту қондырғысына ұқсайды. Жергілікті әкімдік пен тұрғындардан қолдау болса іске асыруға болады. Жоба әзірге Алматы, Тараз қалаларында іске асқалы отыр.

Сонымен қатар, қатты қалдықтарды жиналған орнынан тасымалдамай-ақ сол жерден қайта өңдеу арқылы экологиялық таза өнім алып, әрбір тұрғынның ақша төлемей табыс табу жобасын жасақтап жатырмыз. Бұл жобада тұрғын өзінің үйінен шыққан қалдықтан табыс табуына мүмкіндік бар.

Қисынға салсақ, адам көбінесе қолжетімді игіліктерді, атап айтқанда таза суды бақылаусыз тұтыну арқылы қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіретінін ойлай бермейді. Мысалы, жеке капиталдың даму əлеуетін пайдалана отырып, ел игілігіне жұмыс істей алатынын да көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, ластанған аумақтарды тазарту процесінде тиімді микроағзалар бактериясын пайдалану үшін ұсынып отырған технологияны экологиялық апат аймақтары саналатын Арал теңізі аймағында, Байқоңыр жəне Арал қалаларында, Құлсары, Мақат өңіріндегі мұнай, ұшпалы тұз қалдықтарын тазартып, сосын рекультивациялау жұмыстарында қолдануға болады. Түптеп келгенде бұл аталған өңірлердің экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

– Компанияда кімдер жұмыс істейді?

– Бүгінгі таңда жоба жұмысын әзірлеуге 12 адам қатысады. Олардың жеке компаниялары бар, менімен серіктес ретінде жұмыс істейді. Бір адамға барлығын бірдей игеру қиын екені белгілі. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Мысалы, техникалық-механикалық, биологиялық, геологиялық, заңдық, қауіпсіздік, қаржылық, коммерциялық тұрғыда, инвесторлармен жұмыс жағына жауап беретін мамандар.

– Уақыт бөліп, емен-жарқын әңгімелескеніңіз үшін рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

А.Т: Барлық бизнесте Киоталық хаттама, Париж келісімі, COP28, Global Methane Initiative (GMI), Waste-Water-Energy (WWE), ESG бағдарламаларын енгізуге әрдайым әрекет етеміз. Қазіргі күнде кәріздік судан басқа қатты қалдықтарды тұрғындардың жинайтын жерінде тасымалдаусыз сол орында өндіру арқылы экологиялық таза өнім алып әрбір тұрғын тарифпен ақша төлемей табыс табу жобасын жасақтап жатырмыз. Бұрын тек халықтың қалтасына қол сұғу болса бұл жобада ол өзінің ұйінен шыққан қалдықтан табыс табатын болады. Бұл жоба арқылы ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы менен метан, парниктік газды азайтады.

Біздің жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақпандағы №121 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясында» белгіленген мақсаттарға толықтай сәйкес келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зиянды газ қалдығының мөлшерін 0-ге жеткіземін деді. Мұны 0-ге жеткізу үшін 623 млрд.доллар керек екен. Біздің қазіргі технологияларды еліміздің көптеген жерлерінде енгізетін болсақ Президенттің айтқан сөзіне аз да болса да үлес қосқалы отырмыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Оралбай

    Атырау қаласы. 1-УЧАСТОККЕ ӨТЕ – ӨТЕ КАЖЕТ. МҰНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖОҚ.
    МЕН ҚҰНЫСКЕРЕЙ БАТЫР ӨТКЕЛІНДЕ ТҰРАМЫН. ГОС. РАШТЫҢ АРТЫНДА, ҮЙІМІЗ АСФАЛЬТТАН ӨТЕ ТӨМЕН, СУ ӨТЕ КӨП ЖИНАЛАДЫ. ТАЛАЙ РЕТ ҮЙІМІЗ СУҒА КЕТЕ ЖАЗДАДЫ.
    БІР СТАНЦИЯНЫ ОСЫ 1 – УЧАСТОККЕ САЛЫНЫЗДАРШЫ. ҮЛКЕН ӨТІНІШ, КУЛЛІ ОСЫ КӨШЕНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АТЫНАН ЖАЗЫП ОТЫРМЫН.

  2. Думан

    Служак жарайсың! Тек алға. 87789329577 хабарлас. Сені жоғалтып алып едім, жақсы бастамамен қолың тимей жүр екен.

  3. Қайырбек

    Бұл дегеніңіз заманауи және инновациялық бастама. Ұлттық инвесторлар қаражатын осындай жобаларға салғаны жөн. Аян сияқты азаматтар сирек. Сондықтан қалталы инвесторларды осы жобаға ресми түрде шақырамыз..

  4. Қайырбек

    Бұл дегеніңіз заманауи және инновациялық бастама. Ұлттық инвесторлар қаражатын осындай жобаларға салғаны жөн. Аян сияқты азаматтар сирек. Сондықтан қалталы инвесторларды осы жобаға ресми түрде қатысқаны жөн.

  5. Қайырбек

    Бұл заманауи және инновациялық бастама. Ұлттық инвесторлар қаражатын осындай жобаларға салғаны жөн. Сондықтан қалталы инвесторларды осы жобаға ресми түрде қатысқаны жөн.

  6. Қайырбек

    На наш взгляд, это инновационный идея господина Аяна. Наши инвесторы должны поддержать и вкладывать свои средства в этот безупречный проект.

  7. Қалбибі

    Өте керемет жоба, халыққа тиімді қолдаймын «Ақ қамыс «ЖШС-сінің басшысы Аян Тұрланұлы бастаған ісіңізге сәттілік! Алла Сізге қуат берсін.

  8. Қуаныш

    Өте пайдалы шаруа болғалы тұр екен. Халықтың тұрмыстық қалдықтарын қайта кәдеге жарату жұмысын осылай өндіру әрі қазақты кәсіпке тартады, әрі табиғатты ластаудан сақтап қана қоймайды, келешекке таза табиғат қалдырады.