ӘЙЕЛ – ҮЙДІҢ АЖАРЫ

Облыс  әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болды. Оны облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Айгүл Әжіғалиева ашып, жүргізді.

 

Басқосуда алдымен салалық және өңірлік келісімдерді жасау арқылы гендерлік теңдік мәселелерін шешу жұмыстары жайындаоблыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Клара Мұқашкереева баяндады. 

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев басқарманың атқарып отырған қызметі мен өткізген іс-шараларына тоқталды. Мәселен, тек үстіміздегі жылдың жаз айларында «Ислам терроризмге қарсы!» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оның жұмысына қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысқан. Жастар ресурстық орталығы мен «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен жастарды имандылыққа тәрбиелеу, Әбу ханифа мәзһабын түсіндіру, Құран жаттаушыларға қолдау көрсету бағытында Құран Кәрімді мәнерлеп, әрі жатқа оқудан «Құран жарысы» өткен.

Кезекті отырыста жасалған баяндамалар негізінде комиссия мүшелері – Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжі директорының орынбасары Жаннат Асабаева, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжан Елешева, ардагерлер – Мелләт Сабырова мен Нұржиян Абдоловалар өз ойларымен бөлісті.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қорытындылап, комиссияның әрбір жұмыс тобының өз қызметтерін жандандыруларын тапсырды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз