ЖАНБАЙ ӨШКЕН ЖАЛЫН ЕДІМ

Марат Отаралиевтің өзінен бұрын өлеңдерін көрдім. Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы болатын. Тайға таңба басқандай, көз алдымда тұрып қалғаны - «Мәдениет және тұрмыс» журналының ішкі беттерінің бірінде Марат Отаралиев пен Төлеген Айбергеновтің кеңестік үлгідегі төлқұжатқа жапсыратындай шағын суреттері мен өлеңдері басылған екен. Әдебиет оқулықтарындағы өзіміз ортасында жүрген қарапайым өмірге жуыспайтын, әсіре әшекей өлеңдерді судырата жаттап алғанда да, азды-көпті талғамымыз тамсанбайтын бозбала шағымыздың өзінде ол екеуінің өлең өрнектері өзгеше екені білініп тұрды.

 

Маратқа серік болған, жастықтың сайрандарын бірге салған, оның достары Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев сынды өлеңдері жарқырауық жұлдыздардай өзінше жымыңдайтын ақындардың жырларын өз ауыздарынан тыңдаған, өз жүрегіме жаттаған жылдарым – жарықтық, ұлы ҚазМУ-де оқыған кезім. Мен осында оқуға түскен 1965 жылы «Марат шығарды» деген өлеңдерді, «Марат айтты» деген сөздерді университеттің сол кездегі тоғыз факультеті түгел қағып алып отыратын, Мәкеңнің мәшһүр кезі екен.

Марат қандай адам еді? Мен өзім сұлу өлеңдеріне қарап, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт болар деп елестетінмін. Өзін емес, тек өлеңін білетіндердің талайы солай ойлайтын. Сол Марат шағын бойлы, қағылез қимылды, киім-кешек сияқты сыртқы тыстамаға сұранысы аз қарапайым адам болып шықты. Ішінде  толғаныстар толқып, жыр түлеп жататын ақынның сырты жұпыны болып жүретіні әсіре сәнқойлардың аласалығын, Мараттың жалған жылтырақтан биіктігін байқататын. Марат өзінің емес, өлеңдерінің әсемдігімен әдемі көрінетін.

«Қай-қайдағы ыстық балдырған

Сағынышыңа от себер,

Шүрегей үйрек алдыңнан

Шүйкілдеп ұшып өтсе егер»,

– деп Төлеген ақын айтқанындай, Мараттың өлеңдерін оқыған соң әуелі әлдебір мұңды, сырлы сезімге әлпештеліп, содан соң «апыр-ай, осындай жырлар қалай туады, қандай қайнардан шығады» деген ойға қаласың. Мараттың жан жолдасы, өте білгір әдебиетші, талғампаз жыр талдаушы Әбдібай Қорғанбаев «ақындықтың ауруына шалдықпаған адам өмір бойы жыр жазбайды» деуші еді. Әуелінде ақындықтан дәмесі бар талайлар тай кезінде құлдыраңдап, кейін қойторы болып кеткен мысалдар көп. 

Марат та – Қадір, Жұмекен, Мұқағали сияқты тойғаны мен тойлағаны аз, тоңғаны мен танығаны көп жылдардың өртеңге шыққан өскіні, талантын тағдыры баптағандардың бірі.

«Сол күні бірақ білмедім түкті өз басым,

Кейінгі мезгіл түсінікті өмір озғасын,

Білмедім әкем елжіреп неге қарады,

Сезбедім анам төккенін неге көз жасын»,

– деп бастап,

«Көбейді тойлар тағы да бізді сыйлы етіп,

Тағы да шалқып ән менен әзіл, күй кетіп,

Оралып жатты аулақтан әке, ағалар

Көздерін таңып, аяғын әзер сүйретіп» – деп жалғап,

«Шекарадағы досым, көбейсін бейбіт күз-көктем,

Сонау бір жылдың сыйлығы болып, бізге өткен.

Ауылдағы аға-інілеріңді сағынсаң,

Сол ауыр кездер алдыңнан өтсін тізбекпен»,

– деп аяқтайтын жырын оқыңыз да, осыны ойлаңыз. Кейбір қалыптасқан ақындардың да ойдағы қисыны өлеңде қиыспай жатады. Ал, Мараттың жиырма жастағы солдат кезінде жазған:

«Көз алмай дұшпан шебінен,

Минуттар сайын ержетіп,

Тұрсың сен, Отан, менімен

Аяққа киіп керзі етік.

Билеп бір өрлік кеудені

Байқатпай күндер өтуде,

Жүрсің сен, Отан, мендегі

Анамның суретінде де»,

– деген шумақтар қара сөзбен айтып жеткізе алмайтынды өлеңмен өрнектей алған ақындығын, Ана мен Отанды қатар қойып құрметтеуі өзі ойлаған, өзгені ойлантқан азаматтығын танытады. Жансарайын осындай ойлар толқытқан адамды азамат десе керек еді ғой. Бізде маңызды лауазым немесе мол байлық иесін азамат тұтатын түсінік қалыптасып барады. Билік те, байлық та мәңгілік емес, жақсы жырда – мәңгілік пен мәнділік.

Өлеңнің өзін емес, сөзін оқитын әлдебір әңгүдіктердің өрескел түсінуімен, өздерінше қызықтауымен Маратты шараптан шабыт алған, шарапшыл тірлікті шалқыта жырлаған ақын деп қараушылық кейде белең білдіріп қалады. Шарап туралы Омар Хаям мен Сергей Есениннен көп жырлаған ақын бар ма екен? Бірақ олардың бұл тақырыптағы өлеңдерін поэзиялық тұрғыдан түсінгендер жырқылдап күлмейді, егіліп жылайды. Марат туралы осындай тұрпайы түсінік қалыптасуына оның өзі мен өлеңі кінәлі емес, ақын мен өлеңді бағалай білмеген заманы мен адамы кінәлі. Жасы ширек ғасыр кіші болғандықтан, осыдан ширек ғасыр бұрын өмірден өткен Маратты көрмеген, бірақ өлеңдерін іздеп жүріп оқыған марқұм Табылды Досым ақыры «Марат ақынның рухымен сырласу» деген өлеңін жазбаса болмайтын халге жетіп еді.

 «Мейрамханада орын аламыз қатардан,

Алдымызға келеді біздер татар дәм.

Мен және сенің елесің болып екеуміз

Ішеміз шарап ортада жалғыз бокалдан.

Балауыз шамды бұрышты жалғыз мекендеп,

«Қайда кеттің, келесің қашан, Мәкем», деп,

Ернеуінен сүйемін сосын бокалдың

Ерініңнің жылуы қалды ма екен деп»,

– деген оның өлеңін де шарап туралы дер-ау біреулер. Шынында, бұл шумақтар – іні ақынның аға ақынды сағынған жоқтау-элегиясы.

Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев сынды жыр жұлдыздары оны адамдығы мен ақындығы үшін ардақтап өткен. Атырауға іздеп келіп, сағыныса сырласқан.

«Мен жоқта алуан бақ құшып,

Өтіпті күндер мен ағып ай.

Туған үй, жаңа бір ақ күшік

Үреді иесін танымай.

Дүние-ай, жүйрік ең ой неткен,

Оянды өткен күн күмбірлеп.

Арулар мен жоқта бойжеткен

Қарайды, ойлайды-ау «бұл кім?» деп.

Бәрі де өзгерген, бұл ауыл,

Өмірге жаңалық көп енген,

Құп-құйттай інілер үйінде

Ұялшақ келіндер көбейген»,

– сынды алыста жүріп аңсау жыр арнаған елі оны елемеді, ескермеді. Өзі де «мен мұндамын» деп мойнын созбады.

«Ей, адамдар, айналайын жыр кені,

Менің осы кәусарымды қанып іш.

Әкем өлген кезінде де бұл мені

Өртемеген сағыныш»,

– деп Төлеген Айбергенов ақын айтқанындай, Марат артына кәусар жырларын қалдырып кетті. Енді ол өлген ақынға емес, тірі адамдарға керек. Себебі жақсы өлеңді тануда, жақсы жырдан ләззат алуда тау бұлақтың тұнығындай тәттілік, әсемдікке әуестендіретін тәрбие бар. М.Отаралиевтың 75 жасқа толатын мезгілі жақындап келеді. Егер әлдебір ауқатты адамдар, арлы азаматтар табылып, Марат Отаралиевтің жырлары мен ол туралы естеліктер кітабын шығаруға көмек қолын созса,  ел  үшін  атқарған елеулі іс аталар еді…

Әлібек Қайыров.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз