«Әйел әлемінің сыры»
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында көктем мерекесінің құрметіне қыз-келіншектерге арналған «Әйел әлемінің сыры» атты мерекелік-танымдық шара өтті.
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, қазақ қоғамындағы нәзік жандылардың орны мен рөліне маңыз беру арқылы ұлтты тәрбиелейтін тұлға қалыптастыру моделі түзілері анық. Өйткені әйелі бұзылған елдің ертеңі де, болашағы да жоқ екені мәлім.
Институттың Шет тілдері кафедрасы мұрындық болып, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Өтешева Баян Қапсалыққызының идеясымен жүзеге асқан бұл кешке білім шаңырағының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер белсене қатысты. Адам өмір сүретін жер бетіндегі өлшемдер (биологиялық, психологиялық, әлеуметтік-техникалық, табиғи-ғарыштық), әйел заты тәуелді құдіретті күштер, адамның ішкі әлемі мен биологиялық өріс ұғымы, әйелдің ішкі жандүниесінің даму көздері сынды концептуалды түсініктерге жан-жақты ой-толғам жасалды.
АИГИ-дің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, п.ғ.д. Хасанова Жәмилаш Садыққызы аз ғана сырласу уақытында көп дүниенің айтылғанына, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан ой саларлық нақты түйіндер, құнды ақпараттар талданғанына тоқталды.
Ал Информатика, автоматтандыру және басқару кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. Нұржанова Шәрбат Сағидуллақызы болса өз кезегінде шараға ұйытқы болған жандарға зор ризашылығын білдіріп, «Ескіден қалған есті сөздерді естіп қана қоймадық, оның мән-маңызын санамызда жаңғырттық. Мәселен, «Бетінің қытығы кеткен қыз қымсынуды білмейді» деген сөзді талдау арқылы этнопедагогика астарына үңілдік», деген ұстаздық пікірін айтты.
Сырласу кеші аға оқытушы Сұлтанова Ғайни Төкенқызы жетекшілік еткен «Ханшайым» тренингімен ұласты. Ол бойжеткен қыздардың өзіндік «мені», өзін жақсы көруі туралы «қызыл кілем» символы арқылы жете түсіндіре білді.
Жалпы алғанда бұл мерекелік шара әйел затының қоғамдағы рөлін назарға ала отырып, жастарға ой салу болғанын айт кеткен жөн. «Ұлтты қыз сақтайды» деген даналық бар. Атқа мініп жауға шапқан, елін-жерін қорғаған асыл азаматтардың үйдегі тылы бола білген қазақтың аяулы аналарының жолы мен өнегесі, өсиеті мен нақылы бүгінгі қазақ қыздарына үлгі бола бергей.
Алма Сайлауқызы