Жарнама
Қоғам

Ай жарықта адасу

Соңғы онжылдықта әлемнің түкпір-түкпірінде діннің қасиетті атын жамылып жасалған қантөгістер жиіледі. Бұл құбылыс ғылымда «діни терроризм» деп аталады. Оның түпкі мәні – шынайы сенімнен емес, дінді бұрмалап түсіндіретін радикалды идеологиядан туындайды. Экстремистік топтар қасиетті мәтіндерді өз мүддесіне бұрып, өмірден өз орнын таппай жүрген, жұмыссыз, әлеуметтік қиындыққа тап болған жастарды арбау арқылы қатарын толықтырады.

Діни терроризмнің ең қауіпті тұсы – террорлық әрекетті дін арқылы заңдастыруға ұмтылуында. Олар өз қылмысын «қасиетті соғыс» деп көрсеткісі келеді. Алайда әлемнің беделді дінбасылары мен теологтары бұл көзқарасты түбегейлі жоққа шығарып, барлық діннің түпкі қағидаты – бейбітшілік пен адам өмірінің құндылығын қорғау екенін айтуда.

Қазақ елі де қауіпті ағымдардың ықпалынан тыс қалмады. Ел аумағында радикалды діни идеологияның алдын алу мақсатында мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуде. Мәселен, Атырау облысында ақпараттық-түсіндіру топтары тұрғындармен кездесіп, діннің шынайы мәнін түсіндіреді, жастарды теріс ағымдардан сақтандырады. Интернет кеңістігінде күмәнді діни мазмұндар анықталып, заңсыз парақшалар бұғатталады.

Облыстағы діни ахуал

Биылғы алғашқы жартыжылдықта өңірде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаевтың айтуынша, экстремизмнің алдын алу мақсатында жұртшылыққа арнайы оқыту бағдарламалары түсіндірілуде. 

Интернеттегі қауіпсіздік те өзекті мәселе болып тұр. Атап айтқанда 294 751 парақша зерделеніп, 114-і сараптамаға жіберілген. Қауіпті топтардан 11 524 адам шығарылып, 16 241 діни бағыттағы парақша бұғатталыпты.

– Біздің басты мақсатымыз – өңірде діни тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және деструктивті идеологияның таралуына жол бермеу. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде қоғам құндылықтарына бейімделгендердің қатары артты. Біз бұл жұмысты одан әрі күшейтеміз, — деді Қаһарман Рахметұлы.

Мүфтият не дейді?

Соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, әлемде де бет тұмшалау мәселесі қызу талқылануда. Бірі оны – діни сенім мен мәдени дәстүрдің көрінісі десе, енді бірі – қоғамдық қауіпсіздікке және әлеуметтік байланысқа кедергі келтіретін әрекет деп санайды.

Тарихқа үңілсек, бетті жабу – көптеген шығыс халықтарында әдеп пен ұяттылықтың белгісі саналған. Ислам дінінде әйелдің киіміне қатысты шариғат талаптары бар. Алайда Құран мен хадисте бетті толық жабу міндеттелмеген. Бұл көбіне белгілі бір аймақтың мәдени дәстүрі саналады.

Қазіргі таңда бұл мәселеге қауіпсіздік тұрғысынан да маңыз берілген. Бет-әлпетті тану мүмкін болмауы құқық қорғау органдары үшін қиындық туғызады, сондай-ақ адамдардың тікелей қарым-қатынасына кедергі келтіреді. Осы себепті Қазақстанда заң жүзінде қоғамдық орындарда бетті толық жабуға тыйым салынған. Бұл – діни сенімді шектеу емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қадамы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері бұл шешімнің мәнін түсіндіре отырып, Құран аяттары мен хадистерде әйелдің бет-жүзін жабуға міндет жоқ екенін айтады. Мүфтият мәлімдемесінде: «Ислам діні қоғаммен жарасымды өмір сүруді, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік» делінген.

Түйін

Дін – адамдарды бірлікке, бейбітшілікке шақыратын ұлы құндылық. Оны қасақана бұрмалап, қантөгістің құралына айналдыру – ең ауыр қылмыс. ай жарықта адасу.  Діни терроризмге қарсы тұру – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір адамның парызы.

Бүгінгі таңда мемлекет, дін қызметкерлері, білім беру мекемелері және бүкіл қоғам күш біріктіріп, радикалды идеологияға тосқауыл қоюда. Діни сауаттылықты арттыру, төзімділік пен өзара сыйластықты дәріптеу – қауіпсіз, тұрақты және берекелі қоғам құрудың басты кепілі.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button