АГРОСЕКТОРДАҒЫ АРШЫНДЫ ҚАДАМ
«Сыбаға», «Алтын асық» жобаларын былай қойғанда, бір ғана «Құлан» бағдарламасы бойынша, өткен жылы Қызылқоға ауданы 70 миллион теңгені табысты игерді. Мал басын көбейту, ірі-қараны асылдандыру мәселелері бойынша да нақты жұмыстар бар.
Бұл салада шаруагерлерді қуантып отырған тағы бір жаңалық бар. Ол – жүн-тері өңдейтін фабриканың салына бастауы. Әйтпесе, далада текке шашылған малдың терісі мен жүнін өңдеп, кәдеге жарату ауыл халқын толғандырып жүрген мәселелердің бірі еді. 25 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке шаруагерлердің алғысы ерекше.
Десек те, мал азығын дайындау мәселесінде күрмеулі жайттар баршылық. Мәселен, өткен жылы жауын болмады. Сол себепті, шөптің шығымдылығы аз болды да, мал азығы алыстан тасымалданды. Бірақ, тиісті құжаттардың кеш рәсімделуіне байланысты, шаруалардың мал азығына кеткен шығыны облыстық бюджет тарапынан өтелмей қалды. Оның алдыңғы жылдары облыс әкімінің бастамасымен шаруалардың мал азығын дайындауға кеткен шығынының елу пайызы төленіп отыратын. Осы жағдай биыл да ескеріліп, шаруагерлерге көмек қылу мәселесі кейінге қалдырылмаса екен дейміз.
Оңғар ЖАНЫҚҰЛОВ,
Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты.