ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНДЕГІ СОНЫ ЛЕП

Қабиболла Сыдиықов! Осы есімді айтқанда маған көптеген ойлар оралып, неше түрлі суреттер көз алдыма келеді. Жарты ғасырды артқа тастап, қиялыммен алпысыншы жылдарға жетемін.

…1960 жыл. Қыркүйек айының басы. Гурьев педагогика институтының Московский көшесіндегі аудиториялар. Біз V курс студенттеріміз. І курстан бері бізге лекция оқып жүрген корифейлеріміз Ермек Өтебаев, Хасан Кәрімов, Мархабат Томанов, Құлмат Өмірәлиев, Мағжан Мышанов, Мұқаш Жақыпбеков, Құсекен Шәукенов, тағы басқаларды,  сөз арасында айта кетейін, бұлардың көпшілігі қазір дүниеде жоқ, бірақ институт қабырғасында біраз жыл істегеннен кейін Алматыға кетіп ғылымның туын тікті. Сол жылдың қыркүйек айында осы корифейлердің қатарында бір әдемі мұғалім пайда болды. Алғашқы сәтте-ақ оның аты-жөнін біліп алдық, ҚазГУ бітіріпті, мамандығы – қазақ тілі мен әдебиет бөлімі. Өзі – ақын-жазушы, жас ғалым деген мағлұматтар алынды.

Қою мөлдір қара шашты, қыр мұрынды, көруге көз керек әдемі. Жүзінде жылылық төгіліп тұр. Адамдармен тіл қатысқанда жымия күліп, өзіне тарта түседі. Бірден байқағанымыз – оның студент жастарға жақындығы, солармен қоян-қолтық жұмыс істеуге бірден жұмыла кетуі болды. Жастар арасындағы жұмыстың негізін қалаған, яғни әдебиет үйірмесін ашқан Ермек Өтебаев ағамыз еді. Қабиболла ағамыз әрқашан сол кісінің жанынан табылатын. Сөйтсек, екеуінің мақсаты әдебиет үйірмесін басқаруды күрделендіре түсіру екен. Ерекең үйірмесін бастағанда біздерді үйіріп еді. Онда Фариза, Әубәкір Хайдаров, Нұралы Әжіғалиев, Данияр Жәрдемов, Дүйсенбай Хасанов және тағы басқалар болатын. Ал, кейінгі курстарда Көпжасар Оспағанбетов, Шора Тәжімғалиев, Төлеген Жаңабаев, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Зұлқарнай Дабылов, Марат Отаралиев, Күзембай Әміров, Абат Кенжеғалиев, Шабаз Иманалиев, Сайком Еділханов, Қазданбай Қосжанов, Аманқос Ершуов және тағы басқалар жалғастырды. Соңғы курста біздер мемлекеттік емтиханға дайындықпен, диплом жұмыстарымен айналысып кеткенде, Қабиболланың шәкірттері осы аталғандар болды.

Қабиболла тумысында әдебиет деп дүниеге келген адам. Адам тегіне тартады десек, сол тек әкесі Сыдиықтан, анасы Ағиядан басталған-ау деймін. Бұл екі адам да ауыздарын ашса «Алла» деп, жырласа «Адам» деп жырлаған. Бұлар – адам бойындағы ақтықты, пәктікті ту қылып өткен адамдар. Ал, Қабиболла – тумысында солар ту еткен ақтық пен пәктіктің уызына жарыған адам. Сонымен қатар, ол адамдардың ұлағаттарына қанығумен бірге, ел әңгімесінің, аңыздардың, жырлардың шалғыны мен жусанына бөленген. Ал, даланың өзіне келсек, ол өскен Қарақұм өңірі жыраулардың жырына бөккен, әншілердің әнімен сусындаған, күйшілердің күйімен тербелген өлке еді. Болашақ ақын әрі ғалым осы өлкеде өскендіктен, қалайша ақын болмасын, қалайша ғалым болмасын?!

Қабиболланың ғұмырнамасына жүгінсек, ол өзі табиғатында көркемсөздің кәусарына қанып өскендіктен, сол бағыттағы ізденіс жолында көкірегіндегі арман тұлпарының басын босатып қоя берген. Мектепті тәмамдағаннан кейін, сол қабырғада жүріп қалам ұштауды бастаған ол қағазды асыл ойдың алаңы еткен де, сол бағытта білім алуға тырысқан. Гурьевте ашылған мұғалімдер мамандығын таңдауы да өзінің табиғатына сәйкес болып шыққанын қайтерсіз!

Ауылындағы мектепте ұстаздық жұмыс атқарып, оның да тәтті дәмін татты. Университетке түсіп, ұлы Мұхтар Әуезовтің, оның ізбасары, шәкірті Зейнолла Қабдоловтың дәрістерін тыңдау бақытына ие болды. 1949 жылдан бастап, 1960 жылы университетті үздік тәмамдағанша өлең мен мақала, очерктермен қаламы жорғадай төселген таланттың ғылымға сүңгуін табиғаты заңды түрде талап етті. Университет қабырғасында жүріп, Әуезов және басқа ғұламалардың ғылыми еңбектеріне тәнті болған, олардың дәрістерін тыңдаған Қабиболла Алматы мен өз туған топырағы батыс өлкесінің  жырларын байланыстырғысы келді. Ғұламалар орталығының ой орамдарында батыстық үлестің аз екенін байқап, ол жақтың інжу-маржанын жеткізуге білек сыбана кірісті.

Университетте жүргенде-ақ, ұлы Әуезовтің басшылығымен, «Абайдың поэзия, ақындық туралы ойлары» атты үздік ғылыми баяндамасымен таңдандырып, Гурьев педагогика институтында болашақ кандидаттық диссертациясының тақырыбын нықтады. Ол – «Қазақ жырларындағы халықтық дәстүр хақында» деп аталды. Ал, жетекшісі – кемеңгер Әуезовтің кемеңгер шәкірті Зейнолла Қабдолов болды. Қос кемеңгерден әрі дәріс алған, әрі ғылыми басшылық алған Қабиболла да кемеңгерлік еңбек етті.

60-жылдары поэзиялық не прозалық шығармалардың кітап болып шығуы қатал сараланған заманда Қабекеңнің өлеңдері «Жас дәурен» атты жинақта жарқ етіп шығып, ол 1962 жылы Гурьев институтында жұмыс істеп жүрген кезінде жарық көріп, оны студенттерінің алдында бір биік дәрежеге шығару, беделін көтеру процесі заңды түрде жүріп жатты.

Ал енді, Қабекең ғалым ғой, ол ақындығы қандай дәрежеде десек. Иә, ол ғалым, бірақ ғалымдық пен ақындық қатар жүрді, қыранның қос қанатындай сермелді. Қабекең өмір бақи өлең жазды. Оған дәлел – «Теңіз лебі», «Үш қиян» атты жинақтар.

Қабекең – өлең жазуды Жұмекен, Әбіштерден бұрын бастаған лирик. Жүректің нәзік қылын қозғап, елжіретер, барлық жақсылық үйретер әдемі лирикалық шығармалар қазақ поэзиясының бір отауы деп білу керек. Оның өлеңдермен бірге «Кек», «Жан дауысы» деген дастандары да бар.

Жалпы, Қабекеңнің шығармашылық құлшынысы үш бағытта өрбіді: поэтикалық шығарма жазуға, ақындық құлшыныс; ғылыми ізденіс, ғылыми қомақты еңбектер тудыруға құлшыныс; халық жадындағы жыр-дастандарды жинауға, ән-күй шығармашылығын халық игілігі етуге құлшыныс.

Меніңше, Қабиболланың  ғылымға келмеске мүмкіндігі болмады. Себебі, Қазақстанның батыс өлкесіндегі әдебиет аренасына шыға алмаған жырауларды дүниеге көрсетіп, олардың шығармашылығын ғылыми айналымға түсіру, олар туралы ғылыми тұжырымдар жасау сол кезеңнің де, Қабекең көкірегінің де талабы болды.

Ол диссертация қорғап, Атырау мен Маңғыстаудан Зейнолла Қабдоловтан кейін шыққан екінші әдебиетші ғалым болды. Әлі жас Қабиболланың диссертация қорғаудан алған инерциясын тоқтату мүмкін емес еді. Қаламы жүйрік ғалымның қолынан талай ғылыми еңбектер бірінен соң бірі тізбектеліп туып жатты. Осы үрдіс кезінде Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа келу оның жан дүниесінің тілегі болатын. Себебі – батыс облыстардан қағазға түскен қолжазбалар академия қорында қозғаусыз жатса, әдебиет тарихы курстарында батыс жыраулары туралы мағлұматтар жоқтың қасы болатын. Оларды терең қазбадан шығаруға нардың күші керек болады десек, ондай күшке Қабиболла ие еді.

Шалгез, Абыл, Мұрын, Мұрат, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Ерімбет, Шынияз, Насихат, Досы, Бала Ораз, Ғұмар Қараш, Сәттіғұл, Түмен, Қалнияз, Досжан, Қашқынбай, Қайып, Өскенбай және басқаларды жарық дүниеге шығарып және олар туралы жазып тауыса алмады. Қабекеңнің зерттеулерінен кейін ғана «Жыраулар поэзиясы» шынайы қалыпқа келді, батыс жырауларымен толықты, олардың шығармашылығы хақында тараулар енді.

Қабекең кітаптан соң кітап тудырып, әдебиетті байытты. «Маңғыстау», «Ақын-жыраулар», «Октябрь арайында», «Дала жыршылары», «Көркемдік өрнектер», «Сарқылмас қазына», «Халқымен қайта табысқандар»…

Ал, енді ол құрастырған, көз майын тауысып редакциялаған, текстологиялық жұмыстар жүргізіп қалыпқа келтірген жинақтар қаншама?!

Қабекең Гурьев педагогика  институтынан кеткенде, оның орны ойсырап қалды, әрине. Қабекеңнің өйтпеске шарасы болмады. Ғылым академиясына Қабиболла келмегенде, ұшы-қиырсыз мұндай істі басқа ешкім атқармас еді. Атқарылса да ондаған жылдардан кейін қозғалар еді, мүмкін тіпті жабулы қазан жабылуымен қалар еді.

Қабекеңнің барлық еңбектерінің ұзын саны 500-ден асады. Ол осы еңбектерімен әдебиетке жаңалықтар әкелді. Батыс өлке жырауларын бүкіл елге бар нәрімен, бар сазымен таныту – Қабиболланың әдеби бақыты, творчестволық төңкерісі. Бұл қазақ әдебиеті тарихының жаңа беті. Қабиболланың үшінші құлшынысының бағыты – халық әдебиетін, аңыз-әңгімелерін, жырларын, ән-күйлерін жинауға деген құлшыныс. Ол 1959 жылдан 1990 жылға дейін ел аузындағы інжу-маржандарды жинаудан жалықпастан, тура 30 жыл еңбек етті.

Ол қаламы мен қағазын, магнитофонын үнемі арқалап, ел адамдарының аузынан шыққан асылдардың бәрін терумен жүрді. Әр жырды, аңыз-әңгімені, ән-күйді тапқан сайын қуаныштан жүрегі жарылған. Онымен қоймай, ол Ғылым академиясының бағдарламалы экспедицияларын басқарып, Өзбекстан мен Тәжікстан, Маңғыстау, Түрікменстан мен Өзбекстан жерлерін шарлап, құдды, Шоқан Уәлихановтың саяхаттарындай ел-жер кезген.

Ол жыраулар дәстүрінің батыстағы жеті мектебінің бар екенін ашып, дәстүрлердің басында кім тұрғанына дейін, жырлаушылар кім, жалғастырушылар кім екенін талдады.

Бұл ретте «осыншама қыруар еңбек еткен Қабиболла неге докторлық диссертация қорғамады?» деген сұрақтың тууы заңды. Қабекең кандидаттық дәрежесін докторлықтан кем көрмей, соны қанағат етті. Және докторлық қорғауға уақыты да болмағаны белгілі. Тұтастай алғанда, оның бір ғана «Ақын-жыраулар» атты  еңбегі үшін және барлық еңбектерін қосып есептегенде бір емес, екі-үш докторлық атақ беруге лайықты.

Бәлкім, оған докторлық  атақтың қажеті де болмаған шығар, ол табиғатынан ғұлама, кемеңгер болып жаралған. Қабекең – әдеби рухқа, әдеби символға айналған адам. Халық ұғымындағы символ мәңгі өшпейді.

                Қадыр Жүсіп,

филология

ғылымдарының докторы,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің профессоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз