Жарнама
Қоғам

АДАМДЫҚТАН АЛАСАРМАҒАН ЕДІ…

 

Тәңірім айтыпты дейді: «Ей, пендем! Сен өмірден жақсылық іздейсің, сәттілік күтесің, ал мен бұларды қолыңа ұстата салмаймын, бірақ, өмір жолыңда саған жақсы адамдарды табыстырамын. Егер сен сол адамдардың үлгі-өнегесін, тағылымын ала білсең, жақсы істерін, өнерін бойыңа дарытуға талпынсаң – онда сәттілік те, жақсылық та сені өздері іздеп табады».

Маған ең алғашқы кездескен жақсы адам – Ғибатолла Мәсәлімов болатын. 1948 жыл еді, үшінші сыныпта оқып жүрмін. Ол кезде домбырада екі-үш күйдің басын қайтарып тарта алатын едім. Бір күні үйге Мақсот Батырбаев деген елдің азаматы келді. Жанында  ерекше пішінді, ұзын бойлы, арықтау келген, үлкен көзді қараторы жігіт бар. Шай ішіп жайланған соң, Мақсот жанындағы жолдасына менің аздап домбыра тартатынымды айтып қойды. Содан кейін әлгі жігіт домбыра тартуымды өтінді. «Егер сен бір күй тартсаң, есесіне мен үш күй тартып берейін»  дегенге дейін барды. Ал мен, бұрын көрмесем де, оның асқан шебер домбырашы екенін сезгендей, сол кісінің мысы басып, қолыма домбыра ұстай алмадым. Маған күй тарттыра алмаған соң, қонақ домбыраны өзі алып, күйлерді бірінен соң бірін төгіп-төгіп жіберді. Мен сол тұста қозғалуға да шамам келмей, күйдің құдыретімен басқа дүниеге еніп кеткендей күй кешіп, «домбыраны осыншама шебер орындайтын адамдар бар екен-ау» деген таңданысымды жасыра алмай отыра беріппін.

Кейіннен ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіріп, сегізінші сыныпты аудан орталығындағы Аманкелді атындағы мектепте жалғастырдым. Ғибатолла аға осы мектепке директор болып тағайындалды. Ғибекең өнерлі жастардың басын қосып оркестр құрды, мен де сол оркестрдің белді домбырашыларының бірі болып қатыстым.

Ғибатолла ағаның бойынан өнердің басқа да көптеген түрлері табылатын. Ол асқан шебер суретші де болатын. Мектепішілік «Оқу майданы» деп аталатын қабырға газетін шығару менен бір сынып жоғары оқитын Шаймардан Сариев (кейін атақты суретші болды) екеуімізге міндеттелген еді. Ол суреттерін, безендірулерін жасайды, ал мен әдемі етіп жазып шығамын. Әр санын шығарарда Ғибекең өзі тиісті нұсқаулар беріп, тіпті газеттің эскизін де түсіндіріп беретін.

Дараланған өнер тарланы Ғибатолла Мәсәлімовтің шәкірті болғанымды мақтан етемін. Еңбегім де жеміссіз болған жоқ, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым. «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» атты құрметті атақ алдым. Биыл ұстазымыздың 90 жасқа толғанын және мектеп бітіргенімізге 60 жыл толу даталарын аудан көлемінде үлкен мәдени шара ретінде өткізгелі отырмыз. Ұйымдастыру тобында бүгінде ішкі істер ардагері, милиция полковнигі Сайполла Қабдиев, Индер ауданының Құрметті азаматы Райхан Құспанов, Алматы қаласында тұратын Ғибекеңнің сүйікті шәкірті, суретші Задош Құсайынов, Исатай ауданының азаматтары Сақтай Бекқалиев, Ізбасқан Хисин, Өтепқали Зұлхашев атты азаматтар бар.

Мұның барлығы пенделіктен қашанда биік тұрған ұстаз бейнесінің мәңгіге өшпейтінін көрсетеді.

Алдамберген ХАМЗАҰЛЫ,

ардагер ұстаз,

 «Құрмет белгісі» орденінің иегері,

 Білім беру ісінің үздігі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button