Адал еңбекпен өрілген өнер
Атыраулық Әйгерім Өткелбаева – бүгінде сән индустриясының жарқын жұлдызы әрі еңбек адамының нағыз үлгісі. Ол өз өмірін тынымсыз ізденіспен, еңбектің адалдығымен, шығармашылық шабытпен өрнектеп, өзгелерге шабыт сыйлайтын жанға айналды.
Жуырда Мәскеуде өткен халықаралық шаштараз өнері, сән және макияж чемпионатында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінген Әйгерім мен оның серіктесі Сая Мағзомова Қазақстанның беделін әлемдік аренада тағы да асқақтатты.
Жүздеген кәсіби маман қатысқан бұл жарыс әйгілі шаштараз Георгий Коттың бастамасымен құрылған Халықаралық сұлулық академиясының ұйымдастыруымен өтті. Стилистің осынау жеңісі және келесі жылы Грекияда өтетін халықаралық чемпионатқа жолдама алуы – оның қажырлы еңбегінің, талмай ізденуінің, үздіксіз өзін-өзі жетілдіруінің жемісі.
Әйгерімнің еңбек жолы – табандылық пен шығармашылықтың сабақтастығы. Алғашында журналистика саласында білім алған ол кейін бьюти-индустрияға бет бұрып, бұл бағытта өз қабілетін шыңдауға ден қойды. Оған себеп – тек материалдық жетістік емес, шынайы өнерге, еңбекке деген құштарлық еді. Әйгерімнің алғашқы қадамдары кедергілерге толы болғанымен, ол ешқашан қиындыққа берілмей, арманына жету үшін аянбай адал еңбек етті. Оның шаш стилі әлеміндегі жолы – адамды мақсатына жетелейтін қажырлы еңбектің шынайы мысалы.
Он жылдан астам уақыт бойы Әйгерім Нұрланқызы өз клиенттеріне ерекше шаш үлгілерін ұсынып, шеберлігімен танымал бола бастады. Оның әрбір туындысы – шығармашылық пен шеберліктің үйлесімі. Әйгерімнің басты ерекшелігі – тек кәсіби шеберлігі ғана емес, оның жұмысына деген ерекше сүйіспеншілігі мен махаббатының зор екенін атап айту керек.
Жуырда ол сұлулық индустриясына жаңа тыныс беріп, шаштараздарға арналған эксклюзивті жұмыс формаларын дайындауға кірісті. Бұл оның өнерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Әйгерімнің формалары сапасы, стильділігі, әр бөлшегінің нақтылығы жағынан ерекшеленеді. Оның қолынан шыққан әр өнімде әзіне тән нәзіктік пен талғампаздық байқалады, бұл шебердің тек шаштараз ғана емес, нағыз суреткер екенін көрсетеді.
Ал Әйгерімнің Мәскеудегі бәйгедегі жеңісі – оның еңбекқорлығының тағы бір дәлелі. Бұған дейін Түркияда өткен жарыста да топ жарып, қомақты сыйақыға ие болған ол әлемдік деңгейдегі жарыстарда екі жыл қатарынан үздік атанып отыр. Әйгерім бұл жетістігін жаңа тәжірибелер жинап, болашақтағы шығармашылық жобаларына тың серпін берген маңызды кезең деп бағалайды.
–Мәскеудегі чемпионаттың чемпионы болу – мен үшін үлкен жетістік. Мұндай жарыстар маған көп тәжірибе жинап, жаңа қырларымды ашуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өзім қызыға қызмет ететін ісіме жаңаша леп қосатын боламын. Сондай-ақ жуырда Атырау қаласында шаш стилистері арасында аймақтық шеберлік сағаты мен республикалық чемпионат өткізуді жоспарлаудамыз. Мұнда біз өзінің ерекше шеберлігімен танылған сала қызметкерлерін қолдау арқылы білікті кәсіби мамандардың тобын жасақтап, халықаралық додаларда Қазақстанның атын асқақтата беруді негізгі мақсат етіп, алға қойып отырмыз, – дейді ол.
Айта кету керек, Әйгерімнің еңбекқорлығы мен жанашырлығы оның бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткізген шеберлік сабақтарынан, қоғамға деген қамқорлығынан да байқалады. Ол көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы қыз-келіншектерге көмек қолын созып, олардың шаштарын тегін қиып, сәндеп, шынайы қолдау көрсетуде. Бұл оның мейірімді жүрегі мен адамгершілігінің де айқын көрінісі іспетті.
Еңбекқорлық – Әйгерімнің басты қағидасы. Үздіксіз ізденісі, жаңа идеяларға құштарлығы, тәжірибе жинауға деген ынтасы оны нағыз еңбек адамының үлгісіне айналдырды. Ал бүгінгі жетістігі – әрбір адамға еңбектің, талмай ізденудің, өз ісін қашан да адал ниетпен атқарудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Кейіпкеріміздің осыншама жұмысы кез келген адамның мақсатқа жету жолында қажымай еңбек етудің орны қашан да бәрінен биік тұратынын ұғындырады. Ендеше талант пен еңбектің, жаңашылдық пен дәстүрдің, шынайы өнер мен адамгершіліктің үйлесімділігін көрсете білген бүгінгі нарық заманының осындай нағыз еңбек адамдарының қатары арта бергей!
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА