ІЗГІ НИЕТ, ИГІ БАСТАМА

Қоғам

Бұл күні аталған компанияның қайырымдылық ісімен айналысатын ұжымы облыстық туберкулезге қарсы балалар шипажайына келді. Мұнда оларды төрт пен он бес жас аралығындағы балалар көтеріңкі көңіл күймен, ән-жырмен қарсы алды. Шипажайдың дімкәс балаларды қабылдап, жұмыс жасап жатқандарына елу жыл болды. НКОК компаниясы балалар үшін әп-әдемі ойын алаңдарын тарту етті. Енді олар аула ішінде әткеншек теуіп, сырғанап, тіпті үстел теннисін де ойнай алатын болады. Сол үшін шипажайдың бас дәрігері Алма Шобалаева компания әкімшілігіне емделуші балалар мен ұжым атынан ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.

Қазақ зағиптар ұйымының Атырау оқу-өндірістік мекемесі де біраздан бері өздеріне қажетті бұйымға қолдары жетпей жүрген болатын. Өздерінің мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан олар тігін ісімен айналысып, халық тұтынатын тауар өндірумен айналысатын. Осы мақсат үшін аталған консорциум басшылығы тиісті  қаражат бөліп, оқу-өндірістік мекеме жұмысшыларына теңдесі жоқ, компьютерленген тігін жабдығын сатып алып берді. Бұл туралы мекеме директоры Рустам Таипов: «НКОК бұдан бұрын біздің мекеменің өрт қауіпсіздігі мен сигнализациясын ретке келтіріп берген еді. Енді ұзақ жылдардан арман болып жүрген заманауи тігін жабдығын тарту етуде. Көрпе тігу үшін қолданылатын бұл жабдықпен 340 түрлі сурет салуға болады. Мақтанарлығы сол, мұндай жабдық еліміздің өзге өңірлерінде жоқ, тек бізде ғана бар. Сол үшін де компания басшылығына шексіз алғыс айтып, бар жақсылықты тілейміз!» – деді.

Ізгілікке толы іс тындырып жатқан НКОК-тың қайырымдылығын көрген ұжымның бірі – Атырау облыстық ақыл-ойы кемшін балалар интернаты. Мұнда аталған компания «Монтессори бөлмесін» жабдықтап берді. Онда ақыл-ойды дамытатын ойындар, көрнекіліктер, арнайы бұрыштар баршылық. Айталық, «Ертегілер аллеясы», «Математика зонасы», «Модульдер», үй шаруасына арналған жабдықтар – кір жуу, жаю, үтіктеу, т.с.с. Ақыл-ойында азды-көпті ауытқушылығы бар балалар осы кабинетке кірген кезден өздерін еркін сезініп, түрлі түсті ойыншықтармен ойнау арқылы сана мен сезімге түйсік жинайды екен. Осы интернаттың директоры Гүлнара Зинеденова жаңаша жабдықталған кабинеттің бала дамуына ықпалы ерекше дегенді баса айтты. Сөйтіп, оның бүкіл шығынын көтеріп алып отырған НКОК-қа ыстық ілтипатын білдірді.

Мұнан әрі басқосу мен пікірлесу «Ренессанс» қонақүй кешенінің үлкен мәжіліс залында «дөңгелек үстел» басында өтті. Басқосуды компания менеджері Ерлік Қаражан ашып жүргізді. Алғаш сөз алған НКОК-тың Сыртқы байланыс директоры Пьер Дельпон ұсынылған жобалардың жергілікті жердің, онда өмір сүріп жатқан халықтың игілігі мен болашағына, солардың тұрақты дамуына жұмсалатынына тоқталды. Бұдан кейін сөйлеген компания қызметкері Еркін Әжіғалиев: «Тек осы жылдың өзінде Атырау облысында құны 822 700 доллардың 39 жобасы ойдағыдай  іске асты, оның жетеуі – Мақат ауданында, қалған 32-сі Атырау қаласында»,-деді. Өкіл жиналғандарға алдағы уақытта компания білім беру, медицина, мәдениет, спорт салаларының дамуына өзіндік үлесін қоса береді деген ойын да жеткізді.

Жалпы консорциумның демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы экономикалық тұрақтылық пен молшылықты арттыруды қамтамасыз етіп, денсаулық, оқу, мәдениет, мәдени мұра, спортты дамытып, күнкөрісі нашар, дәулетсіздерге түрліше көмек көрсетуге бағытталған. Бастысы – барлық жоба консорциумның тұрақты даму бойынша стратегиялық мақсаттарына сай келеді. Жылдық бюджеті 225 млн. теңге құрайтын қайырымдылық пен демеушілік жобалары экономикалық тұрақтылық пен молшылықты арттыруды қамтамасыз етіп, сан саланы қолдауды көздейді. Бір ғана мысал: НКОК Маңғыстау мен Атырау облыстарында тұратын  тұрмысы нашар отбасыларының 200 баласын жазғы демалыс лагеріне жіберді.

«Дөңгелек үстел» басындағы шараға НКОК-тың көмегін көрген мекеме мен ұжым, мектеп пен оқу орны, түрлі ұйымдар мен кеңестер өкілдері келді. Атап айтар болсақ, олар – «УАЗ» көлігіне қолы жеткен Мақат аудандық ауруханасы, Доссор кентінің ойын алаңдары, Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі, Ж.Досмұхамбетов атындағы мектеп-лицей, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп, облыстық ардагерлер кеңесі мен Балықшы кенттік ардагерлер кеңесі, «Ана шуағы» мүгедек әйелдер қоғамы, Балықшы кенттік мүгедектер қоғамы, Атырау облыстық балалар ауруханасы және басқалары. Өз кезектерінде компания қайырымдылығын көргендер атынан «Фронтовичка» хорының басшысы Анна Захарова, соғыс және еңбек ардагері Әлібек Түсібәлиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекешов, мүгедек аналар атынан Бақтылы Ахметова және басқалары сөз алып, компания басшылығына көптен-көп алғыс айтты.

Жылыжүзді кездесуді қорытындылаған Пьер Дельпон мырза жиналғандарды мұндай ізгілік пен қайырымдылық ісінің алдағы уақытта да жүзеге аса беретініне сендірді. 

Лиза СЕЙТІМОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған