Абат ҚЫДЫРШАЕВ: «СӨЗ – ҚОРШАҒАН ӘЛЕМГЕ ҚАРАТЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ…»
— Абат Сатыбайұлы, ең алдымен шешендік өнердің тарихына көз жүгіртсек?
— Өнердің ең құрметтісі де, ең қасиеттісі де – сөз өнері. «Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақта шешендер деп атаған сөз өнерінің шеберлері халық арасында үлкен абырой мен беделге ие. Жұртшылық өз ойын әдемі жеткізу үшін олардан қалған шешендік сөздерді көптеп пайдаланады. Қарапайым адамдар билер мен шешендерден кейбір даулы мәселелер туындаған кезде әділет пен ақиқат іздеген. Олар да өз кезегінде данагөй сөздерімен, әділеттің ақ туын көтерген, қара қылды қақ жарған шешімдерімен ел есінде мәңгіге сақталған. Сонау Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді дала Демосфендері атанған билердің мұрасын ұрпаққа жеткізіп, есімдерін ғасырлар қойнауынан бері қарай алып өту – біздің қасиетті парызымыз.
— Сіз риториканы ғылыми еңбегіңіздің тақырыбы етіп алдыңыз. Бүгінгі таңда шешендік өнердің туын жоғары көтеру үшін еңбектенудесіз. Ал, замана ағымына келсек, қазіргі жастар көркем тілмен көрікті ойды жеткізуден гөрі, жаргондарды қолдануды, қарадүрсін сөйлесуді дұрыс көретін сияқты. Осы жайында қалай ойлайсыз?
— Бұл пікірмен келісу қиындау. Қайта, қоғамда шешендік дәстүрдің қайта өрлеуі байқалатын сияқты. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізде демократиялық ұстанымдар қалыптасқаны рас. Демократиялық қоғамның бір көрінісі – бәсекеге қабілетті-лік. Ал, ол болса замана ағымымен үндесуге, өзіміздің қабілетімізді дәлелдеп және мойындатуға мұрындық болатын бірден-бір жәйт. Бұдан басқа да шешендік өнердің заман ағымынан қалмағанын, қайта өрісінің кеңейгенін көрсететін мысалдар көп.
— Сіз шешендік өнердің құпиясын студенттерге ашып келесіз. Осы орайда педагогикалық шешендіктің кәсіби маман қалыптасуының кепілі екендігі жайында кеңінен түсіндірсеңіз?
— Қазіргі уақыттағы үздіксіз білім алудың қажеттігін ескерсек, ал білім берудің, маман мұғалім кадрлардың біліктілігін арттырудың жолдарын айқындаған дұрыс. Біздіңше, бұл мәселенің шешімін таптырар бір қыры – қазіргі мектеп мұғалімінің педагогикалық шешендіктану ілімінен терең білімінің болуы.
«Педагогикалық шешендіктану» бағдарламасының бағыттары болашақ мұғалімді сан қилы коммуникативтік сөйлеу жағдайында түрлі тілдік құралдарды еркін қолдана білуге үйретеді. Ең алдымен, кәсіби іс-әрекетке байланысты педагогикалық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, мүлтіксіз таза, дұрыс терминологиялық тілде дәл де мәнерлі сөйлеу білік-дағдыларының қалыптасуына баулу керек.
— Риторика дегеніміз не? Оған сіз қандай анықтама берер едіңіз?
— Зерттеушілерге сүйенсек, антикалық дәуірде-ақ риториканың өзі бірегей философия ретінде қарастырылған, ал орта ғасырлық дәуірде бұл зат атаулының мәні ғана емес, сөз мәнін ұғушы адамның қоршаған әлемді бейнелеуі болып табылады. Бұл орайда «сөздің мағыналық тұңғиығына терең бойлай білгейсіз, сонда сіз мына жарық дүниені адасудан жартылай құтқарасыз» деген Декарт сөзі де ойлантады емес пе?! Сөз – қоршаған әлемге қаратылған терезе, қоршаған ортаға бізді танытушы. Бірақ, бұл терезенің бізге жақын, әрі таныс не бейтаныс та сырт кеңістікті бөле-жара танытуға жасар қызметін ескермей жатамыз. Бізге мәлімі – жекелеген сөз атаулының адам көңіл-күйіне, қалпына белгілі бір деңгейде әсер ететіндігі. Сөзді орнымен қолдана білу – адам мәдениетінің, оның білімдарлығының көрінісі. Зиялы жан үшін А.П.Чехов айтқандай «дұрыс сөйлей алмау оқи және жаза білмеумен бірдей мін болып саналады». Бағзы замандардан бері адамзат баласы шешендік сөздің құпиясын таба алмай келеді. Бұл өзі жаратқаннан берілген туа біткен қасиет пе, әлде ұзақ тер төгудің нәтижесі ме?! Бұл сұрақтарға РИТОРИКА жауап бермек.
Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан басқалардың да пікірімен санасуға міндеттіміз. Өзгелерге мойындату – өз идеяларыңды дәлелді түрде келтіре отырып, кеңесуге қатысқандар пікірімен келісіп және оларды өзіңе одақтас ету. Дәлелдеп, көз жеткізу, қажет жерінде талқылауға да үйрену, өз көзқарасыңда қаймықпай тұра білу керек. Жоғары тіл мәдениеті жоғары ойлау мәдениетін көрсетеді. Пісіп жетілмеген ойды сөзбен анық, нақты түрде жеткізе алмайтыны да шындық. Сөйлеу мәдениеті – адамның рухани дамуының жоғары сатысы. Өз ойын анық та көркем жеткізе білу – өнер. Біздің сөзіміз жан дүниеміздің байлығын, рухани өсуімізді паш етеді. Біз не туралы айтсақ та ол біздің адами қасиетіміздің айғағы болатыны сөзсіз. Сөзімізден біздің кім екеніміз айқын көрініс табады. Мәселенің бәрі осында!
— Қазіргі таңда монологтарға көп орын қалмай отыр, оның есесіне виртуалды қарым-қатынас өріс алуда. Сонымен қатар, өкінішке орай, тілдік қор тазалығына көңіл бөлінбейді. Дөрекі сөйлеу үлкен көкейтесті мәселеге айналған. Тыңдар құлаққа ұят сөздер көркем әдебиетті, кино туындыларын жаулап алуда. Бұл жағдайға Сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Қоғамдағы рухани құндылықтардың көрінісі — тілдік қор. Қарапайым дөрекі сөз бен жаргон сөздер ойлау жүйесінің дұрыс дамымағанының куәсі. Тұрпайы тілдік қор адамның дұрыс тәрбие алмағанын көрсетіп тұрады. Классиктердің ізімен өз тіліне жаны ашымайтын адамды «нағыз жабайы» деп қайталауға тура келетіні рас. Ол өз тағдырына ғана емес, туған халқының өткеніне, бүгініне, келешегіне де зиянын тигізеді. Тіл адамның зиялылығының, адамгершілігінің көрінісі ғана емес, пайдалана білгенге ол керемет тәрбие құралы да.
Ал, виртуалдық қарым-қатынастың етек алуына келсек, ол адамның жалғыз қалуынан туындайтын қоғамның сырқаты, бітеу жарасы. Алдағы уақытта балаларымыздың өз ортасына «жат болу» мәселесіне де сергек қарау қажет сияқты. Бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен келген жөн.
— Абат Сатыбайұлы, Атырау облысына келген сапарыңыз туралы хабардар етіп отырсаңыз?
— Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының шақыртуымен «Мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілерге арналған қайта даярлау курсында» «Мемлекеттік қызметшінің көпшілік алдында сөз сөйлеуінің өзекті мәселелері», «Мемлекеттік қызмет және шешендік өнер» тақырыбында дәріс оқыдым. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу дағдысы туралы айту оңай емес. Алайда, олар халықпен, қалың бұқарамен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, шешендік өнерді меңгеру өте қажет деп есептеймін. Жұртшылықты сөзіне иландырып, оларды соңынан ерте білген мемлекеттік қызметші ғана өз дәрежесіне, лауазымына лайықты болатыны, көпшіліктен жақсы баға алатыны кәміл. Менің іссапарым осындай үлкен шаруаға негізделген болатын. Жалпы, тыңдаушылардың ықыласына разымын, 25 адам қатысып, ынтамен тыңдады. Аз да болса санаға сәуле түсірсем, соның өзі үлкен жетістік дер едім.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Суретке түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.