Ақ жаулықтың қадірін біліп жүрміз бе?
Жексенбілік демалыста бір әулеттің марқұм болған үлкендеріне дұға бағыштап, Құран оқуға жиналған сәт. Үй иесінің алыс-жақыннан ат арытып келген ағайын-туыстарының ортасында бірер әйел бастарына тағар орамал іздеп, әрі-бері жүгіріп сандалуда. Бірі қолға түскенін тарта салса, енді бірі сулықты басына жаба салды. Сондай-ақ, лезде жас шамасы жиырма-жиырма бестегі қыздың жалаңбас отырғанын көзім шалды. Төрде Құран оқуға дайындалып имам отыр. Алдыңғы қатарларда ақжаулықты әжелер мен аналар жайғасқан. Көпшіліктің шаңыраққа жиналуының себебі, әрине белгілі. Бұл ретте әлгіндей көрініске тап болған біз «ақ орамалдың да қасиеті ұмытыла бастағаны ма? Өзге емес, қаракөздеріміздің ұлттық құндылықтарымызға бейжай қарағаны қалай?» деген сансыз сауал еріксіз ойға жетеледі.
Бала кезімізде жібін иіріп, тоқымасын тоқып, кимешегін киіп жүретін ақ жаулықты әжелеріміз әлі көз алдымызда. Аналарымыз болса басынан ақ жаулығын еш тастаған емес. Орамалын шешіп, жалаңбас жүргенін әлі де көрмедік. «Орамал тартқан әйелдің иманы күшейеді» деген қағидаға берік ол түнде ұйықтаса да оны шешпейді. Осынау тәрбиені көріп өскен бізге жоғарыда айтылған әрекеттің оғаш көрінгені рас. Сонымен қатар, кейбір жүкті әйелдер мен сәбиін кеше ғана дүниеге әкелген жас аналардың орамалсыз жүргенін де байқаймыз. Ал, бұл көрініс біздің ұлттық құндылықтарымыздан алыстап бара жатқанымыздың айғағы емес пе? Олай болса, қасиетті саналатын ақ орамалдың мәні мен маңызын жаңғырту қашан да бізге парыз.
– Ежелден бері түркі тектес елдердің, исі мұсылман әйелдері басына орамал салды. Бұл, біріншіден, әйелдің қасиеті басындағы орамалында, отанасы ретінде отағасын қадірлеуі болып саналады. Жас келіннің басына орамал салуы «келген шаңырақтың болашағы өзіңсің» деген түсінікті білдіреді. Кезінде қыздар жалаңбас жүрмеді. Шағын бөрік, тепетей, қызыл-жасыл орамал тартты. Ақ орамалды әулеттің келіндері ғана тақты. Өйткені, әйел-ананың мейірімділігі, шексіз пейілі ақ орамалмен байланыстырылды. Ертеде жаугершілік кезеңде ерлер анасының ақ орамалын ырым етіп, кеудесіне тығып алып кететін болған. Бұл – қауіп-қатерден, қиыншылықтан сақтайды дегеннен туған сенім. Сондай-ақ, достық, ниет ретінде оны ақ найзаның ұшына байлап көтерді. Бұл жорықтан аман-есен жетіп, анам тілеулес болсын деген ырым, — дейді көпті көрген «алтын алқалы» ана Роза Қожамбергенова.
Ол ақ орамалдың басқа түстен айырмашылығын да кеңінен айтып берді.
«Ақжаулық қазақтың дархандығын да ерекше айқындайды. Басқа ұлттарда, мәселен, тау халықтары қара-ала, орыстар қара орамал тартса, қазақта қара түс қайғы-қасіреттің белгісі саналып, оны тағуға тыйым салынған. Ал, ақ – жақсылықтың нышаны. Пайғамбар жасынан асқанда аналар орамалын мол етіп, беліне түсіре тартты. Орамал салудың әртүрлі әдістері де бар. Негізінен оны тартқанда маңдайды жаппаған дұрыс. Өйткені, әр адамның бағы маңдайында, маңдайы ашық болсын дегені. Сондай-ақ, қыз алып қашу кезінде әулеттің үлкендері «басымдағы ақ орамалымды сыйла, оны аттама» деп, аналық ақылымен келген қызды келін етіп алып қалып отырды. Бұдан да үлкен ұлылықтың нышанын аңғаруға болады», – дейді Роза Қожамбергенова.
Жасыратыны жоқ, бүгінде нәзікжандардың көбі бас киімсіз жүр. Қызы мен келіні қайсысы, ажырату қиын. Тіпті, орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас көргенде, ыңғайсызданып қалатынымыз да рас. Жастарды айтпағанда үлкендер арасына шашын әртүрлі түске бояп, бұйралап, жасандылыққа бет алғаны шындық. Бұл ретте «өзгеге еліктеушіліктен өзіміздің ақ орамалымыздың қадір-қасиетін ұмытуға бола ма?» деген сауал туады. Қазақта «Әйел орамал тартпаса, арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Міне, талай ақынның жырына, шешендердің нақыл сөзіне арқау болған сол бір қасиеттің қадірі төмендеп кеткенін сезінгенде қынжыламыз. Үлкендердің айтуынша, әр әйел-ана басына орамал тақпай ас пісіруге болмайды. Жалаңбас күйінде сәбиін тамақтандыруға да бармаған. Мәселен, ұлы Құнанбай мен дана Абайды дүниеге әкелген Зере мен Ұлжан аналардың дәретсіз, орамалсыз нәрестеге жақындамағаны – үлкен тәрбие мектебі. Дін өкілдерінің сөзіне сүйенсек, орамал адамды талай қауіп-қатерден қорғап, жындарды алыстатады. Ал, мұсылман әйелі ақ орамалды ғана таңдауы тиістігін ұмытпаған жөн. Үлкендердің сөзіне зер салсақ, жалпы, оның қадір-қасиетін ұғындыратын қазақта ырым-жоралғылар да көп.
Сіз не дейсіз?
Әмина ӨРІСБАЕВА, көпті көрген әже:
– Ырымдардың бірі – араша үшін ортаға орамал тастау ишарасы. Бұл көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде қолданылған. Сонымен қатар, келеңсіз жағдайлардың салдарынан туындаған ағайын арасындағы тартысты тоқтатуда да ақ орамал ортаға салынды. Тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар кезінде сыйлы ақжаулықтылар арашалап, бейбітшілікке шақыруда орамалды ортаға лақтырған. Ал, ананы сыйлайтын ер азаматтар одан аттап өтпей, оның киесіне бас иді емес пе?! Сондықтан, оның мәніне терең үңілмей жүрген бүгінгі қыз—келіншектерге қайран қаламын. Өзім ешқашан жалаңбас жүрген емеспін. Үйдегі келіндеріме де ылғи осыны айтып отырамын.
Әйгерім ТАҢАТАРОВА, жас ана:
– Жас болсам да ақжаулықтың мәніне тереңнен зер саламын. «Шеше көрген тон пішер» демекші, мен өз ұямнан алған тәлім-тәрбиемді бүгінде қадам басып барған шаңырағымда кеңінен жалғастырып жүрмін. Үйде де, түзде де орамалмен жүремін. Ол басымда болмаса, өзімді жайсыз сезінемін. Орамалсыз жүрмеу қажеттігін өзімнің тұрмыстағы қатарлас құрбыларыма да айтудан жалыққан емеспін.
Алтыншаш Құрмашева