ТІЛДІ ОҚЫТУҒА ДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІС КЕРЕК

Елбасы Жарлығымен  бекітілген «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» барлық қазақстандықтардың 95 пайызы 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп міндеттелінген. Бағдарламада көрсетілген кейбір  міндеттер мен межелердің мемлекеттік қызметшілердің арасында орындалысы жайында  Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы ұйымдастырған  «Қазақ тілін жеделдете оқытудың инновациялық жолдары» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» кеңінен  талқыға түсті.

Шараға өңіріміздегі жоғары, орта арнаулы оқу орындарының қазақ тілі пәнінің мұғалімдері және әдіскерлер қатысты. Еліміздің «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған маңызды іс-шараны Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Баязи Әбдешов кіріспе сөзбен ашып, жиналғандарды құттықтады.

Аталған бағдарлама аясында мемлекеттік тілді ауызекі қолданыста ғана емес, қоғамның барлық саласында, ғылымда сауатты қолдануға бағытталған қарқынды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, біздің орталық мемлекеттік қызметшілерге арналған қазақ, орыс, ағылшын тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы курстарды  ұдайы ұйымдастырып келеді. Дегенмен де, шешімін таппаған кейбір мәселелер бар. Ортақ ойларды, ұсыныс пікірлерді ортаға салу үшін тіл мамандарымен басқосуды ұйғардық, – деді Б. Мәдешұлы.

Мемлекеттік тілді оқыту бірнеше сатыға негізделінген. Деңгейіне қарай айырмашылықтары мен артықшылықтары да бар. Соның ішінде «көпдеңгейлі стандарт» бойынша оқыту мектептен бастап жоғары оқу орындарында және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушылар арасында енгізілген екен. Осы тұрғыда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Әбдірахманова «Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасаса, «Арнаулы орта кәсіптік оқу орындарында кәсіби қазақ тілін оқытудың жаңаша үрдісі» тақырыбында Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы, магистр Мақсат Өсербаева ойын ортаға салды. Өз кезегінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов жалпы облыстағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясына кеңінен тоқталды. 

Аталған бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі тетігінің бірі – «Қазтест» жүйесі. Әрбір қазақстандықтың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын осы «Қазтест» жүйесі туралы орталықтың тіл жөніндегі әдіскері Ләззат Есенәлиева таныстырды.

 – 2005 жылы 3 қазандағы Премьер-министрдің «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» туралы хаттамасы негізінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығында адамдардың, елімізде жұмыс істеп жатқан шетел азаматтарының қазақ тілін білуін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылды. «Қазтест» жүйесінің мақсаты – азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау және меңгеру деңгейінің талаптарына сәйкес сертификаттау. Мемлекеттік  қызмет өкілде-рінің мемлекеттік тілді  меңгеру деңгейі КАЗТЕСТ арқылы анықталатын болады. Оқу кабинеттері де заманауи жабдықталған оқулықтар да жеткілікті», – дейді ол.

Сондай-ақ, бас қосуда тілдік ахуалды үнемі назарда ұстау мақсатында зерделеу, тексеру, сауалнама жүргізу жоспарлары жасақталып, әлі де атқарылатын жұмыстар талқыланды. Ең бастысы, тілді оқып-үйренуде арнайы оқулықтар, сөздіктер мен әдістемелік нұсқаулардың орны ерекше. Қазір бұл жағынан кім-кімге де қиыншылық жоғы қуантады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз