Atr.kz/22-ақпан, 2019 жыл. Сахнаға аппақ ұлттық киім киген нәзік жан бұрала басып шықты.
Басында үкілі бөрік. Қолында – қасиетті қара қобыз. Жүрген сайын басындағы үкісі бұлғақтап, сахнаға өзгеше бір сән, өзгеше бір көркемдік ала келгендей.
Ортада тұрған орындыққа отыра салысымен қолындағы қобыздың сызыла шыққан дауысы елең еткізді. Қобыз пірі, қазақ жерінің аты аңызға айналған абызы Қорқыттың әйгілі «Қорқыт» күйі. Жұмыр басқа жалған дүниенің жалғыз-ақ рет берілетіні жайлы философия жанды баурап барады. Аспан асты, жер үстінде алшаң басқан пенделердің бұл дүниеге уақытша ғана келгенін, өткіншілік заңына бағынып, ерте ме, кеш пе, аттанатынын айтып, қобыз шанағы ышқына өксіп, мұңын шағып отырғандай. Өлімнен қорқып, тығылған Қорқыттың да келген ажалдан құтыла алмағандығын, он сегіз мың ғаламда мәңгілік ешнәрсе жоқтығын ұқтырып, тереңнен қозғайды.
Алпыс екі тамырды иітіп, бозінгендей боздаған қобызымен бірге мынау ақ періштедей ару қалықтап ұшып бара жатқандай. Шынымен де «бәріміз сияқты жер басып жүрген екі аяқты пенде ме мынау қыз?» деген ой сана түкпірінен бас көтеріп те қояды. Көрермендерді ой өзеніне сүңгітіп, қиял қанатына мінгізген, уақыттың тым тез екенін ұқтыра отырып, өзінің іс-әрекетін безбенге салуы қажеттігін ұқтырған күй де бітті. Зал тым-тырыс. Қобызшы ару орнынан тұрып, басын иіп, сахна сыртына бет алғанда ғана дуылдаған шапалақ үні жүргізушілердің үнін көміп кетті.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
(Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №14 санында)