АҒИЛА АПАНЫҢ БАҚЫТЫ
Жақсылардан қалған көз
Әкесі – Кенжеғали Молдағалиев көзі қарақты, сауатты адам еді. Қазіргі Құрманғазы, бұрынғы Теңіз ауданында талай жылдар колхоз басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Ел басқарған кезінде әділеттілігімен, адал ісімен халыққа жаққан, аймаққа абыройлы жан болатын. Басқарма әке қызы Ағиланы қайсарлыққа, өжеттікке тәрбиеледі. Бала кезінен әкесінің айтуымен ауыл адамдарының тізімін алып, еңбекке жарамдылар мен жарамсыздарды бөлек тізімге жазып, балықшыларды бастап теңізге кеткен әкенің жолын тосып жүретін. Сөйтіп ауыл арасында «үшетшік қыз» атанған. Ол уақытта сауатты адамдар аз, сондықтан ата-анасы оның көбірек білім алғанын қалады. Алыстағы ферма орталығынан Ганюшкинге қатынап оқитын ол сабаққа салт атпен келетін. Абай атындағы мектептің шарбағына көлігін қаңтарып тастап, өзі сабаққа кіретін. Сабақтан шыққан соң еш нәрсеге алаңдамай ауылға тартатын. Өйткені, оны күтіп тұрған шаруа да бастан асатын.
Анасы Қазима Нұржанова – мұғалім. Ауылдағы бастауыш мектепте Ағиланың сауатын ашып, қалам ұстатқан алғашқы ұстазы. Ол кісі – Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың анасы Меруерт апаймен туған бөле. Сондықтан, оныншы сыныпты Ағила Алматыда тұратын Хиуаз апасының үйінде жатып оқыды. Хиуаз апайдың жарақаттары сыздап, түнімен маза бермейтін. Ауру азабын бәсеңдеткісі келген жас қыз түрлі дәрілік майлармен сылап, массаж жасап беретін. Хиуаз апайдың жолдасы Шәку ағай да әкесіндей қамқорлап, ақылын аямайтын адам еді. Хиуаз апай болса, жүрегі өте жұмсақ, туысқа қайырымды, адамдарға мейірімді, жұртқа көмек жасағысы кеп тұратын. Соғыстағы көрген қиындықтарын көп айтпайтын, есіне түсіргісі келмейтін болар, сірә!
Кешегі кеңес заманында республика идеологиясының тізгінін талай жылдар бойы ұстаған, халқымыздың марғасқа ұлдарының бірі — Саттар Имашев. Ол кісі — біздің кейіпкеріміздің туған нағашысы. Осындай ортадан шыққан Ағиланың жақсы адам болмауға хақысы да жоқ тәрізді.
Өмір жолы – өнеге
Кеңес заманында Мәскеу кооператив институтында оқып, білім алған ол өз ісінің білгір маманы атанды. Облыстық балық шаруашылығы мекемесінде товаровед болып еңбек жолын бастады. Одан кейін қалалық тамақтандыру кәсіпорнында аға экономист болып шыңдалды. Гурьев облыстық ет-сүт сауда мекемесінде директордың орынбасары да болып қызмет атқарды. Қай жерде қиын учаске бар, Ағила сонда жүретін. Бірде облыстық сауда басқармасына қарасты шаруашылық есептегі бірлестіктің директоры болып тағайындалады. Кезінде «Сауда орталығы» атанған мекеме аты бар да заты жоқ, қаңырап тұрған кәсіпорын еді. Есік-терезесі дұрыс жабдықталмаған, қыста – суық, жазда – ыстық бұл орталықтың қызметін алға бастыру үшін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Асқар Құлыбаев Ағила Кенжеғалиқызын осында жұмсады. Ол кезде партия жұмсаған жерге барып, ел сенімін ақтау – парыз. Қайсар қыз қаншама қиналса да, мекемені күрделі жөндеуден өткізіп, есік-терезені Ресейден тасып, қалпына келтіре бастады.
Сол тұста Тәуелсіздікке де қол жетіп, ақ түйенің қарны жарылған кезең келді. Енді өзі басқарып келген облыстық сауда басқармасының шаруашылық есептегі бірлестігіне қарасты сауда орталығын әуелі жалгерлік кәсіпорынға айналдырып, одан соң әріптестерімен бірлесе отырып, ұжымдық кәсіпорын құрды.
Кәсіпкерлік жолдағы қиындықтар
Сол 1990 жылдардағы қала басшылығы ұжымдық кәсіпорын меншігіне сауда орталығының ғимаратын сатқанымен, ол тұрған жердің өзін жекешелендіруге рұқсат бермеді. Оның үстіне, сол кездегі қалалық атқару комитетінің шешімімен зейнеткерлер, көп балалы аналар, мүгедектер, сусамыр дертіне шалдыққандар, басында 12 мың, кейін 18 мың адамды арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін жүктейді. Өзіне берілген тапсырманы орындау үшін үкіметтен жылдық 240-340 пайыздық өсіммен несие алып, сол ақшаға сатып алынған азық-түлікті халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне өз құнынан арзан бағамен беріп, ұжымдық кәсіпорын үшін зиянмен жұмыс жасайды. Тіптен қызметкерлерге жалақы да төлей алмаған кездер басынан өтеді. Соның қатарында өзі де бар. Өзін елден бөле-жара қарамайтын оған әріптестері де түсіністік білдіретін.
Бір айта кететіні, ұжымдық кәсіпорынның халыққа көрсеткен қызметі үшін әкімшілік бюджеттен бұларға дотация беруге уәде де берген. Әйтсе де, о бастағы уәде қағаз бетінде ғана қалды. Ұжымға келтірілген 65 миллион шығын кәсіпке құлшына кіріскен жандардың салын суға кетіріп, адымын аштырмады.
Сауда орталығын жөндеу жұмыстарын жасауға да шама келмей, ғимарат ішіндегі қоймалар мен дүкендер азып-тозып кетті. Қаншама жаны ашығанымен, бәрі қаражатқа тірелетіні тағы түсінікті. Оларды жөндеу үшін қаржы керек, банктен несие алайын десе, ғимараттың орналасқан жері жекешеленбеген, ауада тұрған үй іспетті. Бұндай кәсіпорынға ақша берілмейтіні айдан анық.
Ағила осындай қиындыққа мойымады. 1997 жылы жаңа серіктестік құрды. Сауда орталығының үкіметке берешектерінің бәрін біртіндеп өтеді, салықты төледі, сөйтіп жұмысты жүргізе білді. Ағила Кенжеғалиқызы өзінің үйін, балаларының үйін кепілге қойып, несиеге алған ақшасына ғимаратқа жылу жүргізді, автономдық қазандық орнатты, электр жүйелерін жаңартты. Бұның бәрі оны шыңдап, күрескер ете түсті. Он жылға созылған дау-дамайға Елбасы өзі араласып, Бас прокуратура қадағалап, жеңіске жетті. Сөйтіп, ғимарат тұрған жердің мемлекеттік актісін алып, коммуникацияларды өзгертіп, құбырларды қайта жүргізді, сыртын безендірді.
Нарықтың наркескені
Нарықтың нар маясын иіткен Атыраудың нар қызы осылайша «Ағила» сауда үйінің негізін қалады. Қазіргі таңда 300 орындық «Сәлем» мейрамханасы ішіндегі арнайы залдары мен бөлмелері бар «Шаңырақ» отауында бесік той мен сүндет той, тұсаукесер рәсімдері мен басқа да ұлттық нақыштағы салтанаттарды өткізіп отырады. Сонымен қатар, 90-шы жылдары одан арзан бағамен керек-жарағын алған мүгедектер мен қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері енді ұл-қыздарының тойлары мен қызықтарын өткізуге көмектесуін өтініп, алдына келетіні тағы бар. Әрине, олар Ағиланың өздеріне жасаған жақсылығы үшін шығынға батқанын, 65 миллион теңгені әлі күнге алмағанын білмейді.
Ол қай жерде қызмет етсе де, ел сеніміне қылау түсіріп көрген емес. Кезіндегі қалалық мәслихаттың (бұрынғы халық депутаттары кеңестерінің) бірнеше дүркін депутаты, «Қазақ КСР сауда ісінің үздігі» атанған, қаладағы «Рахат», «Каспий» тәрізді ірі сауда орындарының жұмысын жолға қойған.
Қазіргі таңда «Ағила» сауда орталығы коммуналдық қызмет үшін облыс қазынасына 3 миллион теңгеден астам қаражат құйып, салық және басқа да шығындар үшін 40 миллион теңге қаржы түсіріп отырғаны да – ел экономикасына қосқан үлес. Женева қаласында орналасқан Бизнес және Басқару жоғары институты ол басқаратын орталықты «Мінсіз іскерлік мәртебесі үшін» медалімен марапаттады. Махамбет ауданынан жер алып, 100 тонналық көкөніс қоймасы салуда, балалар бақшасы мен қонақ үй де жоспарда тұр.
Ана бақыты
Адамның жеке бас бақыты – отбасы. Өмірлік жары – Ким Құрманғалиев еліне сыйлы, абзал азамат еді. Бүгінде өмірден өтті. Ким аға мен Ағила апаның үш қызы да – елдің дамуына үлес қосып жүрген іскер мамандар. Тұңғышы Гүлсара – мұнай саласында инженер. Оның ұлы Артур – «Ағила» сауда үйінде заңгер. Бектұр мен Дана да – жоғары білімді мамандар. Ортаншы қызы Венера мен кенжесі Айгүл анасының жолын қуды. Күйеу балалары Қуаныш – орталықта энергетик, Асқары – инженер. Венера мен Айгүлдің Дамирі мен Сәулесі, Алтыншаш пен Әлфиясы – әжелерінің көз қуанышы. Шөберелері Дінмұхаммед, Диас, Нұрия, Батыр, Әмір, Ділназ өсіп келеді.
Олардың ортасындағы Ағила апа – бүгінде бақыт құшағында.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Алғыс арқалаған Жан
Ағила Молдағалиева – облыста бизнес көшін бастаған іскер қыз-келіншектердің тұңғышы. Кезінде басынан талай қиындықтар өтті. Оған мойымаған ол қайырымдылық шараларға баса мән береді. Адамдардың алғысынан артық еш нәрсе жоқ. Содан да шығар, кезінде қатерлі аурумен ауырса да, соны жеңіп, бүгінге дейін жетті. «Төмендегі алушы қолдан жоғарыдағы беруші қол артық» деген сөз бар. Шындығында да, өмірдегі тауқыметке мойымай, әркез алға басқан Ағила – қайсар қыз. Оның өмірі – өзгелер үшін сабақ.
Мәдина ҒАБДІСӘЛІМОВА, қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы.