АҢҚАСЫ КЕПКЕН АҚЖАР
Сондықтан да болса керек, бүгінгі таңда сумен қамту және оны үнемдеп пайдалану стратегиялық маңызға ие мемлекеттік мәні бар мәселеге айналуда. Әлбетте, есептегіш құралдарын орнатып, сараланған тарифтерді енгізу, суды кесте бойынша жіберу арқылы ысырапшылдыққа тосқауыл қоюға болатындығы да тәжірибе жүзінде дәлелденуде. Бұл туралы биылғы өткен қалалық жиында да айтылды. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, ретін тапса, тығырықтан шықпастай күрмеуі күрделі проблема жоқ. Әңгіме – сергек көзқарас пен ықтиярлықта.
Былтыр күзде Ақжардың бір топ ардагері тозығы жеткен құбырларды ауыстыру қажеттілігін айтып, қала әкімі Серік Айдарбековке хат жолдаған еді. Ардагерлердің хатына қала әкімінің сол кездегі орынбасары Ә.Нұрлығожиев мырза: «Бүгін таңда Ақжар селосына тартылған су құбырларының күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қала шаруашылығы жоспарына енгізілмегендігін хабарлай отырып, болашақтағы жоспарға кіргізілетіндігін қаперлеріңізге береміз» — деп жауап берген-ді. Бірақ, құбырлар әлі ауыстырылған жоқ.
Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру да ақжарлықтар үшін күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірінен саналады. Дүкен маңы сияқты бірен-саран жерде ғана болмаса, қалғандарында электр жарығы дегенің жоқтың қасы. Қыс кезінде екінші ауысымда оқитын балалар мен түнде жедел жәрдем көліктеріне оңай тимейтіні де түсінікті жайт. Және бір тілге тиек етеріміз, күнделікті тұрмыстық қалдықтарды әкетуде берекесіздік орын алған. Қоқыс салынатын контейнерлер жетіспейді. Оны тасымалдайтын арнаулы автокөліктің қозғалыс кестесі де нақтыланбаған. Қашан келетіні және қай жерге тоқтайтыны белгісіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Ақжарда қалыптасқан жағдай түзеліп, қордаланып қалған күрмеулі мәселелер оң шешімін табуы керек-ақ.
Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ.
Ақжар селосы.