1202 ШАҚЫРЫМ: ЖОРЫҚШЫЛАР МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

whatsapp image 2021 11 16 at 10.53.09 1 Қоғам

Қазанның 5-інде Торғай даласындағы Қызбел топырағынан жолға шыққан Сәттібек Ысмайылов пен Ерлан Хұсайынов 1202 шақырым жолды артқа тастап, өткен жұма, 11 қараша күні кешкі сағат 8-де Қызылқоға ауданының Қарабау ауылына табан тіреді. Ұзақ жолда қанша қажыса да, жорықшыларды ұлттың өткені мен ата-бабаның аңсаған мұрат-мүддесі діттеген межеге аман-сау жеткізді.

Қ а р а б ау ау ы л ы н ы ң б і р то п тұрғындарымен бірге ауыл сыртынан экспедиция мүшелерін күтіп алған ауылдық округ әкімі Зейнолла Шәліков бұл сапардың жастарға қаншалықты өнеге болғанын айтты. Себебі, жорық басталғаннан бері оның хабарын естіп-білген жұртшылықтың көкейінде күмән болғаны жасырын емес. Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Саға ауылынан – сонау қалмақ шапқыншылығы кезінде Ойыл өзенінің құяр сағасындағы Қарабау топырағынан мәңгілік мекен бұйырған халық батыры Өтей Ақымбетұлының қауымына дейінгі арақашықтық тура есептегенде 1200 шақырымның шамасында. Соншама жерді жаяу жүріп өту ауыр болғандықтан, жастары 40-тан асқан екі жігіттің бұл жүрісіне сенімсіздік танытқандар жұма күні ғана олардың ерекше қажыр-қайратын мойындады.

– Бұл сапар бізге оңайға түскен жоқ. Егер көлік жолымен жүрсек 2 мың шақырымнан да асатын бұл аралықты тек жаяу жүргенде ғана жақындата алатынымызға көз жетті. Жолға артық жүк болмас үшін көп тамақ алған жоқпыз. Кәдімгі құйрық май мен өркешті жұқалап бір-екі тілім нанмен қосып жеп, нәрем алатындай ғана ауқаттандық.

Әсіресе, Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауылынан Қандыағаш қаласына д е й і н г і 2 8 0 ш а қ ы р ы м е ң ау ы р учаске болды. Тоғыз күн бойы елсізбен жүргенде, қоржынымыздағы азығымыз да, ауыз шаяр суымыз да таусылды. Амалсыздан тас-қатқақтың үстіне жиналған жаңбырдың қағын ішіп, таңдай жібітуге тура келді. Ал, Атырау облысының аумағына кіріп, Тайсойған ауылына келген күні күздің ақ жауыны бір тәулік жауып, амалсыздан кідірдік. Бұл – 10 қараша күні, – дейді Сәттібек Ысмайылов. Шынында да, Ақтөбе облысының аумағын төтесінен жаяу кесіп өткен жорықшылар үшін елсізбен жүру өте қауіпті болды. Бірақ олардың бойын қорқыныш билемеген.

– Ойыл өзенінің бойын жағалап келе жатқанда, өзеннің кейбір жерлерінде қопа өскен екен. Соның арасына кіріп, кейбір тайыздау жерден кесіп өттік. Қарасақ, қопаның арасында қабанның орны жатыр. Абырой болғанда, өзімізге кездескен жоқ. Әйтпесе, не боларын кім білсін, қолымызда қару қылар ештеңе болған жоқ. Тек Қарабауға екі-үш шақырым қалғанда, іңір қараңғысында қорқау қасқырды байқадық. Бірақ бізге шабуыл жасамады. Қарағанның түбінен қарап тұрды да, жай бұрылып кетіп қалды, – деді Ерлан жолшыбай көргендерін әңгімелеп. Бұл сапар туралы ой бұдан бірнеше жыл бұрын туындапты. Сәттібектің айтуынша, бұрын ағайындармен бірге Өтей бабасының қорымына келгенде жаяу келіп зиярат етуді ойлайды. Осы ойға іштей бекініп, өзін жылдар бойы дайындайды. Сосын ауылдастары және бауырларына өз ойын айтып, діттеген мақсатын жүзеге асыруға кіріседі. Сол кезде Қостанайдағы сүт өнімдерін өндіретін «Новый день-МИЛХ» компаниясының басшысы Сергей Блок қолдайтынын айтыпты. Ал, бауырлары оның жалғыз өзінің мұндай алыс жолға шыққанын құп көрмей, қасына серік іздеп кідірген. Сәттібектің ұсынысын Ерлан да қолдап, соншама қашық болса да бірге жүруді мақұл көреді.

Сөйтіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мәрелі жерге тура 1 ай 6 күнде келіп жеткен екеуді Қостанай, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бауырлары арнайы келіп күтіп алып, 12 қараша күні Қарабаудан 12 шақырым жердегі Ақымбетұлы Өтей батырдың бейітіне бірге барып зиярат етті. Қарабаулықтар да соншама жерден жаяу жүріп жеткен азаматтарға қолдау білдіріп, қайырлы сапар, оң пейілдерін білдірді.

Бүгінде «Өтей қорымы» деп аталатын бұл жерге батырдың жерленген уақыты 1747 жыл екен. Қалмақтармен шайқаста Кіші жүздің қолы аздық етіп, көмекке Орта жүз елінен сарбаз сұраса керек. Сонда Торғай даласынан қол бастап келген 35 жасар Өтей батыр болыпты. Ал, қалмақтар ең қауіпті жауына садақтың жебесіне у жағып ататын көрінеді. Сол улы жебенің бірі Өтейдің кеудесіне қадалып, ауыр жараланады. Әуелі еліне жеткізбек болғанда, қасындағы серіктері:

– Қазақтың жері байтақ. Бірақ оның әр пұшпағы қымбат. Сондықтан, бауырымыз көзі жұмылған жерінде қалсын. Ата-бабасының қандай қайсар болғанын кейінгі ұрпақ біле жүрсін. Өтейдің тамы – өткен тарихтың айқын дәлелі, жеріміздің кеңдігіне айғақ болып тұруы керек, – деп, Ойыл өзенінің жайылма алқабындағы биік дөңнің басына жерлейді. Бірақ арадағы бірнеше ғасыр мен тоңмойын биліктің тізгіні ұлы батыр мен ұрпақтың қарым-қатынасын үзіп жібереді. Әрине, қай жерге жерленгенін таба алмаса да, елінде Өтей батырдың атағы Арғын руының бір бөліміне беріліп, Орта жүздің Өтей-Арғындары тұтас бір тайпа болып өседі. Бір күні Қостанайдағы батыр ұрпақтарына телефон шалған жанашыр пенде Кіші жүздің Байұлы тайпасындағы Есентемір руынан шыққан аузы дуалы би Бөкен Қосалұлының бейітін білетін жан болса, Өтей батырдың да табылатынын, өйткені Бөкен дүние саларында өзінің ата-бабасы жатқан Сәдір қауымына емес, жоқ-жітік, кедей-кепшікке мәңгі қоныс болған «Өтей қауымына» жерлеуді аманаттағанын айтады.

Сөйтсе, бұл жөнінде жазушы Нәбиден Әбуталиев туындыларында кеңінен баяндалады екен. Осыны ұстанған батыр ұрпақтары 2005 жылы Қызылқоға ауданына келіп, өлке тарихына жетік ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрады. Сонда хабаршының сөзінің растығына көз жеткізіп, ақыры «Өтей» қорымына қызыл граниттен бірнеше тонналық арнайы белгі қойған.– Болашақта батырдың басына келіп, зиярат етушілерге барлық мүмкіндік жасалады. Себебі, республикаішілік туризмді дамыту үшін бұл аса керек шара. Тек мұнымен шектелмей, түрлі іс-шараларды жоспарлап тығыз байланыс орнатамыз, – дейді ұйымдастырушы Марат Якупов.

«Бабалардың ізімен» атты ұранмен 1200 шақырымнан астам жолды жаяу еңсерген екі жүргінші «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» деп аталатын тарихи-этномәдени экспедиция жорығын 36 күнде аяқтады. Қарабау ауылындағы тұрғындар және жастармен кездескен жорықшылар осы сапарға бастан-аяқ ақпараттық қолдау көрсетіп отырған «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымына, әсіресе облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетіне, «Қостанай таңы» және «Ақтөбе Медиа» ЖШС-терінің ұжымдарына шексіз ризашылығын білдірді. Себебі, үш облыстың аумағын қамтыған алыс сапар барысында жорықшылармен тұрақты байланысқа шығып, олардың ас-суы мен күтімін ұйымдастырған – аталған ұжымдардың басшылығы.

Бала жастан спортты жандарына серік еткен Сәттібек пен Ерлан мұндай экспедицияны алдағы уақытта да жалғастыруды ойластырып отыр. Олар елдің бұрышын түгел аралап, «Қасиетті Қазақстан» картасына енген орындарға зиярат етуді мақсат етеді. Жорықшыларды қарсы алып, барлық іс-шараға Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев қатысты.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ,

Қарабау ауылы

Қызылқоға ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз