«БАҚЫТЫМ – БАЛАЛАРЫМ, БАЙЛЫҒЫМ – ОТБАСЫМ»

Өскен  орта

Ұлағатты отбасының көшбастаушы, алтын діңгегі Жәукен Хайырлыұлы – облысқа кеңінен танымал азамат. Ұзақ жылдар бойы әр салада табысты қызмет етіп, лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған қайраткердің бастамасымен жүзеге асқан ізгілікті істері бұл күнде ел игілігіне жарауда. Олардың қатарында Жәукен Көшеновтің төрағалығындағы Қазақстанның Коммунистік Халық партиясының Атырау облыстық комитетінің ұсынысымен бұрын жекеменшікке өтіп кеткен балабақшаларды мемлекетке өткізу мен Ұлы Отан соғысына қатынасқан батыр қыз Хиуаздың есімін Атырау қаласында жаңадан салынған мұз айдынына беру туралы бастамасы болғанын айтсақ та жеткілікті болар.

Ол ешқашан атақ-мансап, байлық қуған емес. Есін білмейтін сәби күнінде әкеден жетім қалып, қиын-қыстау күндерді бастан кешіп, тағдырдың кермек дәмін тым ерте татты. «Үйелмелі-сүйелмелі үш ұлды қалай асыраймын, қандай қиындық болса да отағасының аманатын орындап, ұрпағына лайықты тәрбие беруім керек» деген ұстаныммен күн кешкен анасы Рәшқа қолғабыс болды. Ағалары Мұстафа мен Жәмәлиденнің соңынан еріп, жастайынан оқуға зерек, өз қатарларының алды болып өсті. Астрахан облысының Володар ауданы, Бакланово-Лопатино ауылында дүниеге келіп, сол өңірде білім алған Жәукен Көшенов өз талпынысымен Астрахандағы сауда техникумын тәмамдап, еңбек жолын Тюрин балық кооперативі төрағасының орынбасары болып бастайды. Өмірдің өзі ерте есейткен Жәукен ағамыз әр іске жауапкершілікпен қарайтын мұқияттылығы мен тындырымдылығы арқылы айналасына өзін сыйлата білді.

Ал, 1963 жылы әскери борышын өтеп келген соң, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне қабылданып, үздік білімімен көзге түсіп, лениндік стипендияның иегері болып жоғары оқу орнын тәмамдайды. Институт қабырғасында жүрген сәтте де студенттік құрылыс топтарына командир болып сайланып, Жылыой ауданының Опорная стансасындағы тұрғын үйлерді салуға, Индер ауданының Передовик кеңшарында мал қыстағын тұрғызуға, Исатай ауданында жерді көгалдандыру мақсатында канал қазу жұмыстарына атсалысты.

Кейінгі жылдары облыстық комсомол комитетінің хатшысы жұмысын да асқан жауапкершілікпен атқарып, облыстық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне ауыстырылады. Бұдан соң, Гурьев қалалық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары болған сәтте де жауапты жұмысты өз дәрежесінде атқарып, облыстық партия комитетінің жолдауымен 1976-1980 жылдары жаңадан ашылған педагогикалық училищеге директор болып тағайындалады.  Кейіннен 2003 жылы өзінің негізгі мамандығы бойынша Атырау политехникалық колледжінде «Қазақстан тарихы», «Саясаттану» пәндерінен дәріс береді.

 

Жапырағын жайған  бәйтерек…

Анаға деген қамқорлық, бауырға деген ізгілік – оның туабітті қасиеттерінің бірі. Әрқашан анасының қас-қабағына қарап, әр қадамын ой елегінен өткізгеннен соң ғана шешім шығаратын қасиетіне Жәукен Көшенұлымен қызметтес болған жандардың, замандас-достарының бәрі куә.

Заманның ағымына сай, на-рықтық қатынастар қалыптасқан шақта ол банк саласына, нақтырақ айтқанда, аймақта алғашқылардың бірі болып шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Талап» банкінің басшылығына сайланды. Бұдан соң, «АНПЗ-ТРАНС» ЖШС-де экономист болып табысты қызмет атқарды. Алайда, айтып өткеніміздей, ол ешқашан байлық жиып, табысты болуды, сол арқылы өзін сыйлатуды ойлаған емес. «Бар байлығым да, мақтанышым да – отбасым». Жәукен Хайырлыұлының өмірлік ұстанымы осындай.

«Жақсы жар мерейіңді арттырып, шаттығыңды шалқытар» демекші, отбасылық құндылықтардың қасиетін бала күнінен терең түсіне білген Жәукен аға біздің бұл бағыттағы сауалымызға «жар таңдауда қателеспеген сыңайлымын» деп күліп, жауап берді. Расында да, екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, ұзақ жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарған жары Сәуия Қанатқызы да – ел алғысына бөленген ізгі жан.

Әскерден оралып, студенттік шақтың қызықты күндерін бастан кешіп жүрген сәтте, отырыстардың бірінде жолыққан Жәукен Хайырлыұлын тәрбиелі ортадан шыққан ұяң мінезді, салиқалы, сабырлы қыз бірден баурап алса керек. Жастардың арасындағы жалын сезімнің соңы сыйластыққа ұласып, махаббатқа бастайды.

Студенттік жалынды шақта шаңырақ көтеріп, өмірдің ыстығы мен суығына қатар төзген олар биылғы жылы алтын тойға жетіп, мәуелі бәйтеректей өздерінен өсіп-өнген ұрпақтарына сая болуда. Жанна, Самат, Қайрат сынды ұл-қыздарын тәрбиелеп, немере-жиен сүйген бақытты жандар.

 

Тереңге  тартып тамырын…

Қашан да даладай дархан мінездерімен төрінен қонағы арылмаған бұл отбасы – тамырын тереңге жайып, өзге рулы елдермен құдандалы шаңырақ ретінде өрістерін кеңейтіп отыр. Немере-жиеннің қызығына тоймай, ата-әже бақытына кенелуде.

«Біз әрқашан отбасымызбен мақтанамыз. Жәукен Көшенұлы бастаған әулеттің өзгелерге үлгі болар тұсы көп-ақ. Сәуия анамыз кейінгі келіндерге үлгі боларлық үлкен өмір мектебі сынды, ақыл-кеңесін айтып, тура жолға салудан, тәрбиелеуден таймайды. Қазақы салт-дәстүрлерді қатаң ұстануымен, ағайынды байланыстырып, туыстық қарым-қатынасқа да зор мән беретіндігімен сыйлы. Қашан да келіндері қия басып, ата-анасының алдынан өткен емес. Немере-жиендері де атасы мен «ақ мамасына» асығып, «үлкен үйге» баруға сұранып тұрады. Өңіріміздің өрістеп, Атырау аймағының алға басуына атсалысқан атамыз – кейінгі жастарға үлгі боларлық, ізгілігі мен іскерлігі үндескен жан болса, жары Сәуия Қанатқызы отбасы берекесінің алтын діңгегі» дейді әулеттің келіні, Атырау қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлнар Жолмұханова.

«Қыз өсіріп, ұл тәрбиелеп отырғандықтан, жат жұрттық боп жаралған қызды ұзатып, келін түсіріп, бүгінгі таңда ата-әже атанып отырған бақытты жандармыз. «Адам ұрпағымен көрікті» дейді. Сол рас. Бүгінгі жастардың кейбір келеңсіздіктерін көріп, тәрбиенің осалдығынан ба екен деген ойға қаламыз. Шаңырағыңа оң аяғымен аттаған келін – өзге емес, сенің өміріңнің жалғасы. Сондықтан да оған анасы ретінде құрметпен қарау, өз балаңдай мәпелеу – сенің қолыңда. Ер адам қашан да отбасының асыраушысы. Ол түздің адамы деп бекер айтылмаған. Ал, жанұядағы жарастықтың кілті – әйелдің қолында. Жаманды жасырып, жақсыны асыру – өз мерейің, отбасыңдағы келісімнің ұйытқысы» дейді Сәуия Қанатқызы «ұлағатты отбасының ұстанымы қандай болуы керек?»  деген сауалымызға.

Бұл күнде үлкен әулеттің ғана емес, тұтастай өздері қоныс тепкен мөлтек ауданның да ақыл сұрар ақсақалы мен ақ жаулықты анасы атанып отырған олар – ағайын-туыс тұрмақ, көрші-қолаңның да балтыры сыздап, басы ауырса, қол ұшын созуға даяр тұрады. Тіпті, тұрмыстық мәселелері шешілмей, жауапты органдарға жүгінер болса да сыртынан «біздің прораб» атап кеткен ағаларынан ақыл-кеңес сұрауға асығады. Өз кезегінде қашан да темірдей тәртіп пен талапшылдықты серік қылған Жәукен Көшенұлы аталған істі соңына жеткізіп, мәселе оңына шешілгенге дейін назарында ұстап, ел алғысына бөленіп келеді.

Өмірдің ыстығы мен суығына қатар төзіп, алтын той төріне жетіп отырған бұл жандар – біздің қоғамның басты құндылығы. Өйткені, өз ісі мен ұстанымы арқылы өзгелерге үлгі болып отырған отбасылар – қашан да мемлекет байлығы, ел мерейі.

Ендеше, мерейімізді тасытар, қазақы қалыбымыздың абыройын асқақтатар осындай ізгі жандарға ұзақ ғұмыр жазғай деген ізгі тілектеміз!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз