Жарнама
Медицина

Жүрек неден ауырады?

Бүгінде облыстық кардиологиялық орталықта жалпы саны 150 кереует адамға шақталған стационар (аурухана) жұмыс жасайды. Оның 90-ы жүрек, 60-ы қан-тамыр ауруларына шалдыққан науқастарға арналған.

Яғни, осынша пациентке заман талабына сай мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігіміз жетеді. Соңғы жылдары бұрынғыларына қоса жаңадан өткір коронарлық синдром, созылмалы жүрек аурулары, кардиоаритмология және басқа бірнеше бөлімше ашылды. Қазірде орталықта барлығы 31 (соның ішінде 17-сі жоғары санатты) дәрігер жұмыс жасайды. Олардың арасында ғылыми дәрежеге ие екі әріптесіміз бар. Тәжірибесі жеткілікті, біліктілік деңгейі жоғары дәрігерлердің қатарында  жетекші маман, облыстың штаттан тыс аритмологы Мәлік Сахыпов, қан тамырлары хирургі, бөлімше меңгерушісі, осы саладағы облыстың бас маманы Ерлан Мәдешев, кардиохирургия бөлімшесінің басшысы Асылбек Қонысов, аймақтың штаттан тыс реаниматолог дәрігері Жангелді Қадыров, рентгенжирург Серік Еспаев және басқаларының есімдерін атауға болады. Бұлардан бөлек, 38 мейірбике жоғары санатты орта буын медицина қызметкері саналады, — деді облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Сандуғаш Борисқызы.

Күрделі ота орталықта жасалады

Оның айтуынша, алға қойылып отырған басты мақсат – медициналық қызметтің сапасын үздіксіз жетілдіру және жаңа технологияларды қолданысқа енгізу. Сондай-ақ заманауи технологиялардың алдыңғы қатарында имплантацияланатын кардиовертер дефибрилляторын атауға болар еді.  Бұл – өмірге қауіп төндіретін аритмияларды жоюға және жүректің тоқтап қалуын болдырмауға арналған құрылғы.

Қазіргі кезде тахикардияны тиімді емдеудің түрі және бірден бір оңтайлы жолы – осы дефибрилляция тәсілі болып табылады. Медицина тілімен айтқанда, дәл осы дефибрилляция әдісі жүректің қалыпты жиырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін  электрлік разряд туындатады.

Облыстық кардиологиялық орталықта осындай ота өткен жылы  Құрманғазы ауданының шалғай ауылынан келген 58 жастағы науқастың жүрегіне жасалыпты. Күрделі отаны жасаған кардиологиялық орталықтың хирург-аритмолог дәрігері Мәлік Сақыповтың сөзінше, кардиохирургтер әуелі науқасқа коронаграфиялық диагностика жүргізіп, нәтижесінде оған кардиомиопатия диагнозын қойыпты. Соның арқасында алыстан жеткізілген пациентке шұғыл түрде ота жасалып, ол сәтімен шыққан.

Науқастар осында оңалтудан өтеді

Мекеме басшысының мәліметінше, өткен жылдың өзінде орталықта түрлі ауру белгілерімен түскен 100-ден астам науқасқа қажетті ота (олардың басым бөлігі кардиохирургиялық оталар) жасалып, өмірін жалғастыруға жол ашылған. Бұдан бөлек, бірнеше жүздеген науқастың тарылған тамырына стенд қойылып, жүрек жұмысы қалпына келтіріліпті.

Атап айтар жайт, жүрегіне ота жасалған науқастар осында оңалту курсынан өтеді. Орталық мамандарының көмегіне жүгініп келген пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен дәрігерлік жәрдем көрсетіледі. Зертханада оларға соңғы үлгідегі медициналық жабдықтардың көмегімен коронарография жасалады. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда оларға «жедел миокард инфарктісі» диагнозы қойылып жатады. Осының өзінен-ақ, бізде жүрек ауруына шалдығушылардың жылдан жылға көбейіп, жасарып бара жатқанын аңғару қиын емес.

Атыраудағы тәжірибе алмасу алаңы

Атыраудағы кардиологиялық орталыққа республикамыздың батыс аймағындағы облыстардан да науқастар келіп, отадан өтіп, сауығып кетіп жатады. Оның үстіне бұл еліміздегі осы салаға маманданған бірден бір орталық саналғандықтан, өзге өңірлерден мамандар келіп, атыраулық әріптестерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сыныптарын өткізіп, біліктілік деңгейлерін көтеруге мүмкіндік алады. Жаңа да заманауи технологиялардың қыры мен сырын үйренеді.

– Бізге жүктелген маңызды міндет – қайткенде де алдымызға келген адамның жанына араша тұрып, оған екінші өмір сыйлау. Ең бастысы, жүректің соғысынан жаңылмасы үшін  орталықтың ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасауға әзір,-деді сөзінің соңында Сандуғаш Жұмағалиева.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button