Жарнама
МедицинаСарапTime

– «Жеттім» деген жығылады, «толдым» деген төгіледі, – дейді Тыныштық МӘТЕШҚЫЗЫ

ДӘРІГЕР – СЫРТ КӨЗГЕ КӨП МАМАНДЫҚТЫҢ БІРІ СЕКІЛДІ КӨРІНЕДІ. ШЫНДЫҒЫНДА, ОЛ ӨМІР БОЙЫ ОҚУ МЕН ҮЙРЕНУДІ, БІЛІКТІЛІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ, АДАМГЕРШІЛІК ПЕН АДАЛДЫҚТЫ, САБЫР МЕН МЕН ТӨЗІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ. БІЗ МҰНЫ ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНДА ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ БОЛЫП ЕҢБЕК ЕТКЕН САЛА АРДАГЕРІ ТЫНЫШТЫҚ МӘТЕШҚЫЗЫМЕН ӘҢГІМЕ БАРЫСЫНДА БАЙҚАДЫҚ.

– Мен дəрігер болуды армандадым. Ал, арманына ұмтылған адам оған жетпей қоймайтыны анық, — деп бастады ол əңгімесін. – Осылайша, 1962 жылы Ақтөбе медициналық университетіне оқуға қабылдану үшін емтихан тапсырып, сынақтан сүрінбей өттім. Ол кезде қазіргідей тест деген жоқ қой, ауызша жəне жазбаша түрде білімімізді көрсетеміз. Осылайша, аталған жоғары оқу орнында алты жыл білім алдым.

– Жұмысқа қалай жəне қайда орналастыңыз?

– Кешегі кеңес кезін аңсап отырған жөнім жоқ. Бірақ, өткеннен де өнеге алатын тұстар баршылық. Соның бірі – жас маманды жұмысқа орналастыру міндетін мемлекеттің өз мойнына алатындығы еді. Мені де оқу бітірген соң өзім туып-өскен Жылыой ауданына жолдамамен жіберді. Аудандық ауруханада алғашқы еңбек жолым басталды.

– Денсаулық сақтау саласының қай бағыты да күрделі. Əйткенмен соңғы кезде ана мен бала өлімі азаймай отыр. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Мен қазір зейнеткермін, сондықтан бүгінгі ахуалға баға бере алмаймын. Бірақ, байырғы акушергинеколог ретінде жиған-терген тəжірибем баршылық. Газетіңізден де, теледидардан да оқып-көріп жүрмін, қазір мəселенің бəрін маман тапшылығына əкеліп тіреп жатыр. Бірақ, мен «дəрігер болғысы келетін адам жоқ» деген пікірмен келіспеймін. Маман тапшылығы бүгін ғана орын алып отырған жоқ. Дəрігерлер бұрын да жетіспейтін. Бірақ, біз бəріне де үлгердік. Күні-түні тынбай еңбек еттік. Екіншіден, «науқастар көбейгендіктен мамандар үлгермейді» дегенді естимін. «Қағазбастылыққа жұтылып жатырмыз» дейтіндер де бар. Бірақ, мұның бəрі біздің кезімізде де болды ғой. Алайда, ешкім олай шағым айтпайтын. Керісінше, құралжабдықтың жоқтығына қарамастан жұмыс жасады, жемісін көрді. Учаскелік дəрігер дегеннің өзі мүлде болмады. Бірнеше маманның жұмысын біреуі ғана атқарып жүре беретін. Ал, қазір бəрі бар… Мен өзім ота жасайтын дəрігер болдым. Бұл психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық жағынан да өте ауыр жұмыс. Қазіргідей таңдай қақтырар технология жоқ, отаның бəрі қолмен жасалатын.

– Бүгінгі жас мамандарға айтар ақылыңыз қандай?

– Дəрігер болу үшін үздіксіз білім алу қажет. Жас маманға «болдымтолдым» деген жарамайды. Құрметті де қастерлі мамандық иесі болу оңай емес. Екіншіден, дəрігердің біліктілігін оның дипломы немесе сертификаты емес, күнделікті жұмыс барысында жинаған тəжірибесі анықтайды. Мəселен, мен ота жасаған кезімде міндетті түрде жастарды көмекшілікке алып отырушы едім. Біраздан соң олар өздері ота жасауға құлшыныс танытатын. Расымен теория қалай маңызды саналса тəжірибе де солай. Екеуін бірбірінен ажыратуға болмайды. Бүгінде «сертификатым бар» деп кеудесін керіп, жер тепкілеп тұратындар бар. Ал, бір жапырақ қағазға дəрігердің білім-білігін қалай сыйдыруға болады? Сондықтан қысқамерзімді оқу курстарынан өтіп, ешкім білікті маман болып кетпейді. Бұл медицина саласына жат нəрсе. Осындайдан қазір диагностика саласы зардап шегуде. Науқасқа дұрыс диагноз қойылмағандықтан, ауру асқынып кетіп жатады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Бұл тек науқасқа емес, дəрігерге де қаратыла айтылған. Қалай болғанда да, оқып-үйренуден жалықпау қажет. Біз шашымызға ақ түссе де кітаптан бас алмадық. Себебі, бүгін бір аурудың емі табылып жатса, ертең екіншісі пайда болады. Яғни, қандай ауру да бір формада тұрмайды, уақыт өткен сайын өз қасиеттерін өзгертеді. Коронавирус пандемиясы тараған кезде де вирус неше түрлі мутацияға ұшырағаны белгілі. Сондықтан, дəрігер ең ауыр жағдайларға дайын болуы керек. Айтарым, емдегісі келмейтін дəрігер болуы мүмкін, бірақ, емі жоқ ауру көп емес. Олай болса, алыстағы Астраханды аңсамай, өзіміздің Атырауда сапалы ем алуға мүмкіндік мол, тек мамандарымыздың біліктілігі жоғары болсын дейік!

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Тыныштық МӘТЕШҚЫЗЫ 1944 жылы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. Ақтөбе медициналық университетінің 1968 жылғы түлегі. 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бүгінде үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Үлкен ұлы Әсет Мағауов – қазір еліміздің Энергетика вице-министрі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button