Жеміс шайы денсаулыққа зиян болып шықты
Ғалымдар жеміс шайы немесе хош иістендірілген су тәрізді сусындардың тіске зиян келтіріп, тіс кіреукесін зақымдайтынын мәлімдеді.
Лондондағы Корольдік колледж мамандары тамақтану арасында жеміс шайы немесе хош иістендірілген су тәрізді сусындарды ішу қышқыл салдарынан тістердің мүжілу қаупін арттыратынын анықтады. British Dental Journal журналында жарияланған зерттеуде тіс ауруларына шалдыққан 300 адамның ұстанатын емдәм түрлері талданған.
Зерттеушілердің сөінше, жеміс шырыны, жеміс шайы, емдәмдік сусындар мен құрамында көп мөлшерде қант кездесетін сусындар тістің зақымдалуына алып келеді. Тамақтану арасында күніне ек рет лимон қосылған су ішкен адамдарда тістің мүжілу 11 есе артқан. Алайда сусынды тамақтанған уақытта ішсеңіз, мұндай қатер төмендейтін көрінеді.
«Егер түскі ас кезінде тіскебасар ретінде алма жесеңіз, кешке қышқыл өнім жемеуге тырысыңыз. Егер кешке шарап ішсеңіз, таңертең жеміс шайынан бас тартыңыз. Тағамдық үлесіңіздегі сусындар мен тіскебасардың арасында үйлесім болуы тиіс», – дейді зерттеу авторы, доктор Сирша О’Тул.
Сондай-ақ, мамандар зиянды сусындарды түтікшенің көмегімен ішуге кеңес берді.
Хорлан Смадияр