Жарнама
Медицина

Жедел-жәрдем қызметі: «қорқынышты ішкі сеніммен жеңдік»

АТЫРАУЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ҮШІН ӨТКЕН ЖЫЛ ОҚЫС ОҚИҒАЛАРМЕН БАСТАЛҒАН ЕДІ. СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗДЫҢ КЕНЕТТЕН ҚЫМБАТТАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ЕЛІМІЗДІҢ ӨЗГЕ ҚАЛАЛАРЫНДА ЖАЛҒАСЫП, ОЛ АТЫРАУДЫ ДА АЙНАЛЫП ӨТПЕГЕНІ БЕЛГІЛІ. ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚАРБАЛАС, ДЕМАЛЫСТАН КЕЙІНГІ ҚАЛЫПТЫ ТІРЛІККЕ БЕЙІМДЕЛЕ ҚОЙМАҒАН ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНДАРЫ, ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ ӨЗДЕРІНЕ АРТЫЛҒАН МІНДЕТТІ АЙРЫҚША ЫНТАЖІГЕРМЕН ОРЫНДАДЫ.

screenshot 9

Қаңтардағы қарбалас

Қиын кезде қызмет орнында болған облыстық жедел жəрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева жедел жəрдем қызметі мереке күндері тəулік бойына ауысыммен жұмыс істегендігін айтады.

– Қаңтар оқиғасы кезінде жаңа жылдық демалыстан шығып, жұмысқа кіріскен кезіміз. Өзге қалаларда халықтық толқулар болып жатқандығын естідік. Қаңтар айының 5-інде түскі үзілістен соң 14.30-дың шамасында жарылыстардың дауысы естіле бастады. Осы кезде басшылық тарапынан қандай жағдайға да дайын болу керектігі туралы хабар келді, — деген Наргиз Нұридинқызы интернеттің жоқтығы, байланыстың нашарлығы диспетчерлік қызметтің жұмысына кедергі келтіргенін жасырмады.

Дəрігерлерге хабарласу да мүмкін болмаған. Сол күні кешқұрым жедел жəрдем стансасына əскери қызметін атқарып жүріп, жарақат алған жауынгерді алып келеді. Дегенмен, көп ұзамай оның соңынан ашулы бір топ қуғыншы жетіпті. Сондай сындарлы сəтте дəрігерлер қолында ешқандай қаруы жоқ 21 жастағы жауынгерді жасырып, аман алып қалады. Содан соң, келесі бір жауынгерді кардиоорталыққа жеткізген. Артынша əскери киім киген адам орталық көпір арқылы қашып келіп, жедел жəрдемнің көмегіне жүгінеді. Ол Ұлттық ұлан қызметінің командирі екен. Жауынгерлерге жедел жəрдем қызметкерлерінің киімін кигізіп, олардың əскери бөлімге аман-есен баруына да себепші болыпты. Міне, осылайша ақ халатты абзал жандар өз міндеттеріне адалдық танытады. Директордың орынбасары сол қиын күндері қала бойынша 25 бригада жұмыс істегендігін айтады.

– Ол уақыт өте бір қауырт кезең болды. Жедел жəрдем стансасының 4-5 көлігіне зақым келді. Бригададағы қызметкерлердің де қауіпсіздігіне алаңдадық. Жаңа жыл қарсаңында да, коронавирустың өршіп тұрған кезінде де уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді, — деді Наргиз Нұридинқызы.

screenshot 11

Сындарлы сәтте

Екі жыл қатарынан Жаңа жыл кезінде жедел жəрдем стансасында кезекшілік міндетін атқарған жас фельдшерлер Арайлым Бағытовамен Аружан Ахметқызы –қаладағы медициналық колледждің түлектері. Қаршадай қыздар қаңтардағы дүрбелеңнің куəгерлері боламыз деп ойламаған еді. Қақтығыстар орын алған жерден шақыртулар түсе бастаған сəтте, екеуі бригада құрамында алғашқы көмек көрсетуге жолға шығады.

– Сол күні əдеттегідей кезекшілікте болдық. Əкімдіктің алдында митинг болып жатқаны туралы естідік. Бізге 16.00- ден кете облыстық əкімдіктің артында басынан жарақат алған адамға көмек көрсету керектігі туралы шақырту түсті. Шақыртуға бара жатқан жолда бізді арнайы жасақтың адамдары тоқтатып, жарақат алған екі жауынгерге көмек беруімізді сұрады. Полиция мен арнайы жасақтың қызметкерлеріне көмектесіп жатқанымызға наразы болған ашулы топты көрдік. Олармен түсінісіп, сөйлесуге мүмкіндік болмады. Арнайы жасақтың қызметкерлерін көріп, көлікті сілкіп, оларды түсіріп алғысы келді. Оларға қарсылық танытатындай мүмкіндігіміз болған жоқ. Мұның бəрі шақырту түскен жерге дейін болған жағдайлар… Біз барғанда жарақат алған жігіт қайтыс болып кетіпті. Сол жерге жиналған адамдар қарсылығымызға қарамастан көліктен санитарлық зембілді (носилка) алып, қайтыс болған жігітті салып жіберді. Негізі дүниеден өткен адамды 102 нөміріне хабарлап, қаулы арқылы мəйітханаға тапсыру керек болатын. Ол уақытта байланыс желісі де жоқ еді. Ешкімге хабарласа алмадық. Көлікпен қозғалып кетудің өзі қиындық тудырды. Арнайы жасақтың жарақат алған екі қызметкерін облыстық ауруханаға жеткізіп, қаза тапқан жігітті Сарыөзек (Черный речка) ауылындағы мəйітханаға апарып тапсырдық. Сол күндері көлік жүргізушісі болған əріптесіміз Асылбек Нареновтің де ерекше қолдау көрсеткенін айта кетуіміз қажет. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал. Ауыр сөздер де естулеріңіз мүмкін. Сол кезде ұстамдылық, сабырлылық таныту керек, — деген Арайлым Ерсайынқызы фельдшерлерге тəжірибе алмасу курстарының пайдасы көп болғандығын айтады.

Оқу орнында алған теориялық білімді тəжірибемен ұштастырған мамандар бастапқыдағы қорқыныштарын жеңіп, бүгінде өз істеріне төселген. Əдетте, өлімнің түсі суық болады емес пе? Жұмыс барысында əртүрлі дене жарақатын алып, қайтыс болған адамдарды алғаш көретін де осы мамандық иелері. Қыздар мұндай жағдайға бойларының үйренгенін айтады. Колледжде патанатомия деген пəн бар. Сол пəннің де үрейді жеңуге көмегі болған. Мəйітханада өткен сабақ та қорқынышты басуға əсер еткен көрінеді. Кейіпкерлеріміз мектеп жасынан бастап осы салада оқуға ынталы болған. Ата-аналары да осы мамандықты таңдағанын қалапты.

– Бұл саланың өзіндік қиындықтары бар. Мəселен, санитарлық зембілді көтеру керек болса көтеріп жүре береміз. Ем алушының жағдайын ойлап, көмектесуге асығып тұрамыз. Ал, үйдегі ата-анамыз біз үшін алаңдап, тілегімізді тілеп отырады. Өзіміз таңдап алған мамандық болған соң, шыдамдылық танытамыз, — деді Аружан Ахметқызы.

Жедел жəрдем қызметкерлері Жаңа жыл кезінде шақыртқан үйлерге барған сəттерінде түрлі жағдайлардың куəсі болып жатады екен. Əсіресе, қаңтардың 1-і мен 2-де шақыртулар көбейетін көрінеді. Айталық, алкогольмен улану жағдайлары жиі туындайды. Жедел панкреатит, жедел холецистит, іш өту секілді түрлі аурулармен жедел жəрдем көмегіне жүгінеді. Осы кезде балалар да жиі ауырады. Ата-аналар қонаққа барып, кішкентайларын қараусыз қалдыратын кездері де аз емес. Дəрігерлердің мəліметінше, ішек инфекциясының белгілері пайда болып, күйіп қалатындардың, төбелестен түрлі жарақат алатындардың саны да осы уақытта артады.

screenshot 10

Жедел жәрдем шақыртудың тәртібі бар

Жедел жəрдем қызметіне көп жағдайда халықтың көңілі толмай, дəрігерлерге жиі сын айтылып жататыны жасырын емес. Осыған байланысты мамандардың да келтірер уəждері бар. Олардың пікірінше, жүкті əйелдер мен 3 жасқа дейінгі балалардың бойында қызуы болса, міндетті түрде ауруханаға алынады. Кейбір жағдайларда үлкен кісілер емханаға баруды қиынсынып, бригада шақыртып, жедел жəрдем қызметіне жиі жүгінеді екен. Халық арасында дəрігер шақыртудың тəртібін білмейтіндер кездеседі. Жедел жəрдем шақыртудың санаттарға бөлінетіндігін, бригада соған байланысты əрекет ететіндігін көпшілік ұғына бермейді.

 – Негізі шақыртудың 30- 40 пайызы қызу көтерілуіне байланысты түсіп жатады. Халықты құлақтандырып, жедел жəрдем қызметіне деген сауатын жетілдіру мақсатында əлеуметтік роликтер дайындап жатырмыз. Жедел жəрдемге жүгінетін адамдардың санаттары əртүрлі. Айталық, бірінің қызуы көтерілсе, бірі инфаркт алып жатады. Екі аурудың айырмашылығы бар ғой. Сонымен қатар, кішкентай баланың қызуы көтерілсе, оның ата-анасы дəрі беріп, күтім жасағаннан гөрі бір күнде емделіп кеткенін қалайды. «Ең тиімдісі, жедел-жəрдем шақырып, екпе салдыра қою» деп ойлайды. Ал, ол негізінен балаға зиян. Ата-ана баланы өмірге əкелген соң жан-жақты сауатты болуы керек. Демек, халыққа əлі де болса жедел жəрдем шақыртудың тəртіптері туралы емхананың учаскелік дəрігерлері толыққанды түсіндіруі қажет деп ойлаймын, — деді директордың орынбасары.

Халықтың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, уақытында скринингтік тексерістен өтіп тұрулары да аурудың алдын алудың кепілі. Өкінішке қарай, ауру асқынып, дерт меңдеген кезде ғана дəрігердің көмегіне жүгінетінімізді мойындауымыз керек.

Көлік жүргізушілері де көмекке келеді

Бүгінде облыстық жедел жəрдем стансасында төрт қосалқы станса жұмыс істейді. Облыс бойынша 44 жедел жəрдем бригадасы, 460 фельдшер бар. Шақыртулар көбейген кезде сырқатқа тезірек жету үшін қосымша бригадалар шақыртылады екен. Дəрігердің сөзінше, жыл соңында шақыртулар саны өте көп болған. Ковид пандемиясы кезінде максималды шақыртулардың саны тəулігіне 1300-ге жуықтаса, қазіргі таңда оның саны əлдеқайда артып отыр.

– Облыста үш медициналық колледж бар. Ол жерлерде фельдшерлер дайындалады. Аталған мамандардың қатары толық болғанымен, педиатр, жедел жəрдем дəрігерлері жетіспейді. Қазір балаларға қызу, жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша шақыртулар көп. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бригадада бір ер адамның болуын назарда ұстаймыз. Алайда, фельдшер ер адамдардың саны жетіспейді. Сондықтан белгілі бір дəрежеде курстардан өткізіп, көлік жүргізушілерінің де көмегіне жүгінуге мəжбүрміз, — деді станса директорының орынбасары Наргиз Нұридинқызы.

Станса аумағы абыр-сабыр. Жедел жəрдем көліктерінің бірі келіп, бірі кетіп жатыр, бəрі асығыс. Бұл көрініске қарап, аурулардың да, шақыртулардың да аз емес екенін аңғаруға болады. Біз келесі бір кезекшілік ауысым тұсына тап келдік. Жедел жəрдем қызметкерлері өз жұмыстарына мұқият қарап, саулық тілеп, тарқасып жатты. Кезекті ауысым қызметкерлері үшін тынымсыз еңбек күні басталды. Ендеше, əр адамның саулығының сақшысы саналатын дəрігерлерге бригада сапында сақадай сай тұрып, халық үшін қалтқысыз қызмет етулеріне тілектеспіз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button