Жатыр мойны обырына қарсы күрес күшейтілуде
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеледі, оның 600-і науқастардың өмірін қиып кетеді. Бұл дерт елімізде фертильді жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші негізгі себебі болып отыр. Сондықтан дерттің алдын алудың іс-шараларына бейжай қарамаған жөн. Бұл туралы Атырау облысында «Жатыр мойын ісігіне қарсы вакцинацияның профилактикалық маңызы» тақырыбында өткен семинарда жан-жақты айтылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған жиынға білім басқармаларының өкілдері, медициналық мекемелердің басшылары және мектеп директорлары қатысты.
Семинардың басты мақсаты – жатыр мойны обырының алдын алуда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру. 17-21 желтоқсан аралығында өткізілетін ақпараттық шара барысында денсаулық сақтау саласының мамандары аурудың алдын алу үшін вакцинацияның тиімділігі туралы кеңінен түсіндіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың 90%-ын вакцинациялаумен қамту арқылы бұл мәселені шешуге болады. Семинар барысында осы мақсатқа қол жеткізу үшін жоспарланған шаралар мен шетелдік тәжірибе, әсіресе Австралияның табысты үлгісі талқыланды. Вакцинациялаудың жоғары деңгейінің арқасында Австралияда жатыр мойны обырының жаңа жағдайлары мүлдем анықталмаған.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ