Бүгінгі таңда қыз-келіншектер көрікті болудың құпиясын оташының пышағынан іздейтін болды. Келісті кескін, әдемі пішін, сұңғақ бой, қыр мұрын, қиғаш қас, қолаң шаш… Тізбектей берсек, көп-ақ. Табиғи келбетіңіз өзіңізге ұнамаса, қапаланудың қажеті жоқ. Қалтаңызда қаражатыңыз болса, кәсіби мамандар барлығын «түзетуге» әзір. Алайда, «артық қыламын деп, тыртық қылып» жүргендер арамызда неге көбейіп кетті? Сұлулық «құрбаны» болған кімдер?
«Сұраныс та, тапсырыс та көп»
Иә, қазір әлемде сұлулық индустриясының айы оңынан туып тұр. Бояндырудың жаңа техникасы, заманауи кәсіби косметика, көп салалы салондар, пайдасы мен зияны… Нарықтағы өтімді тауар мен өнімді бизнес те осы кәсіп түрі болып отыр. Сенбесеңіз, әлемдік деңгейдегі визажист Гоар Аветисянның әлеуметтік желілердегі парақшаларын қараңыз. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын оның шеберлік сабақтарының қай-қайсысы да аншлагпен өтеді. Тіпті, алысқа да бармай-ақ қоялық. Өзіміздің қаршадай қазақ қызы, кәсіпқой визажист Сәнді Бексырғаның да шыққан белесі биік. Ол бүгінде түсірілім алдында қазақстандық шоу-бизнестегі қыз-келіншектердің басым бөлігін бояндырады. Демек, қазір сұлу болуға сұраныс жоғары.
Опа-далап, жалпы косметика атаулы арулармен егіз ұғым іспеттес. Кәсіби мамандар қолданатын «өнімдер» ме, әлде күнделікті тұтынуға арналған бағасы қолжетімді тауарлар ма? Сауда орындарының жайма сөрелерінде таңдау көп. Бірақ, бәсі арзандау өнімнің сапасы да соған сай болатынын естен шығармау керек. Нарықтағы табысты бизнестің бірі – той болса, оның иелері де, меймандары да, тіпті кештің басты «кейіпкерлері» кәсіби макияж жасатқанды қалайды. Ал, ол тегін емес. Халыққа қолжетімді сұлулық салондарының өзінде қалыңдықты бояндыру 6 мың теңгеден басталады. Жалпы, күндізгі немесе кешкі кәсіби макияж 7-8 мың теңгеге бағаланады. Яғни, маникюр, шаш әрлеуі секілді басқа «қызметтерді» қоспағанда 4-5 сағат уақыт бойы мінсіз сұлу болу үшін 10 мың теңге қажет. Әрине, мамандардың көмегіне жүгіне ме немесе өз шеберлігін қолдана ма, ол әркімнің өз еркі. Бояну мен опа-далапқа кімнің қанша жұмсап, шығынданатында шаруамыз жоқ. Бізді алаңдататыны – соңғы кезде әдемілікке құмартамын деп отаның көмегіне жиі жүгінетін жандардың көбейіп кетуі.
Пластикалық ота «дәуірі»
Қазір пластикалық операция жасату жолында өзін де, ақшасын да аямайтын қыздар аз емес. Дене пішімін, түр әлпетін өздері қалағандай өзгерту үшін пышаққа жүгінген сұлулар сұлулық жолында өздерінің өмірін қиюға бар. Мамандардан сұрастыра келе, хирургиялық операцияның ең арзаны ерінге жасалатынын білдік. Оның бағасы 35 000 теңгеден жоғары көрінеді. Ал, құлақ пен көз айналасына жасалатын ота 80 000-150 000 мың теңге арасында екен. Егер дене пішініңізді өзгертуге бел бусаңыз сізге 500 000 теңгеден жоғары қаражат қажет.
Дүниежүзі елдері арасында Корея мен Жапонияның қыз-келіншектері пластикалық ота жасатудан алдына жан салмайтын көрінеді. Кәмелеттік жасқа жеткеннен соң өзінің көңілі толмайтын пішінін оп-оңай өзгертіп, хас сұлуға айналу үшін неше түрлі процедурадан еш қиналмастан өтеді екен. Мұндай көрініс қалыпты жағдай ретінде саналады. Яғни, сұраныс-қа сай бұл елде сұлулық индустриясының дамығаны соншалық, пластикалық ота жасаушы хирургтар арасында бәсекелестік орта қалыптасқан. Әлеуметтік желілерде ерекше жылдамдықпен тараған суретте жапондық қос сұлудың қайсысы анасы, қайсысы қызы екенін ажырата алмауымыздың себебі мен сыры сәтті отаның «сиқыры» болып шыққаны есімізде.
Өкініштісі сол, еліміздің батыс аумағындағы қалалардың сұлулық салондарының бірінде жасалған уколдан үш баланың анасы — 39 жастағы әйел қайтыс болған. Пациент әйел мәскеулік дәрігер-косметолог жасаған белгісіз препарат инъекциясынан кейін бірер минуттан соң дүниеден өтіп кеткен. Асыға жеткен «жедел жәрдем» оның өлімін ғана тіркеп, түсінік берді.
Белгілі болғандай, косметологтың Қазақстанда дермато-косметологиялық қызметтер көрсетуге лицензиясы болмаған. Маманның өзі қателігін мойындаған, бірақ, туыстарына моральды және материалды зиянды өтегеннен кейін әйелдің әкесі процессуалдық келісімге келді.
Ботокстың пәлесі
Сұлулық «құрбаны» болғандар ботокс жасатушылар арасында да көп. Әсіресе, сәтсіз егілген инъекцияның салдарынан барынан айырылып, тегіс беті жиырылып қалғандар да аз емес. Әжімдерді жою үшін теріге инъекциялық әдіспен енгізілетін дәрілік препараттың диспорт, ксеомин және лантокс сынды қосымша түрлері де бар. Инъекциялық екпе бол-ғанымен, фармацевтикалық дәрі дәрежесі жоқ. Бейресми мәліметке сенсек, бүгінде Қазақстанда әрбір оныншы әйел осы инеге әуес көрінеді. Алайда, оның денсаулыққа зияны шаш етектен екенін түсінбейтін сияқты.
«Cұлулық инъекциясының» құрамында А типіндегі ботулиндік нейротоксиннің барын көбі біле бермейді. Бұл дегеніңіз – у. Мұны ғалымдар да ресми түрде растаған. Зерттеушілер А типіндегі ботулиндік нейротоксин адам не жануар ағзасына түскенде, ми мен жұлынның, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына алып келетінін айтады. Косметологтар да оның кемшілігін жасырмайды.
– Жалпы, ботоксты өз уақытында, керекті мөлшерде ғана қолдану керек. Ал, ерте жасатудың пайдасынан зияны көп. Мәселен, ботоксты бір жасатқан адам жарты жыл немесе үш ай сайын оны қайталап тұрмаса, әжімі тереңдейді және оның орны солып, бет-жүзі ажарсызданып кетеді. Оның да әсері 4-5 жылдан соң кете бастайды. Сосын инъекциялық екпеден әбден созылған бетті арнайы алтын жіппен тартуға тура келеді. Бұл да уақытша әрекет. Сонан соң нәзік жандылар пластикалық отаға жүгініп жатады. Ал, отадан соң беттегі мимика жоғалып, адамның тіпті күлуі, қаттырақ дем алуы қиындай түседі. Міне, ботокстың соңы осыған алып барады. Қазіргі таңда оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, 20 жастан асар-аспастан ботокс жасатамыз деп сұлулық салондарының есігін қағып жүрген бойжеткендер жетерлік. Ойлап көріңізші, түрлі эксперименттен өткен олардың беті 40 жаста қалай болмақ? – дейді кәсіби косметолог Гүлмира Әбенова.
Десе де, барлық жағдайды біле тұра сұлулықты қолдан жасағысы келетіндердің қатары көбеймесе, азаяр емес. Сондықтан косметолог міндетті түрде медициналық сауаты және іс-тәжірибесі бар маманға жасатуды ескертеді. Процедураның сәтті өтуі көбінесе дәрігердің білігіне, дәрі мөлшерін дұрыс қолдануына байланысты екен. Сондай-ақ, кәсіби маман сұлулық сыры күтімге байланысты екенін қадап айтты. Демек, әйел заты бет күтімінде ешқашан еріншектікке салынбай, күн сайын сапалы кремдерді қолданып жүру керектігін қатаң ескертті. Айталық, қарапайым күн сәулесінің өзі терінің тез қартаюына әкеп соқтырады екен. Бетті сауатты тазалап, ылғалдандырғыш, нәрлендіргіш кремдерді міндетті түрде жағып жүруге кеңес береді.
Тобықтай түйін
Сұлу болған жақсы-ау, бірақ, кейде көшеден кей қыздарымыздың ажарын көріп, оның жас шамасын да анықтай алмай қалатынымыз бар. Сондықтан, ерте жастан косметикаға жақын болғаннан гөрі күтімге назар аударып, ботокстың да, басқаның да «көмегіне» жүгінбегеніміз жақсы емес пе? Айтпағымыз, сұлу болу үшін ақыл-естен айырылудың қажеті жоқ. Әйелдің бәрі әдемі!
Айбөпе Сабырова