Уақытпен санаспайтын амбулатория
АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЕЛДЕ ЖЕТІП-АРТЫЛАДЫ. СОҢҒЫ БІРЕР ЖЫЛДА БҰЛ БАҒЫТТЫ ЖАҚСАРТУ ЖӨНІНДЕ ТАПСЫРМАЛАР ДА БЕРІЛДІ. НАҚТЫ АЙТҚАНДА, АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН АЛҒАШҚЫ ДӘРІГЕРЛІК КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТӘСІЛДЕРІН МЕЙЛІНШЕ ТИІМДІ ЕТІП, БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДІ ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ ЖӘНЕ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН КӨЗДЕЛГЕН.
Ескі ғимараттағы еңбек
Мемлекет басшылығы тарапынан берілген осы бағыттағы тапсырмалардың орындалуын Тасшағыл ауылдық округіндегі дəрігерлік амбулаторияның ұжымы асыға күтіп отыр. Олар отырған ғимарат соңғы рет 2006 жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Пайдалануға берілгеніне 40 жылға жуықтаған қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 692,4 шаршы метр екен. Қаншама қиын болғанмен ауыл халқына қолдан келген дəрігерлік көмегін аямайтын ұжымның еңбегі де ұшан-теңіз.
Ауылдық округте 2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін дəрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Амбулаторияның жалпы тəжірибелік дəрігері Дана Айтқали былтыр Марат Оспановатындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тəмамдаған. Мекемеде өзінен басқа 14 мейірбике, 2 фельдшер, 3 санитар округке қарасты Қоғам, Қоныстану елді мекендерінің тұрғындарына дəрігерлік көмек көрсетеді. Қызылқоға аудандық ауруханасына бағынышты амбулаторияда пациенттер скринингтік тексеруден өтіп, оларға тиісті кеңестер беріледі.
– Қажеттілік туындаса «жедел жəрдем» қызметін қоса атқарып, науқастарды аудандық ауруханаға апарамыз. Қазір пациенттер арасында артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек-ишемиялық аурулары кездеседі. Жұмыс режимі уақытпен шектелмейді. Тəуліктің кез келген уақытында шақыруларға барып, шұғыл көмек қажет ететін науқастарға өзіміз қызмет көрсетеміз. Медбикелер фельдшердің де қызметін атқара алады. Қабылдау жүргізіп, шақыруларға барып қана шектелетін жалпы дəрігер секілді емес, хирург, гинеколог, отоларингологтың да міндетін атқара береміз. Шынында, ауыл медицинасы бізді əмбебап маман ретінде шыңдайды, қаладан келген пациенттерге де көмектесеміз. Диагностикалық аппараттардың барлығы аудан орталығында орналасқандықтан науқастар арнайы мамандардың кеңесін сол жерден алады, — дейді Дана Қанатқызы.
Бір ауылдағы 20-ға жуық адамға басшылық етіп отырғандықтан Д.Айтқалиден жас маманнан гөрі, мекеменің басшысы ретінде жауапкершілік сұралады. Бүгінде отағасының бабын тауып, екі баланың анасы атанып отырған дəрігерге қызметтік үй мен қомақты үстемеақы берілген. Сөйтсе де оның көп уақыты жұмыста өтеді екен. Бұрын Амандық Жақанов, Дəмегүл Меңдіғалиева, Света Сақтағанова, Амангүл Бөкеева, Жұмазия Ақдүйсенова, Шынар Шарафеденова, Covid-19 індеті кезінде Жаңагүл Қожахметова, басқа да білікті мамандар жұмыс істеген мекемеде бүгінде техникалық қызметкерлердің саны шектеулі.
Қонаққа шақырған пациент
Əдетте қиындығымен қызығы қатар жүретін мамандық иелерінің бастан кешкен оқиғалары да көп. Дəрігер болып еңбекке араласқанына бір жыл енді ғана болатын Дана Айтқали биыл ақпан айында шақыру бойынша науқастың үйіне барып, оған қалай көмек көрсеткенін де əңгімеледі.
– Шамамен түскі уақытта онкологиялық сырқаты бойынша есепте тұрған ер адамның ауырып жатқаны жөнінде шақыру түсті. Үйіне барып, сағат екіден алтыға дейін қасында болуға мəжбүр болдық. Сол күні біз бірнеше қызметкермен барып барынша көмектесуге тырыстық. Ауыр диагноз жанына батып, көзіне əртүрлі нəрселер елестеп жатты. Жанында туыстары да болды. Система салып, ауырсынуын басып, кешке аудан орталығына екі фельдшермен бірге əрең жеткізсек те ренішін білдіріп барған еді. Өйткені, ол кісі бұрын — соңды дəрігерге қаралып көрмеген. Қызығы сол, жағдайы тұрақталып, жазылып шыққан соң қызмет көрсеткен əріптестеріммен бірге үйіне қонаққа шақырды. Сол отырыста қыстыгүнгі жағдайды бір күліп, бір жылап еске алдық. Жоғары оқу орнында əрбір науқасты өзіңнің туысыңдай көру керектігін айтатын. Біздің ұжым да ауыл тұрғындарына мүмкіндігінше көмектесуге асығады, — дейді дəрігер.
Амбулатория ұжымының көрші ауылдардағы əріптестерімен де кəсіби қарым-қатынасы жақсы жолға қойылған. Жамбыл жəне Көздіғара ауылдық округтеріндегі жалпы тəжірибелік дəрігерлер Шынар Шарафеденова мен Жаңагүл Қожахметова тəжірибелі маман ретінде тəлімгерлік өнегелерін көрсетіп, үнемі көмектесіп, телефон арқылы ақыл-кеңестерін айтып отырады. Биология пəнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Дананың анасы қызының дəрігер болғанын қалаған екен. Перзентінің қабілет-қарымын байқап, осы салаға бағыттайды. Дананың өзі де бұл бағыттан бас тартпаған.
– Анам VIII сыныпта оқып жүргенім де, інімді кесарь тілігі арқылы дүниеге əкелген. Сол кезде балалық арманым дəрігер болу еді. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Үлкен мекемені басқарып отырғандықтан, іштегі барлық мəселеге араласуға тура келеді. Басында ауылды жіті танымағандықтан қиын болғаны рас. Біраз уақыттан соң бойым үйренді. Университетте дəрігерлікті оқытқанмен, басшы болуды үйретпейді ғой. Ол тəжірибе арқылы қалыптасады екен. Ата дəстүрін сақтаған Тасшағыл халқы жатсынбай қабылдап, бауырына басты. Біз науқас адамдарға соңғы демі қалғанша көмегімізді аямаймыз. Жағдайы төмен отбасыларға да қолдан келгенше қайырымдылық жасауға тырысамыз. Жауапкершіліктің жүгі ауыр, — дейді ауыл дəрігері Дана.
Алмас ҚАБДОЛОВ