Тіс емдету неге қымбат?
«Сау тіс сұлулықтың ғана емес, денсаулықтың да кепілі. Мен мұны аузымдағы тістерім сирегенде бір-ақ түсіндім. Не дұрыс тамақтанудан, не емін-еркін сөйлеп, күлуден қалдым. Жас кезімде тіс сәл ауыра қалса оны емдетіп, сақтап қалудың орнына бірден жұлғызып тастайтынмын. Дәрігерлер де оның дұрыс еместігін айтып, түсіндірмейтін. Тұрмысқа шығып, дүниеге үш сәбиім келді. Сол сәттен бастап тісімнің сапасы нашарлай берді. Осылай бас-аяғы он жыл уақыт аралығында санаулы тіспен қалдым. Емдету ақшасын қымбат көріп жүргенімде, жасанды тіс (имплант) салдырудың тіптен қолжетімсіз екенін білмеппін. Ақыры, 8 имплант, өзге тістеріме салынатын тіс қаптамалар (коронка) мен емдету жұмысы 1 850 000 теңгеге шықты. Ең қиыны, мұны айлығым аз болғандықтан, банктен несие алып жасаттым…»
«Несін жасырайын, несие алдым…»
Бұл – 145 мың теңге жалақы алатын мемлекеттік мекеме қызметкері Эльмираның айтқаны. Жалақысы аз болғандықтан, артық қаржысы жоқ. Зейнетақы қорындағы жинағы да мардымсыз ол тіс салдырып, емдеткені үшін енді бес жыл бойына айына 45 мыңнан несие төлейді. «Өйтпеске амалым қалмады» деп ағынан жарылған келіншек тіс емдетудің осыншалықты қымбат тұратынын айтып шағынды.
– Несін жасырайын, осылай несие алдым. Бұл бағасын орташа есеппен шығарған жеке тіс емхананың құны. Бағаны көре тұра, шешімді бірден қабылдағаным жоқ. Бір жыл уақыттай ойланып барып, басқа амалымның жоқтығынан бардым. Сапалы емдейтінін естіп, өзгелеріне де жолығып көрдім. Бұл бұл ма, өзім қалаған тіс емханасы 4,5 миллион теңгеге шығатынын айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Әр істі басыңа түскенде білесің. Ем-шара ұзаққа созылып, алдымен тіс шегелерін ғана орнатып, кейін әбден орнығып кеткенше екі жылға жуық уақыт кетті. Қазір қарапайым қызметкер ретінде бұл қаражатты өтеудің өзі оңай тиіп жатқан жоқ, — деді ол.
Шынында, Эльмираның сөзінің жаны бар. Арамызда тіс емдетудің әлегімен жүргендер көп-ақ. Тұрғындардың сөзінше, тіс емдетудің құны расында да шарықтап тұр. Сондықтан, Эльмира секілді жандарды қаржыға сауатты адамдар «қит етсе несие алады» деп кінәлай да алмас. Халықтың несиені еріккеннен емес, мұқтаждығы үшін алатынын осыдан-ақ көруге болар.
Ендеше, бұдан басқа тіс емдетудің қандай тиімді жолы бар? Әу баста «адамдардың емделу құнын өтейді» деп құрылған медициналық сақтандыру қоры арқылы жеке емханалардан тісті тегін емдетуге бола ма?
Тегін емдеу кімге тиесілі?
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, стоматологиялық көмек алу үшін осы жүйе бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға жүгіну қажет. Тізім МӘМС қорының сайтында көрсетілген. Ол үшін емханадан жолдама алу да міндетті емес.
– МӘМС жүйесіндегі немесе тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана ала алады. Қатты ауырсыну кезінде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқалар шұғыл көмек ала алады, — дейді Байтолла Закарьяұлы.
Сөйтсек, биыл талап өзгеріпті. Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетсе, 1 қаңтардан бастап МӘМС қоры көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін тікелей осы клиникалармен шартқа отырған.
– Енді стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және қормен келісім-шарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отыруы керек. Бұрын мұнымен артылған жүктемеге қарамастан пациенттің тіркелген емханасы айналысып келді. Соның кесірінен пациент алмаған медициналық қызметті «алды» деп жазатын жағдайлар кездеседі. Қор сарапшылары мұны мониторинг жасағанда медициналық құжаттардан анықтады, — деді Б.Ғазизов.
Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек алушылар санаттарының біріне кірсе және медициналық көрсеткіштері болса болғаны. Жолдама әкелудің қажеті жоқ.
– Көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі ауқымды. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау, емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады, — деді филиал директоры.
Протез бен имплант
Қор арқылы санаулы санаттағы адамдар ғана тіс емханаларына тегін қаралады. Қызметтің бұл түрі кез-келген адам үшін қолжетімсіз. Десек те бүгінгі уақытта тіс емдетудің тағы бір тиімді жолы бар. Ол – зейнетақы жинағы арқылы емделу. Онда да тек екі қызмет түрі – тісті протездеу мен имплантациялау қолжетімді.
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдардағы қазақстандықтардың зейнетақы қорынан емделуге жұмсаған қаржысы миллиардтарды құрайды. Оның 80 пайыздан астамы стоматологиялық клиникалардың шотына түскен. Атыраулықтар стоматологтың бір қабылдауына орта есеппен 22 000 мың теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Басым бөлігі тіс жегісін емдетеді. Тіске брекет орнатудың құны – 80 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта. Соңғы жылдары танымал бола бастаған винирлер құны да қымбат. Әсіресе, егде жастағылар үшін тісті протездеу аса қажет. Мұның құны да сапасына қарай 60 мың теңгеден жоғары. Қаладағы жеке емханалардың қызмет құнын саралай отырып, баға дәрігерге, оның имиджі мен клиниканың өзіне байланысты екендігіне көз жеткіздік.
Зейнетақы жинағы арқылы тісін емдеткен атыраулықтардың бірі – Күләш Жолдиева. Бірнеше жыл медицина саласында қызмет атқарған ол жинақтағы шекті сомадан асқан қаржысын жеке клиникаға аудартып, протез жасатқан.
– Бұл бір пайдалы іс болды. Зейнетақы жинағы арқылы тіс емдету көптеген адамның кәдесіне жарады. Тіс салдыру қомақты қаржы тұратындықтан, кез-келгеннің жағдайы жете бермейді. Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Қалтамнан еш қаражат шыққан жоқ. Барлығын да зейнетақы қорындағы жинағым арқылы төледім. Ақ маржан тіс ажарың ғой, қазір еш қымсынбай сөйлеп, асымды да еш уайымсыз ішіп жүрмін, — деді ол.
Арнайы бағдарлама керек
Тіс емдеу медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты саналады екен. Әсіресе, тістің ерте жастан бұзылуы қоғамдағы басты мәселенің біріне айналып барады. Сол үшін мамандар ең дұрысы тіске күтімді бала кезден жасау керектігін айтып, дабыл қағуда.
Атырау облысы балалар стоматологиялық емханасының директоры, облыстың штаттан тыс бас стоматологы Нұргүл Намазғалиева халықтың тіс емдетуде қиындыққа тап болу себебін тіс күтіміне салғырт қараумен байланыстырды.
– Республика Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологы Назым Бектұрғанова стоматологиялық аурулардың алдын алу бағдарламасын жасақтауды үлкен мәселе ретінде көтеріп жүр. Сонымен қатар, ауыз қуысы гигиенасына баланы жастай үйретуіміз керек. Жалпы ауыз қуысы ауруларының алдын алуды анасы жүктілік кезінде қолға алғаны жөн. Көпшілік «тіс күтімі» деп жатады, ауыз қуысының күтімі дегеніміз дұрыс болар. Оны жаңа туған сәби кезінен бастау үшін арнайы саусаққа киетін резиналармен, болмаған жағдайда сұқ саусаққа дәке байлап, сүртіп алғанның пайдасы зор, — деді Нұргүл Сатанқызы.
Дәрігердің айтуынша, облыстық балалар стоматологиялық емханасында жылына 70 мыңға жуық бала стоматологиялық қызмет түрін алады. Соның 80 пайыздан астамы тіс жегісінің асқынған түріне шалдықан.
ТҮЙІН:
Тіс емдетуге миллиондар жұмсағысы келмесе, әр адам тіс күтіміне ертерек қамдануы керек. Себебі жиған-тергеніңізді біреуге беруге немесе несие алуға тура келеді. Ал, тіс емдеу мен салудың қымбаттығын мамандар оған кететін материалдың құнымен байланыстырады. Сондай-ақ төзімділік пен дәлдікті, шеберлікті талап ететін жұмыстың қиындығы тағы бар.
Тіспен бүкіл денсаулықтың байланысты екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Саулықтың маңызы да осында. Оған күтім жасамасаңыз, саулығыңызға қауіп төнуі мүмкін. Иә, денсаулық та, ажар-көрік те тістің саулығына байланысты.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА