Қызылқоғада балаларды сауықтыру орталығы ашылды
Мемлекет тарапынан қолдау тауып, пайдалануға беріліп отырған нысанның бірі — «Муслим» балаларды сауықтыру орталығы, деп хабарлайды atr.kz
Миялы ауылынан бой көтерген орталықты салу үшін жеке кәсіпкер 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы жастарға берілетін қолдаудың көмегімен жүзеге асырған. Бұл туралы Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
— Бұл менің кәсіп жолындағы алғашқы қадамым. Жалпы ауданда мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Осы сауықтыру орталығы арқылы ерекше жандарға көмек көрсеткім келеді. Бұл нысан ел иегіліне қызмет етіп, мүгедек жандарға жаңа мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді кәсіп иесі Досбол Құбанбай.
Кейін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева мен кәсіп иесі Досбол Құбанбай жаңа нысанның лентасын қиды.
Мұнда массаж, тұзды шахта бөлмелері, роботехника, гидромассаж қызметтеріне арналған және логопед мамандарының бөлмесі бар. 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын орталық бір мезгілде 30-ға жуық балаға қызмет көрсете алады.
Айта кетейік, ауданда биыл 9 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 15-тен астам жұмыс орны ашылды. Түрлі мемлекеттік қолдаудар арқылы ауданда 97 жоба жүзеге асырылып отыр.