Қазақстанда медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы басталды
Биыл Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» бастамасы жүзеге асырылады. Бұл бастама аясында Денсаулық сақтау министрлігі «Кадрлық қолдау: теңгерім және қолжетімділік» кешенді жоспарын әзірлеп, алғашқы буын мамандары – дәрігерлер, фельдшерлер, мейіргелер, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылар құрамының білімін жетілдіруді қолға алды.
Республика Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жоспар бес негізгі бағытты қамтиды:
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) мамандарының біліктілігін арттыруға арналған нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру; Жалпы практика дәрігерлері мен мейіргерлердің кәсіби деңгейін арттыру; Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылар құрамын оқыту; Біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру; Жас мамандарға арналған бейімдеу және тәлімгерлік орталықтарын құру.
Курстар соңғы медициналық жетістіктерді, технологияларды және заңнамалық өзгерістерді ескере отырып әзірленген. Әр бағдарлама теориялық және практикалық сабақтардан, сондай-ақ өзіндік оқытудан тұрады. Бастама аясында 2,5 мыңнан астам жалпы практика дәрігері, 3,5 мыңнан астам мейіргер, 1 600-ден астам медициналық колледж педагогы арнайы оқу курстарынан өтеді.
Мейіргерлерді оқыту профилактика, диспансерлік бақылау, ауыр жағдайларда көмек көрсету, балаларды патронаждау, цифрлық технологияларды қолдану сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Ал оқытушылар тәуелсіз бағалау нәтижелері негізінде дайындалады.
–Медицина қызметкерлерін кәсіби даярлау еліміздегі медициналық көмек сапасының негізі болып табылады. Біліктілікті арттыру жылы шеңберінде біз МСАК мамандарына, педагогтарға өз құзыреттерін арттыруға және медициналық көмек көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге көмектесетін тиімді және қолжетімді бағдарламаларды құруға бағытталғанбыз, — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың кешенді жоспарының тұсаукесері барысында.
Айта кету керек, жаңа оқыту бағдарламалары 2025 жыл бойы жетекші медициналық орталықтардың және білім беру платформаларының қолдауымен өткізіледі. Курстарды аяқтаған барлық қатысушыға денсаулық сақтау жүйесінде танылатын сертификаттар беріледі.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ