Ковидке қарсы дәрі табылды ма?

virusy3 Медицина

Адамзат баласы коронавирус инфекциясының емін таба алмай, екпеге ғана сенім артып отырған тұста Израиль ғалымдары «коронавирусты емдейтін дәрі ойлап таптық!» деп, дүйім жұрттың назарын өздеріне аударды. Айтуларына қарағанда, ол дәрі дің жасушаларына (стволовые клетки) негізделген көрінеді.

Мамандардың айтуынша, оның оң нəтижесі бар. Өлім аузында жатқан науқастар осы дəріден кейін аяққа тұрып,
қауіпті инфекциядан біржола айығып жатыр дейді. Сондықтан да Израиль ғалымдары мен дəрігерлерінің қуаныштарында шек жоқ. Себебі, төсек тартып, өкпелері жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар
жаңа препараттың көмегімен сауығып жатыр екен. Осылайша бұл жаңа дəрі коронавирус індетімен күресуге көмектесетін əлемдегі алғашқы препарат болуы да мүмкін.

Бұл туралы дəрі жасаушы ғалым Томер Бронштейн былай дейді:
– Біз біраз жылдан бері дің жасушаларын зерттеп келеміз. Өйткені, олар иммундық жүйені тыныштандыратын қасиетке ие. Ағзаға арналған «жедел жəрдем» десе де болады. Мысалы, қандай да бір зақымдалған тін болса, аталған жасушалар оны бұрынғы қалпына тез келтіре алады. Сондықтан ағзадағы коронавирусты жеңу үшін дəл сол қасиетін қолданамыз. Сынақ жұмыстары «Рамбам» ауруханасында шұғыл өткен-ді.
Жаңа дəрі ауыр халде жатқан науқастарға тексерілді. Оның нəтижесінде бірінші екпеден кейін-ақ комада жатқан адамдар оянып, сауыға бастады. Себебі, тек осы дəрінің арқасында иммунитет ағзаға шабуылын тоқтатады…

Аталған аурухананың бөлім меңгерушісіШаади Хамуд көпшілікпен өз қуанышын былайша бөліседі:
– Науқастарды тексеру кезінде біз тағы бірнеше маңызды құбылыстарды байқадық. Негізі емдеу алдында жəне одан кейін компьютерлік томография жасаймыз. Бір ай өткенде тағы да томография жасалып, сараптамалар алынады. Сол кезде біз өкпе қабынуының тоқтай бастағанын байқадық. Емдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, яғни бір жарым ай өткен соң біз өкпенің тап-таза болғанына көзіміз жетті! Əдетте ол үшін біршама уақыт керек еді. Жуырда клиникалық сынақтардың екінші кезеңі басталады. Оған 60 науқас қатысады деп отырмыз. Олардың арасында шетелдік азаматтар да болады. Бірте-бірте сынаққа қатысатындар санын бірнеше жүзге арттыру көзделіп отыр. Жалпы дің жасушалары негізінде жасалған дəрінің бір артықшылығы – оның өзге антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарға қарағанда жанама əсері жоқтығында.

Міне, емделуі тым қиын саналған ковидқа қарсы осындай дəрі табылса, оның əсері жоғарыда айтылғандай нəтижелі болып жатса, бұл адамзат баласына қуаныш сыйлайтыны анық. Ендеше, ем болсын дейміз.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз