Қауесет көп – сенбеңіз!
Еліміздің бірнеше өңірін тасқын су басқалы төртінші аптаға аяқ басты. Бастауын Ақтөбе облысы Мұғалжар тауынан алатын Жем өзені де тасып, жергілікті Құлсары халқының басына қиындық әкелді. Ең ауыры – табиғи апат адам шығынынсыз болмады. Тіпті, қала іргесіндегі бейіттерді су шайып, адам сүйегінің де табылғаны мәлім. Дегенмен бізді алаңдатып отырғаны бұл ғана емес…
Тасқын су көптеген отбасына қиындық әкеліп, үй-күйсіз қалдырғаны өз алдына оның қауіпті жұқпалы дерт туғызатын қатері барын да естен шығаруға болмас. Иә, тасқын кезінде жұқпалы ауруларды туғызатын қолайсыз эпидемиологиялық жағдай өріс алуы мүмкін. Мамандар сол арқылы гепатиттің түрлері, тырысқақ, іш сүзегі, паратифтер, дизентерия, лептоспироз, туляремия (ауыз судың кеміргіштердің бөлінділерімен ластануы), құрттар, бруцеллез, сальмонеллез таралатынын айтады.
– Су арқылы берілетін энтеровирустар, А гепатиті, басқа да ішек вирустары жиі кездеседі. Өзендер мен көлшіктерде су тасып, жаңбыр суымен араласқанда ерітінді түзіліп, бұл құдықтар мен лас қалдықтар үшін қазылған шұңқырлар, шаруашылық аулалары, дәретханалардағы суды жаппай ластайды. Тасқынның тағы бір проблемасы – кеміргіштер, көптеген аурулардың қоздырғыштары. Олар үйлер мен ғимараттарға кіріп, адамның жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыруына соқтыруы мүмкін, — дейді облыстық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева.
Онсыз да үрейленіп жүрген халықты өткен демалыс күндері жарияланған «Ауыз судың лабораториялық қорытындысы шықты, ішуге жарамсыз екен» деген қауесет одан әрі әбігерге түсірді. Дегенмен санитарлық дәрігерлер біріншіден, мұндай ақпараттың болмағанын, Құлсары халқы тұтынатын ауыз судың бастауын Астраханнан алып, магистралды желімен келетінін, оған Жем өзенінің де, Қамыскөл суының да ешқандай қатысы жоғын айтып түсіндірді. Екіншіден, бұл ауыз су тасымалдайтын компаниялар және фильтр сатумен айналысып жүргендердің қысылтаяң кезде мол табыс тауып, айласын асырғысы келгендердің алыпқашпа әңгімесі болуы да мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан тұрғындар ақ пен қараға әбден көз жеткізбей, ресми ақпарат жарияланбайынша байбаламға салынбауы тиіс.
Қазір Жылыой ауданындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тиісті жұмыс істеп жатыр.
– Аудан аумағында Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті және 5 елді мекен (Қосшағыл, Тұрғызба, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Майкөмген) бар. Тұрғындар саны – 86866, оның 66580-і Құлсары қаласында, қалғаны ауылдарда тұрады екен. Аудан орталығында су тасқынынан 2680 үй және 29378 тұрғын зардап шеккен, оның ішінде бала саны – 5638. Қаладағы халық түгелдей орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудан көлеміндегі 8 бақылау нүктесінің 2-еуі Құлсары қаласында, өзгесі ауылдық жерде, — деді Жылыой аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хабибуллин.
Талғат Әділбекұлының айтуынша, әзірге зертханалық тексеру нәтижелерінен қауіп жоқ. 31 бактериологиялық зерттеу және 9 санитарлық-гигиеналық зерттеу сынамасына қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ тамақты бактериологиялық зерттеуге – 139, санитарлық-гигиеналық зерттеуге 19 сынама алынған.
Бүгінде Жылыой халқы ғана емес, атыраулықтар да ауыз судың сапасына алаңдап отыр. Бірақ «Атырау облысы Су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары өңірде төтенше жағдай жарияланғалы әр екі сағат сайын судан сынама алып, су сапасын сақтау бағытында бірқатар жұмыстарды қолға алған.
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, мұнайлы өңір тұрғындарының алдағы күндердегі ауыз судың жайын ойлап алаңдап жүргенін жасыра алмаймыз. Өйткені, тіршілік көзінсіз адам өмірін елестету мүмкін емес. Қазір Атырау тұрғындары көп қабатты үйдегі пәтеріне де бөтелкелеп су жинап жүр. Дегенмен, мамандардың пікірінше оны да көрсетілген сақтау мерзіміне дейін ғана қолдану керек. Ал, қолдану мерзімі өтіп кеткен судың түрлі инфекциялық ауруға душар ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, қиын жағдайда тұрғындар мұны да естен шығарып алмағаны жөн.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА