Жарнама
Медицина

«Оттың ортасына түскендей болдық»

Қауіпті індеттен үрейленіп өмір сүргенімізге жылдан астам уақыт өтті. Өзге елдерде вирустың жаңа штамдары пайда болуда. Ендігі уақытта «ковид деген өтірік сөз, ойдан шығарылған» деп алаңсыз отырудың жөні жоқ. Ендеше бұл дертті ауыздықтаудың жолы қандай?

 ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, сала ардагері Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВПЕН әңгімеміз осы сауал төңірегінде өрбіді. 

Індетпен бетпе-бет

Былтыр эпидемиологиялық ахуал ушыққан сәтте ауруханаларда өмір үшін арпалыс басталды. Сол кезеңде дәрігерлер де сырқаттанып, маман тапшылығы мәселесі күрделене түскен. Аурухана төсегіне таңылып, вируспен күрескендердің қатарында ардагер дәрігерлер Меңдіхан Мырзалыұлы мен жұбайы Светлана Сатанқызы да болған еді.

– Әлі есімде, былтыр 22 шілдеде ПТР-тест сынамасы вирустың барын растап, компьютерлік томография көрсеткіші бір өкпенің 45% зақымданғанын көрсетті. Сол күні шұғыл түрде «жедел жәрдем» шақырттық. Уақытында жеткен сала мамандары «103» көлігінде оттегі аппаратын қосып, облыстық №2 инфекциялық ауруханаға жеткізді. Келесі күні жұбайым да ПТР-тест сынамасының қорытындысымен ауруханаға жатқызылды. Денсаулық сақтау нысаны сырқаттарға толы еді. Науқастардың жағдайы ауыр болатын. Өкпені жасанды желдету аппаратына таңылғандары да аз емес. «Жедел жәрдемнің» дабылы сәт сайын естіліп жатты.

  • Оттың ортасына түскендей әсерде едік. Дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлері ауысым бойы қорғаныш костюмдерін шешпестен, қанша қиын болса да қиналмастан қызмет етті. Жасыратыны жоқ, алғашында олар емдеу алгоритмін білген жоқ. Дәрі-дәрмек те жеткіліксіз еді. Ал, қазір жағдай түбегейлі өзгерді ғой. Коронавирусты ауыздықтау мақсатында медицина мамандары білімдерін тереңдетіп, біліктіліктерін арттырды. Медицина мекемелерінің материалдық жағдайы жақсарып, заманауи стандарттарға сай жаңа модульдік аурухана салынды. Десек те, бұл – вирусты түбегейлі жеңудің жолы емес, — деді Меңдіхан Мырзалыұлы.

Дертке қарсы қару – екпе

Талай жылдар облыстық денсаулық сақтау саласын басқарған білікті дәрігердің айтуынша, қауіпті індетті жойып, оған қарсы иммунитет қалыптастырудың бір-ақ жолы бар. Бұл, әрине, вакцинация.

– Екпенің қай мемлекеттен шығарылғаны маңызды емес. Ең бастысы, оның тиімділігінде. Коронавирусқа қарсы екпені халықтың басым бөлігі салдыруы қажет. Адамзатты жалмаған талай қауіпті індеттің бетін қайтарған вакцина болатын. Сол кезеңдерде әр ауруға қарсы бірнеше екпе болды. Оның ағзаға әсері ғылыми түрде дәлелденіп, халыққа уақытылы салынды. Мәселен, нәресте дүниеге келгенде ең бірінші туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі егіледі. Бұл одан әрі 7 жаста қайтадан салынады. Осы секілді коронавирусқа қарсы екпені ең алдымен қауіпті топ санатына жататындарға салып, кейін халықтың барлығын екпемен қамтыған жөн. Әрине, вакцина алған адам мүлдем ауырмайды деуге болмайды. Бұл әркімнің ағзасының қабылдауына байланысты. Бірақ екпе ағзада вирусқа қарсы антидене қалыптастыруда маңызды. Бұдан кейін қайталап ауырған жағдайда науқас бұл кезеңді жеңіл өткереді. Коронавирусқа қарсы екпе де осындай болуы мүмкін, — деді сұхбаттасушымыз.

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап Ресейдің «Спутник V» вакцинасы салына бастады. Әлемде 58 мемлекет осы екпені қабылдап жатыр.

– Бұрын кеңес үкіметі кезінде де Ресейдің екпелері маңызды роль атқарды. Бұл елде сол кезеңдерде ашылған түрлі ғылыми медициналық институттар бүгінде сақталған. Сондықтан ел Үкіметі көрші мемлекетте өндірілген вакцинаны алу туралы шешімге терең зерттеу, зерделеу нәтижесінде келді деп ой түйеміз. Дүние жүзінде миллиардтан астам халқы бар Қытай ең бірінші болып өзінде шығарылған екпені пайдаланды. Нәтижесінде олар вирусты жеңіп, қалыпты өмірге көшіп жатыр. Қазір мұнда балаларға арналған екпе дайындалуда. Егер қытайлықтар Қазақстанға өздері пайдаланған дәл сол екпелерін ұсынса, біз де вирусқа тойтарыс бере аламыз. Қалай десек те, бұл вирустан екпесіз қашып құтылу қиын. Мұны әрбір адам дұрыс түсіне білуі қажет, — деген Меңдіхан Өтепқалиев облысқа қосымша вакцина жеткізіліп, жаппай вакцинациялау одан әрі жүргізілуі қажеттігін атап айтты.

– Ақпаннан бері дәрігерлер мен мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне ерікті түрде екпе салынуда. Ендігі кезекте халықтың басқа санатына екпе жүргізілуі қажет. Бұл бағытта емханадан екпе алу жөнінде шақырту болса, біз міндетті түрде вакцина аламыз. Халықтың кем дегенде 60-70 пайызы оны қабылдаса, дерт сәл де болса әлсірейтін еді. Өйткені, бұл – жай ғана вирус емес, — деді ол.

Саулық ­– сақтықта

Медицина саласында 46 жыл тәжірибесі бар сала ардагері вирустан қорғанудың тағы бір жолы – бетперделік режимді жүйелі сақтап, барлық орында санитарлық-гигиеналық талаптарға мән беру қажеттігін айрықша атады.

– «Саулық – сақтықта» деп қанша айтылса да, әлі күнге дейін көпшілік арасында бұл тәртіп сақталмайды. Қоғамдық орындарда 1,5 метр ара қашықтықтың қажеттілігі ескерілмейді. Сондай-ақ бетпердені бір орынға барып келгеннен кейін қайтадан пайдаланбау да маңызды. Бұдан басқа, санитайзерлер кез-келген жерде болуы шарт. Тіпті үйдің кіреберісіне де орнату қажет. Той-садақа, түрлі жиындарға барушылардың тыйылмай тұрғаны шындық. Жасы 65-тен асқан, созылмалы ауруы бар адамдар үйден шықпағаны жөн. Тіпті, балаларды да вирустан қорғау жолында мектептегі оқу процесі тұтастай онлайн форматқа көшірілсе игі. Себебі, алғашында бұл вирустың балаларға әсер етуі төмен болды. Ал, қазір басқа өңірлерде балалар арасында да аурушаңдық көрсеткіші артуда, — деді М.Өтепқалиев.

«Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» демекші, вируспен бетпе-бет келіп, қиын кезеңді отбасымен бірге бастан өткерген сала ардагерлерінің бүгінде айтары аз емес. Олар дерттің алдын алу үшін тыныс алу гимнастикасына да мән беру, жаяу жүру, дұрыс тамақтану, иммунитетті көтеру секілді бірқатар талап-міндеттерге бейжай қарамау қажеттігін алға қояды.

– Ауруханадан шыққан соң бір айдан кейінгі тексеруде ағзадағы антидене мөлшері аз болды. Көпшілік жиналатын орындарға бармай, үйде саулыққа маңыз беріп келеміз. Науқастанғаннан бері тыныс алу жаттығуларын үзбей жасап жүрміз. Бес айдан кейінгі тексеруде ағзада антидене пайда болды. Қазір 10 ай өтті. Әзірге толық тексеруден қайталап өте қойғанымыз жоқ. Десек те, сәуір айының алғашқы күндері екеуміз де вакцина алдық. Жағдайымыз жақсы. Теріс әсері байқалған жоқ. Бүгінде екпенің аса маңыздылығын барлық адам түсінсе екен дейміз, — деген Светлана Сатанқызы да вирусқа қарсы ең негізгі қару екпе екенін шегелеп айтты.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button