Жарнама
Медицина

Ана саулығы – дені сау ұлттың кепілі

Адамға қажетті баға жетпес байлық пен ең тиімді инвестиция – денсаулық. Ал, ұлт саулығы өмірде ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын әйелдердің денсаулығымен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да алдағы екі жылда ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін атап айтты.

Елімізде денсаулықты дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Дені сау ұлт» атты әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы да жүзеге асып жатыр. Халықтың саулығын жақсартуды көздейтін жобаның басым бағыттарының бірі де осы ана мен баланың денсаулығы.

Ұрпағыңды ойлашы, ана!

Бала туу жасындағы келіншектердің өз саулығына мән бермеуі, әсіресе жүктілікке дейін немесе жүктілік кезінде дұрыс емделмей қалған аурулардың болуы құрсақтағы нәресте үшін аса қауіпті. Өйткені, ол дерт нәрестеге анасы арқылы берілуі мүмкін. Бұл – шарананың уақытынан ерте тууына немесе дене салмағының аз болуына әсер ететін негізгі фактор. Ол болашақта бала саулығына қатысты басқа да проблемалардың туындауына себеп болады.

Десек те, перзентіне төнетін қауіптің алдын кез-келген ана ала алады. Осыны естен шығармағаны жөн. Ол үшін біріншіден, әйел жүктілікке дейін денсаулығын күтіп және жақсы тамақтанып, күйзелістен аулақ болуы қажет. Екіншіден, ол әрбір жүктілік кезеңінде медицина қызметкеріне кемінде төрт рет қаралғаны абзал. Үшіншіден, босанғаннан кейін ана мен бала алғашқы тәулікте, бірінші аптада және алты аптада тиісті мамандарға қаралуы керек.

Қазір негізінен 16-25 жас аралығындағы әйелдердің гинеколог-дәрігердің қабылдауына бармайтыны – алаңдатарлық мәселе. Шынында, осы жастағылардың жыныстық сауаты енді жетіліп келе жатқандықтан, гинекологқа тексеріліп тұруға бейжай қарамағаны жөн.

Жүктілік кезінде ең маңызды тексерудің бірі – ультрадыбыстық зерттеу. Әсіресе, жүктіліктің 19-20 аптасында пренатальды скринингтің маңызы жоғары. Онда ананың, оның ішінде дүниеге келетін бала денінің саулығы әрі қандай да бір бала саулығында ақаулар, мәселен даун, хромосомалық аурулар секілді психикалық ауытқушылықтар анықталады. Егер денсаулығында кінәрат анықталса ана генетик кеңесіне жүгінуі тиіс. Қорытындысы дәрігерлік кеңес комиссиясымен қаралып, баланың саулығына қатысты мәліметтер беріледі. Дүниеге келген жағдайда да ары қарай өмір сүре алатындығы немесе кемістікпен туатындығы, тіпті мүгедек болып қалу қаупі туралы ескертіледі.

Жүктілік жоспарлануы тиіс

Қазіргі медицинаның дүние есігін ашар бала денсаулығын ерте тексеріп, ауыр дертін ерте анықтауға мүмкіндігі зор. Алайда, осының бәрі жасалғанымен, әйелдер арасында әртүрлі діни көзқарасқа байланысты жүктілікті тоқтатудан бас тартып, «Алла берді, мен өмірге әкелемін» деген көзқарас қалыптасқан. Ең өкініштісі, әлі де болса осы ұстанымнан шыға алмай жүргендер бар.

Түрлі ерекшеліктері бар, әсіресе жеке ауытқушылығы, гипербелсенді, аутистикалық белгілері бар сәбилердің тууының себебі тек бұл ғана емес. Қазіргі цифрлық заманның әсері, экологиялық және әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар, сондай-ақ, болашақ аналардың физикалық денсаулығының, салмағының жоқтығы, уақытында емделмей, дұрыс тамақтанбауы, электронды шылым шегу, әртүрлі шөптерді пайдалану тәрізді зиянды әдеттерге әуестігінің салдары сөзсіз құрсақтағы балаға беріледі. Баланың ерекше немесе мүгедек болып тууына душар ететін басты себепті осы жерден іздеген жөн.

Қынжылтарлық жайт – статистикалық мәліметтер, балалар арасында жиі кездесетін, күйік түрлері, басқа да себептерден кездейсоқ жарақат алудан қайтыс болудан Атырау облысының көрсеткіші алдыңғы орында екені. Мәселен, былтыр қаңтар мен ақпандағы 58 күнде ғана тек күйіп қалған 63 бала дәрігерге қаралып, оның 50-і ауруханаға жатқызылды, 3 бала шетінеп кетті. Ал, биыл оқыс жағдайлар салдарынан 35 баланың денсаулығына зиян келіп, оның 4-еуі өмірден өтті.

Осындай көрсеткіштерді оқып тұрып, әйелдер қауымы үшін профилактикалық тексерулердің маңызы өте жоғары екенін ескермей келеміз. Әйелдер ең бірінші қажеттілік кезінде маманға баруға, отбасын жоспарлау кабинетінен кеңес алуға және өзіне, денсаулығына, балаға қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыруға мүдделі болуы керек.

Өмірге ұрпақ әкелу – атүсті қарайтын іс емес. Алдымен, әр ата-ана келер ұрпақтың денсаулығына маңыз беруі қажет. Ата-ана дүние есігін ашқан соң да перзентінің күтіміне, қауіпсіздігіне, білім алуына жауапты екенін естен шығармауы тиіс. Бүтіндей бір отбасының жүгін арқалайтын бірқатар ер-азаматтардың да, жан жылуымен балаларын ұйытып отыруға тиісті кейбір аналардың да бұлжымас міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтың шырқы бұзылып жатыр. Бұл – қазіргі қоғамдағы отбасы мәдениетінің төмендігінің бір көрінісі.

Бедеулік – басты мәселе емес

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, халқымыздың көсегесінің көгеруі – көбеюімізге байланысты. Ұлт саулығының кепілі – сапалы ұрпақ өрбітуде. Сондықтан, елде кейінгі жылдары әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Өйткені, ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған азаматтардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Атап айтсақ, қазір әрбір алтыншы отбасылық жұп бала сүюді аңсап отыр. Ал, ресми статистиканың жылдан-жылға өсуі репродуктивті медицина саласындағы ғылыми зерттеуді дамытуға себеп болуда.

2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демографиялық ахуал, бала сүйе алмай отырған отбасылардың көбейіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтіп, «Аңсаған сәби» ұлттық жобасына бастамашылық жасады. Бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша 7000 квота бөлінген болатын. Осының негізінде бүгінде 3 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Мұның өзі елде репродуктивті денсаулықты қорғауға қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын аңғартады.

Көптеген отбасылар репродуктивті денсаулықтың дұрыс болмауы бедеулікке ұрындыратынын ойлай бермейді. Республика Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша,  бедеулік диагнозымен 2020 жылы – 16187, 2021 жылы 19880 әйел есепке алынды. Ал, ерлердің белсіздігі бойынша 2020 жылы – 1372 адам, 2021 жылы – 1515 пациент тіркелген.

Отбасын ең үлкен мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет дейміз. Ал, ана – шаңырақтың шуағы, отбасының бақыты мен берекесі. Сондықтан, «ана» деген ардақты атқа ие болған әрбір әйел затының алдында өскелең ұрпаққа деген зор жауапкершілік тұр.

Дана халқымыз «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» деп текке айтпаса керек-ті. Қалай десек те, ананың ауыруы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де үлкен қасірет. Денсаулығы нашар анадан, әлбетте, дені сау ұрпақтың тумайтыны анық. Атам қазақ ананың амандығын ұрпағының амандығы деп білген. Сол себепті, аналарды болашақ ұрпақтың өмірі мен денсаулығына салғырт қарамауға шақырамын. Өйткені, ұлт саулығы – ананың қолында!

Гүлнафис Таңбаева,

Атырау қалалық №7 емханасының директоры,

қалалық мәслихаттың депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button