Жарнама
Медицина

ОБА ОШАҒЫ ОПЫНДЫРМАСЫН ДЕП…

 

Аймақ халқын қатерлі дерттен сақтау жолында қазір нендей жұмыстар  жүргізілуде?  Біз станса директоры Теміржан СУҚАШЕВ мырзамен ой бөліскен едік.

— Теміржан Ыдырысұлы, әңгімемізді стансаның құрылымы мен мақсатты қызметінен бастасақ…

— «Өткенсіз бүгін жоқ» деген, өткен ғасырларда Қазақ даласының батыс бөлігінде оба ауруының өршуі жиі орын алғаны тарихтан мәлім. Бұл  індет өткен ғасырда Астараханмен шектесіп жатқан Гурьев аймағына да кеңінен таралған. Кеміргіштер арасында тараған  оба жергілікті тұрғындар арасында дүрбелең тудырғандықтан, оның алдын алуға ерекше  көңіл бөлінген екен. 1939 жылдың 19 ақпан күні КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Орал обаға қарсы күрес стансасының Гурьев бекетінің жанында Гурьев (Атырау) обаға қарсы күрес стансасы құрылды. Осы кезден бастап аймақта кеміргіштерді жою шаралары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Бұл ретте Ганюшкин, Махамбет, Ембі бөлімшелері, 4 тұрақты зертхана, 23 зерттеу топтарынан тұратын алты уақытша эпидемиологиялық жасақтар, бактериологиялық-зоологиялық зертхана жұмыс істеді.1992 жылдан  бастап бұл мекемелер облыстық обаға қарсы күрес стансасының құрамына біріктірілді. 2002 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің «Атырау обаға қарсы күрес стансасы» мемлекеттік мекемесі болып тіркеліп жұмыс істеуде.

— Өзіңіз айтқандай, стансаның құрылып, жұмыс істегеніне де, міне, 75 жыл толып отыр екен. Осы жылдар аралығында станса ұжымының аймақ халқының денсаулығын сақтауда жүзеге асырып отырған нақты шаралары қандай?

— Айта кетейін, оба індетінің алғашқы ошағы біздің аймақта, нақтырақ айтқанда Қосшағылда 1904  жылы пайда болып, сол кезде 415 адам қайтыс болған. Осы жылға дейін Атырау облысының аумағында жүзден астам оба ошағы болған. Бастапқыда олар жаппай індетті тарату ошағына айналса, соңғы он жылда таралу аясы біраз азайып, бірлі-жарым ғана жағдайлар тіркелді. 

Қазіргі кезде облыста обаға қарсы Ганюшкин, Махамбет және Құлсарыда үш бөлімше, ал Жаңа Ұштаған, Исатай, Индер, Қарабау, Ескене учаскелерінде маусымдық эпидемияға қарсы 5 топ жұмыс жасайды. Өңірде обаны таратушы дала кеміргіштері саршұнақтар болса, олардан шыққан тасымалдаушы–бүргелер  өздерінің «қожайындарына» ғана жұқтырып қоймай, үй жануарлары мен адамдарға да жұқтырады. Сондықтан да, станса қызметкерлері жыл сайын маусымдық мониторниг жүргізіп отырады.Біз тек кемірушілер мен бүргелердегі оба микробының бар-жоғын ғана тексеріп қоймаймыз, сонымен бірге бұл қатерлі індеттің табиғи ошағына жақын маңда орналасқан елді мекендерді де тексереміз. Айталық, қызылқұйрық саршұнақ адам тұратын жерге үйір келеді, демек, одан келер қауіп те көп. Осы бағытта эпидемиологияға қарсы күресушілер даладағы кемірушілерді ұстап, бүргелерді стансаның зертханасына әкеліп, тексеруден өткізеді.

— Бактериологиялық зерттеу қандай жолдармен анықталады?

— Бұл орайда қырдан кенеп қаптармен жеткізілген кемірушілердің қаны оба микробына оның антилі мен антигенін анықтау үшін серологиялық зерттеуге жіберіледі. Зерттеуге кеміргіштердің ішкі органдарының да сынамасы алынады. Бізде барлық қажетті деген анализдерді жүргізу үшін зертханада тірі жануарлар мұражайы бар. Ол жерде тоңазытқыштарда түтікте қауіпті бактериялар мен микробтардың сұрыпталған  мұражайлық қалыптары сақталады. Бактериологиялық зерттеулерден басқа, биологиялық зерттеулер де жүргізіледі. Зерттелген кемірушілер органдарынан алынған эмульсияны тәлімбақта арнайы өсірілетін тышқандарға, теңіз шошқаларына жұқтырады, кейін тәжірибе жасалған жануарлардың органдары мен қаны мұқият тексеруге алынады. Егер зерттеліп жатқан кеміргіштен оба микробы табылған жағдайда станса эпидемиологтары шұғыл түрде кеміргіштер тіршілік ететін аумақты арнайы құралдармен  улайды.  Жұқпалы індет туралы дәрігерлер мен халықты хабардар етіледі.

Біздің аймақта оба жұқтырған адам соңғы рет 1997 жылы тіркелген-ді. Шұғыл шаралардың  алынуы нәтижесінде сырқатты аман алып қалу  мүмкін болды және індет ошағының одан әрі таралуына жол берілмеді.

— Оба індетінің алдын алуда басқа да қандай жұмыстарды айтар едіңіз?

— Обаға қарсы күрес стансасының негізгі міндеттері:оба ауруының эпидемиялық бақылау, денсаулық сақтау мекемелеріне алдын-ала осы қауіпті дертті басқа жақтан әкелуіне және жұқтыруына жол бермейтін методикалық және әдістемелік көмек көрсетеді. Өзінің негізгі жұмысынан (зертханалық  диагностика) басқа, комплексті шаралар арқылы медициналық мекемелердің мамандарымен бірлесіп, халықтың денсаулығына бақылау жасайды. Яғни, эпизоотологиялық тексеру зоологиялық, паразитологиялық және лабораториялық көрсеткіштерді салыстырып, зерттеліп отырған аймақта оба микробтары бар-жоғын анықтайды. Бұл жұмыс жыл сайын методикалық нұсқау бойынша жүргізіледі. Халықты вакцинациядан өткізуді бақылаймыз. Емдеу және санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің сауықтыру және эпидемияның алын алу жұмыстарын жүргізетін мамандарды дайындаумен (семинарлар, трениг),  халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен және санитарлық ағарту шараларын жүргізумен айналысамыз. Сондай-ақ,  стансаның  Ганюшкино, Махамбет, Жылыойдағы бөлімшелері эпидемиологиялық маусым кезінде жылына екі рет уақытша зертханалар, эпидимологиялық топтар құрып, эпизоотологиялық  аумақтарда  болады. Қазіргідей күзгі уақытта  Бөдене, Исатай, Қарабау, Жаңа Ұштаған аумақтарында осындай жұмыстар жүргізілуде.

— Обаға қарсы стансаның материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде?

— Стансаның материалдық базасын айтқанда алдымен кадр мәселесіне тоқтала кеткен жөн: Бүгінде ұжымда 313 қызметкер болса, оның 26-сы – дәрігер, 21-і – биолог, 32-і – лаборант. Олардың арасынан осы саланың қыр-сырын жете білетін Лариса  Радченко, Федор  Сараев, Клара Насиханова сынды мамандардың есімдерін ерекше атауға болады. Көптеген мамандарымыз М.Айқымбаев атындағы карантинді және зоонозды жұқпалы аурулар Қазақ ғылыми-зерттеу орталығында білім жетілдіру курстарында болды. Ал, стансаның, оның бөлімшелері осы заманғы  техникалық және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталса, станса аумағы бейне бақылауға алынған.

«Обагер» мәдени-оқу орталығы ашылып, стансаның тарихын баяндайтын және өлкеміздің флора мен фаунасын көрсететін мұражайдың жаңа ғимаратының тұсауы кесілді. Әрі обаға қарсы күрес стансасының 75 жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндайтын журнал кітапша шығарылды.

Тағы бір айта кететін жайт, біздің  мамандарымыз тек оба індетін анықтаумен, оның алдын алумен ғана айналысып қоймайды, басқа да қауіпті бірқатар жұқпалы індеттермен күресетіндігін көп жұрт біле бермейді. Көктемде тоғандарда судың 16 градусқа дейін жылуы барысында тырысқақ вибрионын зерттеу басталады. Сібір ойық жарасы, конго-қырым безгегі, бруцеллез, теңбіл безгек және туляремия індеттері бойынша жағдай бақылауға алынады. Біздің мамандар оба және тырысқақпен күресудің нағыз шеберлері болса, кейбір індеттердің қоздырушыларын зерттеу барысында оларға біраз жұмыстануға тура келеді.

— Әңгімеңізге рахмет. Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button