Нұржан ӘЛІБАЕВ, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы: «Әр адам өз саулығына жауапты»

Халықтың саулығы әрдайым қоғам айнасы болып қала береді. «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаевтың Атырауға сапары барысында халықтың денсаулығына деген мемлекеттік қамқорлық, медициналық қызмет көрсетудің нәтижелілігі мен сапасын арттыру тақырыбында әңгімелескен едік.

– Бұқараға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері жыл сайын саннан сапаға қарай көшіп келеді. Бұл арада жеке адамның өз денсаулығы үшін жауапкершілігін күшейту де маңызды. Жалпы, медициналық қызметті сапалы етуде қандай мәселені бірінші кезекке қоюымыз керек?
– Нарық жағдайында жекеменшік медициналық қызметтің де дамуына жол ашылды. Бір ғана мысал. Әсіресе, ірі қалалар мен облыс орталықтарында тіс емханасының көптігі сонша, олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл жақсы ма, жаман ба?
Егер әр адамның өз денсаулығы үшін кәсіби дәрігер таңдауға жүгіне алатынын ойласақ және санның сапаға айналмай тұрмайтынын, мұндай жағдайдың қолайлы қызмет көрсету бәсекелестігіне жетелейтінін ескерер болсақ, бұл жағымды көрінеді. Дегенмен, ауру біткеннің алдын алу, адамдардың өзін-өзі тиісті деңгейде күте алуы – көп жағдайда медициналық білім мен қолжетімді ақпаратқа байланысты.
Сондықтан да, саламатты өмір салтын қалыптастыруда жаңа міндеттерді шешуіміз керек. Оны медициналық сауаттылық және өз денсаулығын ойлау, мәдениеттілік десек те болады. Кей емделушілер «дәрігер айтты» деген желеумен нұсқаулықпен жете таныспай жатып, дәріні қолдануға бейім тұрады. Бұл жерде де асығыстық танытпай, дәрінің келесі дәрімен әрекеттесуі немесе сапасы жайлы маманмен кеңесіп алып, пайдаланған жөн.
Халық арасында көп жүреміз. Кездесулердің бірінде осындай пікірді айтқанымда, «дәріні кім тексертіп жүрсін?» деп, қарсы пікір білдіргендер болды. Бір қарағанда, біреулерге бұл соншалықты қиын болуы да мүмкін. Бірақ, түптеп келгенде, бұл – сіздің өз денсаулығыңыз.
Екіншіден, дәрігер де емделушімен дұрыс сөйлесіп, оның қолданатын дәрісін қадағалауы керек. Бұл үрдісте әзірге алматылық дәрігерлер ғана алда келе жатыр. Ал, егер дәрігер емделушіге мәлімет беруден бас тартса немесе онымен дұрыс сөйлеспесе, кез келген адамның сенім телефонына, дәрігерлік зерттеу орталығына хабарласып, мәселені әлеуметтік желі арқылы да жария етуге құқығы бар.
– Атыраудағы фармацевтикалық қызметпен таныстыңыз, қандай баға берер едіңіз?
– Қазіргі таңда Атырауда күрделілігі жағынан әлемде екінші орын алатын фармацевтикалық зауыттың құрылысы қарқынды жүруде. Келер жылы кәсіпорын жұмысын бастайды деп отырмыз. Отандық өнім өндірушілермен келісім-шартқа отырудан да бас тартпаймыз. Керісінше, қуанамыз.
Өкінішке қарай, Атыраудағы негізгі мәселе – дәл қазіргі жағдайда «BRANDO» зауытының жұмысы көңіл көншітерліктей емес. Бұл туралы жергілікті билік те хабардар. Зауыттың жұмысы қазір тым баяу жүруде. Басқа аймақтарды қоспағанда, Атыраудағы медициналық ұйымдарға бірінші кезектегі қажеттілік болып табылатын қолғаппен, бір реттік шприцтермен қамти алмай отыр. Осы жұмыс дұрыс жүрмегендіктен, біз тапсырыс берушілерге медициналық бұйымдарды уақытылы жеткізе алмай келеміз.
Жұмысқа нұқсан келтіруіне байланысты, аталмыш зауыттың қызметін сотта қарау туралы мамыр айында өтініш те бердік. Бізге сапа керек. Бұдан басқа өзге аймақтағы 14 отандық өнім өндірушімізбен жұмыс нашарлығына байланысты іс сотта қаралу үстінде.
– «Дәрі уақытылы жетпейді» деген уәж тұрғындар тарапынан жиі айтылады. Мәселенің мәнісін қалай түсіндіресіз?
– Бұл, әсіресе, өткен жылдары өзекті болған мәселе. Тұрғындар дәрігерге, дәрігер жеткізушілерге өкпелеуші еді. Енді бұл да шешімін тапты. Басқарма басшылығы биылдан бастап, амбулаторлық дәрімен қамтуды өз бағдарламасына енгізді. Бұрын осы мәселемен жергілікті әкімдік айналысқан болатын.
Сондай-ақ, фармацевтикалық орталықтың ресми сайтынан дәрімен қамтамасыз ететін 47 орталықта қандай дәрінің қалғанын, қайсысының жеткілікті екенін, азайғанын немесе жоқтығы туралы ақпаратты әр айдың соңында алып отыруға болады.
Бұрындары дәрінің бар-жоқтығы туралы дәрігер хабардар ететін еді. Ендігі кезекте емделушінің өзіне сайт арқылы ақпарат алу мүмкіндігі беріліп отыр. Екіншіден, емхана, аурухана басшылығы әр айда қанша қалдық қалғанын тексеріп отырады. Жұртшылықтың дәрі-дәрмекпен қамтылуы әкімдік, денсаулық саласы тарапынан үнемі назарға алынады. Сондай-ақ, мәлімет төрт тілде беріледі. Дәрінің қай түріне сұраныстың көптігін отандық және шетелдік өндірушілер бақылай алады.
– Дәрінің бағасына бақылауды кімдер жүргізеді?
– Бағаны бақылау комитеті тексереді. Баға негізінен облыстың әлеуметтік жағдайына, тиімділігіне қарай қойылады. Біздің міндетіміз – тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту. Оның уақытылы жүргізілуін қадағалау.
– «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бүгінгі таңда алға қойған мақсат-міндеттері қандай?
– Отандық өнім өндірушілермен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынастың нәтижесінде, дәрі-дәрмек өндірісін жаңғырту бағытындағы инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа өндіріс орындарын пайдалануға бергеннен кейін бірыңғай дистрибьютор қазақстандық зауыттардан қазіргі заманға сай, халықаралық стандарттарға жауап беретін дәрі-дәрмектерді сатып алуды көздейді.
Қазір тендерлік конкурстың 2017 жылғы рәсімі өтіп жатыр. Қазан айына дейін дистрибьюторлар келісім-шартты толық алады. Келесі жылдың 1 қаңтарында еліміздегі 1107 аурухана дәрімен қамтылады деп күтілуде.
Және алдағы жылдан бастап амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтуды жүзеге асыратын болғандықтан, керекті дәрі тізімін ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарлаудамыз. Келесі жылдан бастап дәрі межелі жерге уақытылы, тоқсан сайын жіберіліп отырады.
Түптеп келгенде, біздің жұмысымыз – науқас адамдарды емдеуге аз шығын жұмсауға және барлық қазақстандықты әрі сапалы, әрі арзан дәрі-дәрмекпен қамтуға жол ашады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен:Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген:Ерлан АЛТЫБАЕВ.


Үздік дәрі өндірушілер

Отандық өнім өндірушілер – «Абди Ибрагим» фармацевтикалық зауыты сапалы дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар шығарудан көш бастап тұр. Он жылдан бері аталмыш басқарма «Нобель», «Альмерек» медициналық бұйым шығарушы зауыттармен бірлесе жұмыс жасауда.
Шетелдік компаниялардың жаңадан шыққан инновациялық, баламасы жоқ түпнұсқа дәрілерінің сапасы жоғары. Олардың қатарында Новартис, Новонордокс, Санофит, Файзер, Брош сынды ірі компаниялардың өнімдері әлем елдері тұтынушыларының оң бағасына ие болды.

Берешектер есебі

Осыдан бір жыл бұрын «СҚ-Фармация» ЖШС басқармасына Қазақстан бойынша қарыз мөлшері – 15 млрд. теңге еді. Қазір бұл көрсеткіш 730 млн. теңгеге дейін шегерілді. Атырау облысынан дәріге тапсырыс берушілердің өткен жылға қарызы жоқ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз