Медициналық талдау құрылғысы іске қосылды

screenshot 4 1 Медицина

Атырауда «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасынан биохимиялық және иммунохимиялық талдауларды жасауға арналған толық автоматтандырылған желі іске қосылды. Еліміз бен Орталық Азия аумағында теңдесі жоқ құрал-жабдықты швецариялық «Roche» компаниясы ұсынып отыр.

screenshot 1

​Бұдан былай түрлі зертханалық талдаулар бұрынғыдан да жылдам жасалады. Заманауи құрылғылар арқылы биохимиялық және иммунохимиялық зерттеулер толық автоматтандырылды. Жаңа зертханалық кешен диагностиканы жақсартып, облыстың денсаулық сақтау саласының әлемдік стандарттарға сай дамуына ықпал етпек.

​Автоматтандырылған желінің ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, облыстағы медицина саласындағы инновациялық кешеннің жүзеге асуымен құттықтап, ұжымға жылы лебізін білдірді.

gshщz

​– Пандемия кезінде диагностика, оның ішінде ПТР әдісі, зертханалардың қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. «ОЛИМП» зертханасы диагностикалық қызмет көрсету саласында бірнеше жылдан бері ауқымды жұмыс істеп келеді. Зертхана ұжымы да ковид індеті кезінде штабтың жұмысына тікелей араласып, адамдардың сапалы диагностикалық зертхана қызметін алуларына септігін тигізді. Осындай жобалар көбейіп, зертхана жұмысының жандануына тілектеспін, – деді Жасұлан Орақұлы.

4565 1

​Осындай алғашқы зертхана құрылғысы Астанадағы «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасында өткен жылдың соңында жүзеге асқан болатын.

​– «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы Атырау облысының тұрғындарын заманауи зертханалық қызметтермен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Зертхана Атырау облысының мемлекеттік емханалары мен стационарлары үшін көп көлемде зерттеулер жасайды. Сондықтан толық автоматтандыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызмет сапасын арттыруға оң әсер етеді. Зертханаларды автоматтандыру – зерттеу жасау жылдамдығын барынша арттырып, адами фактордың ықпалын неғұрлым азайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «ОЛИМП» зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов.

​Бұл құрал-жабдықтар арқылы зертханашының жұмысы едәуір жеңілдеді. Талдау жасау барысында зертханашы сынамаларды құрылғыға салып, зерттеліп болғанын алып қана кетеді. Қалған жұмыстың бәрін құрылғы өзі атқарады. Тәулігіне мұнда бірнеше мың талдау жасалады.

7575755

​Сұранысқа ие зертхана жүйесін шығарған «Roche» компаниясы – бүкіл әлемге белгілі озық өндіруші. 

​– Аурудың алдын алу, дұрыс диагноз қою, науқастарды уақытылы емдеу үшін жоғары деңгейде дамыған диагностикалық инфрақұрылым қажет. Сондықтан «ОЛИМП» зертханасымен бірлесіп жүзеге асырып отырған жобаларымыздың бірін Атырау қаласында жүзеге асырып отырмыз. Клиникалық шешімдердің 70 пайызында дәрігерлер диагностиканың көмегіне жүгінеді. Сондықтан дерттің диагнозын дәл табу үшін бұл құрылғылардың рөлі аса маңызды саналады. Серіктестерімізбен бірге жобаларымыз одан әрі жалғасын табады, себебі біздің ортақ мақсатымыз – сапалы медицинаны дамытып, ауруларды неғұрлым ерте анықтауға барынша мүмкіндік жасау. Біз елдің дамуы үшін еңбек ететін дені сау, бақытты адамдардың көп болғанын қалаймыз, –  деді «Roche Diagnostics Turkey A.S.» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша директоры Хасан Демирчи.

avapv

​Клиникалық-диагностикалық зертханамен қатар кешенде микробиологиялық, паразитологиялық және иммуноферменттік талдау зертханалары жұмыс істейді. Зертханалық кешенді құруға 2,9 млрд. теңге инвестиция жұмсалған.

Алмас ҚАБДОЛОВ

суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз