Медициналық қызметтің сапасы жоғарылауда
Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын басты орынға қойған. Сол себепті «бірінші байлық – денсаулық» деген. Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда еліміз соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан көптеген жетістіктерге жетті. Денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде медициналық-демографиялық бағытта да оң өзгерістер жүзеге асып жатыр.
Бүгінде медициналық қызметтердің көпшілігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл өз кезегінде азаматтарға медициналық қызметке қол жеткізуді жеңілдетеді. Әсіресе мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қызметтерге қолжетімділік артты.
Айта кетсек, қазір Дамбы дәрігерлік амбулаториясына 15 523 халық тіркелген. Оның 5 жасқа дейінгі балалар саны – 2 621, 65 жастан асқан ересектер саны – 936 адам. Өткен жылы емделуге стационарға 1 595 адам жатқызылды, 2 689 адам диспансерлік есепте тұр. Осы орайда жүрек-қан тамыр аурулары, суқараңғы ауруы, қант диабеті және онкологиялық аурулар, жатыр мойны обыры, сүт безінің, тік ішектің қатерлі ісігін анықтап, ертерек алдын алу мақсатында тұрғындарды жыл сайын тегін скринингтік бақылаудан өткіземіз. Жаңа туған сәбилерден бастап 18 жасқа дейінгі балалар да бұл медициналық тексерістен өтеді. Диспансерлік есептегі науқастар тегін дәрі-дәрмектерін алуға құқылы. Орфандық сирек кездесетін ауруға шалдықтан науқастардың дәрілік заттарының бағасы қаншалықты қымбат болса да, мемлекет тарапынан амбулаторлық және стационарлық деңгейде қамтамасыз етіліп отыр.
Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде шалғай аудандарда ауруханалар мен амбулаториялық мекемелердің саны артуда. Осылайша денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымның дамуына байланысты медициналық қызметтердің де сапасы жоғарылады. Мәселен, өткен жылдың қазан айында Дамбы дәрігерлік амбулаториясына қарасты 25 келушіге арналған Амангелді дәрігерлік амбулаториясы типтік жобада салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған жағдайда халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұрын фельдшерлік акушерлік пункт болған ғимарат 1 953 жылы салынған еді. Негізгі дәрігерлік амбулаториядан 3 шақырым қашықтықта орналасуына орай әрі ауа райының қолайсыз кездерінде үлкен кісілер, жүкті әйелдер және кішкентай сәбилер мен балаларға қатынау қиын болатын. Тұрғындар зертханаға немесе тіс дәрігеріне күндізгі стационардан ем алуға қатынайтын еді. Ал қазір Амангелді мен Дамбы ауылының тұрғындары үшін жаңа ғимарат жақын әрі жайлы болды. Жоғарыда аталған медициналық көмектерді халық сол жерден алып жатыр, бұл біз үшін де қуантарлық жайт.
Амбулаториямызда білікті, тәжірибелі дәрігерлер мен медициналық орта буын қызметкерлері жоғары деңгейде білімдерін жетілдіруде. Бұл күні кадр тапшылығы жойылып, амбулатория 100% дәрігермен қамтамасыз етілді. Биыл 4 жас маман жұмысқа орналасып, оларға облыс әкімдігі және денсаулық сақтау басқармасынан 5 млн теңге көлемінде үстемақы беріліп, 2 қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді.
Қазақстанда медициналық туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе Астана, Алматы қалаларына жақын және алыс шет елдерден медициналық көмек алу үшін келетін адамдар саны арту үстінде. Өңірдегі мамандарымыз да Жапония, Корея, басқа да шет мемлекеттерге барып білімдерін арттырып, жиі тәжірибе алмасып жүр.
Денсаулық сақтау саласында профилактикалық шаралар мен ерте диагностиканы қолдану маңызды орын алады. Бұл халықтың денсаулығын сақтауға және өмір сүру ұзақтығы деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндіктер беруде. Ауылдық жерлерде ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеу әдістерін тиімді қолдану, сондай-ақ, оңалту орталықтарын салу мәселелері оңынан шешіледі деген ойдамын. Еліміздегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалар жалғасын табарына кәміл сенемін.
Гүлжанат ШАРИПОВА,
Дамбы дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері
Атырау қаласы
Коллаж: freepik.com