Жазылған жайдың жаңғырығы: «Адамның өмірі ойыншық емес!»

basarulla b Медицина

 «Атырау» газетiнiң 25 қаңтар күнгі №4 санына шыққан «Адам өмiрi ойыншыққа айналып барады…» атты тілші Мәлике Қуанышеваның мақаласын  оқи отырып, қолыма қалам алдым. Себебі, ширек ғасырдан астам уақыт (1969 жылдан бері) денсаулық сақтау саласында қызмет атқарған тәжірибелі дәрiгер, саланың ардагері ретінде қазіргі жағдай мені де алаңдатпай қоймайды.  

Мақалада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова негiзгi себептi маман тапшылығынан облысқа 165 дәрігер қажет екенiн, медицина саласы биыл 2024 жылы 118 жас маманмен толығатынын, дәрігерлер біліктілігін арттыру мақсатында жоғары медициналық мекемелер мен ғылыми орталық мамандары шеберлік сағаттары өткiзiлгенiн мәлімдеген. Ал, сонда денсаулық саласында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан басты мәселе – кадр тапшылығының басты себебі неде?

Иә, аймақта дәрігерлердің, оның ішінде білікті мамандардың тапшылығы – күрделі проблема. Ащы да болса шындық, әcipece ауылдық жерлердегі  денсаулық сақтау жүйесi сын көтермейді. Алтын бесігіміз ауылдағы мамандар тапшылығын жою ең басты міндет болуы тиіс. Ол үшiн ауыл мектебiн жақсы үлгеріммен оқып шыққан, дәрiгер мамандығын қалайтын жас түлектерді квота арқылы оқытуды қамтамасыз ету керек деп санаймын. Оқу қаржысын аудан арқылы төлеу деген сөз бұл.

Ойлап қарасақ, әр жақтан шақырып алған мамандарға жұмсалатын қаражаттан гөрі, жастарды оқыту қаржысын өтеу әлдеқайда жеңілдеу болар еді. Тағы бір жағдай, медициналық жоғары оқу орындарында  ақылы оқыған жас бітіргеннен кейін мол табыс табуды ойлайды. Осы себепті ауылда да, мемлекеттiк медицина мекемесінде де қызмет жасағысы келмейді. Жалпы айтқанда, дәрiгер мамандарды жетiстiру үшiн облыс бойынша бір жылдық емес, 10-15 жылға арналған стратегиялық жоспар керек.

Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау саласын қамтамасыз етуге, жыл сайын қанша дәрігер дайындау керек екенiн қадағалап және бiлiктi дәрігерлердiң зейнеткерлiкке шыққанда жұмысты жалғастыруына мүмкіншілік жасау да мәселені шешудің бір жолы деп білемін. Олай болмаса, мамандар жетiспеушілігі мәселесі алдағы жылдары созыла берері анық.

Мақалада атап өтілгендей, Атырау жұртының облыстық денсаулық сақтау саласының қызметіне көңілі толмайтыны шындық. Денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы мөлшері жылдан жылға көбейіп келе жатқанымен, одан нәтиженің жоқтығы көпшіліктің көңіліне күмән ұялатып отыр. Байқасақ, салаға енгiзiлген реформалар жүйелі емес, соның салдарынан сапалы қолжетімді медициналық көмек көрсетілмейді. Мысалы, 2010 жылы енгізілген «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасында» тұрғындардың емдеу мекемелері мен таңдап қаралу мүмкіндігі бар делінген. Егер дәрігерлер жетіспесе, науқастар бірнеше күн кезекте тұрса, бұл жағдайды қолжетімді, сапалы медициналық көмек деуге болмайды.

Порталға жолдама беру үшін, ауруларды зерттеуге берілген уақыт мерзімі де шектеулі. Керекті деректер дайын болмаса, қайтадан жаңа медициналық сараптамалар алғызып, науқасты әрлі-берлі жүргізіп әбігерге салады. Себебі, емханалар озық технологиялық, диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген.  

Кейiнгi енгiзiлген «Мiндеттi әлеуметтік медициналық сақтандыру» қажеттi құрылымдық реформа болғанымен, кемшін тұстары көп. Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласын қосымша қаржыландыру секілді жоба. Қарапайым тілмен айтқанда, денсаулығы дұрыс, жұмыс жасайтын адамдардың еңбекақысынан сырқаттарға емдеуге мүмкіншілік беру, мемлекеттен бөлінетін қаржыға көмек.

МӘМС-тің қағидасы бойынша дәрігерлерге қанша науқас емдеу керектігі туралы жоспар беріледі.  Айналаға зер салсаңыз, қазіргі кезде оқыстан ауырып қалатын науқастардың саны көбейген. Өйткенi, емханаларда учаскелік дәрігер тағайындаған дәрілерді жекеменшік дәріханалардан сатып алуға кез-келгеннің қалтасы көтермейді де науқас уақыт өткізіп, ауруын асқындырып, ақыр соңында  аурухана төсегіне таңылады. Мұндай жағдайда жоспарлы науқасқа орын болмай қалады.

Жалпы, ауруға жоспар жасау деген ақылға қонымсыз жайт. Егер жоспарды орындаса, одан кейінгі түскен науқасқа ақша бөлінбейді. Осындай жүйесіздік  науқас пен медицина қызметкерлерінің арасында түсінбеушілік, наразылық туғызады.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы МӘМС жүйесіне қатысты біраз сын айтқан болатын. Шын мәнінде, бұл саланы жетілдіріп, жүйені реттейтін уақыт келгендей.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына  бес жыл болды. Содан бері  бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деген болатын Президент.

Ал, бүгінгі дәрігерлердің беделі, қоғамдағы орны, мәртебесі туралы айтар болсам, жасыратыны жоқ, бұл мәселе де көңіл көншітпейді. Мамандарды марапаттау, ынталандыру жүйесi жетiлмеген. Медицина саласы қызметкерлерінің өмірін қорғайтын, мәртебесін көтеретін заң жобасы жоқ. Балағаттау, сабап кету, тіпті өлтiрiп кеткен жағдайды да білеміз. Сондықтан қызмет сапасын арттыру үшін алдымен дәрігерлердің мәртебесіне де мән беру керек деп ойлаймын.

Десек те, әрбір адам ең алдымен өзінің денсаулығына салғырт қарамауы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта адамдар ауырмаудың жолын іздеу керек екенін білгенімен, дәріханалардан антибиотиктерді рецептісіз алып, биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) өз бетімен қалағанынша пайдалана беретін болды. Ал, мұндай жағдайда адам организмнiң қорғаныш қуаты нашарлап, аллергиялық сезімталдылығы күшейіп, дәрігер емінің әсерінің төмендейтінін естен шығармаған жөн.

Тағы бір мәселе, денсаулық жүйесінде жүргiзiліп жатқан реформалар науқасты арнайы хаттама арқылы емдейтін болды. Дәрігерге емдейтін дәрілердің атын, бағаларына дейін көрсетіп береді және басқа дәрілерді беруге рұқсат жоқ. Мұның өзі дәрігерлердің клиникалық ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, арасында науқаспен сөйлесуге тiлi жетпейтiн, мiнезi тұрпайылау, білімі төмен дәрігерлер де табылады. Сондықтан дайын хаттама мұндай мамандардың жетілуіне, кәсіби дамуына  тұсау салғанмен тең.

Көпке жала жаппаймыз. Осыдан бірер жыл бұрын елді  коронавирус жайлаған сәтте өмірін қатерге тігіп, ауыр науқастардың жанынан табылған антына адал ақ халатты абзал жандарды көптеп естідік. Қандай сәтте болмасын дәрігер алдына келген науқасқа жылы шырай танытып, өзінің жоғарғы қабілеттік білімімен, мәдениетімен, ақжарқын мінезімен, мейірімен, білім-білігімен ерекшеленіп тұрғаны қандай ғанибет!

Денсаулық сақтау саласын дамыту адам өмірін қорғаумен бірдей. Сондықтан өмірін осы арнаға арнаған адам ретінде салаға серпін қажеттігін айтқым келеді. Өйткені адам өмірі –  бәрінен бағалы құндылық.

Басарулла ХАРАСОВ,

денсаулық саласының ардагері 

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз