
Медицинаға тың серпін береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде үлкен ықыласпен тыңдадым. Әсіресе, Жолдауда көтерілген жасанды интеллектті енгізу, цифрлық технологияларды денсаулық сақтау жүйесіне кеңінен пайдалану бастамасы – заман талабы әрі халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Қазір медицинаның дамуы технологиямен тығыз байланысты. Дәрігердің тәжірибесін күшейтетін, диагноз қоюды жеңілдететін, ем-домды тиімді жүргізуге көмектесетін жасанды интеллект – тек қаладағы ірі ауруханаларға ғана емес, ауылдық аймақтардағы емханаларға да қолжетімді болуы тиіс. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа дер кезінде көмек көрсетуге жол ашады.
Сонымен қатар Жолдауда дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, жаңа мамандар даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл – медицина саласының болашағы үшін өте маңызды. Өйткені, қандай технология келсе де, оны жүзеге асыратын – адам, дәрігер.
Менің ойымша, Президент көтерген бастамаларды жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау саласында ардагерлердің де тәжірибесі қажет. Біз өзіміздің жинаған білімімізді жас мамандарға үйретіп, жаңа буынның кәсіби тұрғыда өсуіне үлес қосуға дайынбыз.
Мәрия ІЗМАҒАМБЕТОВА,
денсаулық сақтау саласының ардагері