
Медицина майталмандарына құрмет көрсетілді
Атырауда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне арналған бұл кеш – уақытпен санаспайтын, дәрежеге таласпайтын, елдің денсаулығы мен өмірінің сақшысы атанған сала мамандарына деген алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі болды.

Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, медицина саласының ардагерлері мен үздіктерін құттықтады. Облыс басшысы өз сөзінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістер мен медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне тоқталып, бұл салада еңбек етіп жүрген мамандарға ризашылығын білдірді.
– Медицина – адам өмірімен тікелей байланысты ең жауапты әрі қастерлі мамандықтардың бірі. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында қаншама адам сауығып, өмірге қайта оралуда. Бұл – өлшеусіз еңбек, – деді өңір басшысы.

Салтанатты кеш барысында бірқатар медицина қызметкерлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Атырау облысы әкімінің марапаттарына ие болды.
Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі 6 медицина ардагеріне табысталды. Ал «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен 10 маман марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімі «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін 8 медицина қызметкерінің өңіріне тақты.

Әрбір марапат иесі саланың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен ерен еңбегі үшін айрықша құрметке бөленді.
Салтанатты рәсім концерттік бағдарламаға жалғасты. Белгілі әнші Марсель Алсейітов «Бұл өмірде», «Арманда», «Асыл жаным-ай» секілді танымал әндерін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаты Айбар Ғаниұлы мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғымановтың орындауындағы әндер кешке ерекше әр берді.
Кеш соңында облыс әкімінің атынан медицина қызметкерлеріне ықылас гүлі табысталды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН