Жыл сайын 600 атыраулық бала тегін оңалтудан өтеді

img 20220415 wa0236 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Атырауда 200-ден аса ерекше баланың алғашқы қадамын жасап, бірінші сөзін айтуына мүмкіндік беріп отырған «Қамқорлық» оңалту мекемесі қызмет көрсетеді. Оны «Samruk-Kazyna Trust» қоры ең озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Бүгін ондағы балақайлардың бірі – Орынбасар Әбдірахманның тұсауы кесілді.

Шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы барып қатысты.

          «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева облыстық балалар ауруханасында орналасқан мекеме Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Италия және Ресейдің заманауи жабдықтарымен қамтылғанын атап өтті.  

Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық бұзылулары бар 600 балаға инновациялық технологияларға негізделген тегін, сапалы және тиімді кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Балалармен дәрігер-реабилитологтар, ЕДШ нұсқаушылары, логопедтер, психологтар, дефектологтар, эрготерапевттер жұмыс жасайды. Реабилитологтар мен мұғалімдердің қарамағында робот-құралдар, биологиялық кері байланыс, сенсорлық, шунгит, тұз бөлмелері іске қосылған.

«Биыл 8 жаңа оңалту орталығы жұмыс істей бастады. Нәтижесінде Қазақстанның барлық өңірін қамтып, оңалту қызметінің сапасын арттырдық. Олардың ауыл балалары үшін қолжетімділігін қамтамасыз еттік» дейді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

Айта кету керек, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 15 оңалту орталығы, 8 инклюзияны қолдау кабинеті және 8 ерте араласу орталығы ашылған.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Фото: автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз