АУЫРМАУ ЖОЛЫ – ҮНЕМІ ҚОЗҒАЛЫС

немесе «Өмірге оралу» жобасының артықшылығы қандай? 

Әңгімемізге арқау болғалы отырған жоба «Өмірге оралу» деп аталады. Адам өмірге қай уақытта қайта оралғандай болады? Әрине, ауыр науқастың бетін қайтарып, айыққанда ғана. Аурудың жеңілі жоқ. Сондықтан да, «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп қазақ бекер айтпайды.

Статистикалық деректер бойынша, Атырау облысында осы категориядағы науқастардың 10,3 пайызы ғана реабилитациялық көмекпен қамтылған. Реабилитациялық бөлімдер тек мүгедектік алған науқастарға ғана есептелгендіктен инсульт, жүрек-қан тамырлары сияқты ауыр науқастарға медициналық ем алғаннан кейінгі сауықтыру шараларын алуға толық мүмкіндіктері жоқ. Ал, әлемдік тәжірибе мұндай науқастарға жедел түрде, мүмкін-дігінше екінші, үшінші күндері реабилитациялық ем-домдарды бастағанның тиімділігін көрсетіп отырғандығын дәрі-герлер қызу қуаттайды.

Міне, осындай шешуші сәтте «Болашақ КК» қоғамдық қоры жанындағы Консультациялық-диагностикалық емхана басшылығы батыл қадам жасап, медициналық реабилитация және ауыр науқастарды күтетін адамдарды үйрету туралы тың бастама көтеріп, «Өмірге оралу» жобасын қолға алды. Алғашқы қадам жасауға көп кедергілер де кездесті. Бірақ, өз кәсібін терең меңгерген тәжірибелі басшы соңына әріптестерін еріте білді.

Ең бірінші Германиядан осы салада отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинақтаған реабилитолог Аннета Хайц деген арнаулы маман шақырып, өздері білімдерін толықтырды. Және алдағы уақытта аталған жобамен жұмыс жасауға тілек білдірген бір топ маманды оқытты. Халықаралық стандартпен ауыр науқастарға реабилитациялық көмек беру туралы арнайы бағдарлама бойынша дәріс алып, халықаралық сертификатқа ие болды. Содан бері бір жыл өтті.

«ЭксонМобил» компаниясының демеушілігімен іске асып отырған бұл жобаның мақсаты – «Медициналық реабилитацияның негіздерін» және «Ауыр науқастарды күтуге мамандар дайындау». Осы орайда, медбикелер мен науқастың туысқандарын қосқанда 330 адам оқытылыпты. «Эмоциялық жағдайлар», «Науқаспен араласу» тақырыптарында 16 психологиялық тренинг, 22 семинар өткізіліп, 327 медицина қызметкері толық дайындықтан өткен.

Бұл жобаның іске асырылуының бүгінгі күнгі аяқ алысы көңіл толтырарлықтай. Қыркүйек айында Аннета Хайц тағы да ат басын Атырауға бұрып, аталған орталықта бір айға жуық жұмыс жасады. Медициналық реабилитология және ағзаның өмірге қажетті маңызды функцияларын қалпына келтіру бағытында халықаралық стандартпен семинарлар өткізді. Бұл семинарларда мамандар анатомия, физиология, бұлшық еттердің биомеханикалық қозғалысы туралы теориялық курстан өтіп, науқастарға сколиоз, омыртқаның зақымдануы, инсульттан кейінгі жағдай, парез, паралич, ДЦП аурулары бойынша тәжірибе жинақтады.

Бүгінгі күні «Болашақ-КК» ҚҚ ағзаның өмірге қажетті маңызды функцияларын қалпына келтіру және ағзаның когнитивтік функцияларын қалыптастыруда қазіргі заманғы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жинаған іс-тәжірибелеріне сәйкес, сапалы реабилитациялық шаралар жасай бастады.

* * *

Осындай жасалып жатқан аса маңызды жұмыстар жөнінде «Болашақ-КК» қоғамдық қоры «Өмірге оралу» жобасының аралық қорытындысын жасап, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда облыстық ауруханалар мен емханалардың дәрігер-мамандары, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева, «ЭксонМобил» компаниясының жұртшылықпен байланыс кеңесшісі Гүлнар Нұғыман және Аннета Хайц ханым мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Атырауға екінші рет келуім. Артрит, артроз сияқты тізе сырқаттарымен ауыратындар көп екен. Кейбіреулері тізеге ота жасатқан, біреулері әртүрлі дәрі-дәрмектерді қолданып, екпенің түрін алған. Шынымды айтсам, бұл сырқатты Еуропада ауру деп есептемейді. Бұл жерде басты роль ойнайтын – қозғалыс. Тізе үнемі қозғалыста болуы керек. Көңілдеріңізге келмесін, жергілікті халық көп жүргенді жақсы көрмейтін сияқты. Көбіне дәріге, медициналық көмекке арқа сүйейді. Тіпті, жасанды тізе салдырғандарын да көрдім. Осы орайда, маман ретінде айтайын дегенім, тізеге арналған арнайы жаттығулар бар. Тізенің бірден-бір емі – сол  жаттығулар. Бұл емнің түрі қымбат дәрілерге немесе ота жасауға кететін қомақты қаржыны қажет етпейді. Ең бастысы, 40-45 минут уақыт пен ерінбеу ғана.

 Бұл емді енді өздеріңіздің қалаларыңызда арнайы сертификаты бар мамандар жасай алады. Сөзімнің дәлелі, былтыр келгенде аяғынан жарақаттанған бір жас жігітпен кездестім. Хирургиялық операциядан кейін бес жыл бойы қозғалыссыз қалған. Аяқтағы залалдың аса қорқынышты еместігін, қозғалудың маңыздылығын түсіндіргеннен кейін ғана әлгі жігіттің өмірге құштарлығы артып, жаттығумен айналыса бастады. Биыл келсем, сол жігіт өз аяғымен орталыққа келіп тұр. Дәрігер үшін бұдан асқан бақыт жоқ», – дейді Аннета Хайц бізбен әңгімесінде.

* * *

Еуропада реабилитациялық жұмыстар науқас ауырған күннен бастап жүргізіледі. Ал, бізде науқас үйіне шыққаннан кейін бірнеше айды өткізіп барып емін жасай бастайды. Бұл жоғалған уақыт аурудың сауығып кету мүмкіндігін азайтатындығын әрбір адамның білгені абзал.

«Шынымды айтсам, қолға алған жұмыстарымыз аса жауапты әрі қиыншылықтары мен кедергілері басым. Бірақ, қашан болса да, кім болса да кенже қалған медицинаның бұл саласын өз өңірімізде жандандыруға міндетті. Қазір науқастың үйіне барып ем-дом жасайтын бригада дайындалу үстінде. Бастаған ісімізді жалғастыруға тиістіміз. Себебі, бұл халық үшін өте маңызды деп ойлаймын», – деп аталған емхананың бас дәрігері Жібек Бисенова өз ойын ортаға салды.

Басшы айтқандай, жұмыс көп, бірақ көздеген мақсат айқын. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тапсырысына ену де – олардың басты міндеттерінің бірі. «Мемлекеттік тапсырыс алсақ, бұл қызмет түрі халыққа тегін болар еді» деп армандайды олар.

Германияда мұндай орталықтарды ірі өндіріс кәсіпорындары қаржыландырады екен. Дәл Германиямен салыстыруға болмас, дегенмен біздің өңірімізде де көптеген ірі өндіріс ошақтары бар екендігін ескерген артық емес. Демек, мүмкіндік бар!..

Ағиба  ҚАТЕШОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз