Иммун тапшылығын емдеу тиімділігі артты
Иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандарды емдеу тиімділігі артты.
Бұл туралы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығының бөлім меңгерушісі Альфия Қарабекова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Бұрын АИТВ жұқпасымен өмір сүрушілер күніне дәрінің 6-7 түйірін пайдаланса, қазіргі уақытта біріктірілген бір-екі түйірін пайдалану арқылы вирус санын азайтуға мүмкіндік бар. Және қазіргі заманауи дәрілер врустың жұғу қаупін төмендетіп, таралуын азайтады, сондай-ақ, науқастың ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұл дәрілер арқылы анасынан балаға жұғу қаупі де болмайды. Осы тұста айта кетейін, күні бүгінге дейін облыста осындай ауру анадан 52 дені сау бала туылды, деді А.Қарабекова.
Сонымен қатар, бөлім меңгерушісі вирустың жұғу жолдарын айтып өтті. Оның айтуынша, вирус жыныстық жолман, қан арқылы және жұқтырған анадан балаға берілуі мүмкім.
Сонымен қатар, аталған орталықтың бөлім меңгерушісі Аягөз Абылғазиева өңірде иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Оның мәлім етуінше, өткен жылы төрт айдың ішінде инфекция 12 адамнан анықталған болса, биылдың өзінде бұл індетпен төрт ай ішінде 27 адам тіркелген.
Ал, облысымызда соңғы 30 жыл ішінде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан 13 адам көз жұмса, қазіргі уақытта 293 адам диспансерлік есепке алынған.
Індетті 2022 жылы жұқтырғандардың 11,1%, яғни 3 жағдай инфекциялық есірткі тұтыну кезінде, 51.8% немесе 14 жағдай гетеросексуалды жыныстық қатынас кезінде, 18,5%, яғни 5 жағдай ер мен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер арасында және қалған жағдай медициналық емес манипуляция кезінде жұқтырған деді А.Абылғазиева.
Сондай-ақ, ол инфекцияны жұқтырған науқастардың орташа жасы 15- 49 аралығында және бұл жұқпаға шалдыққандардың басым бөлігі ер адамдар екенін жеткізді.
Айта кетейік, 15 мамыр – ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алу күні. Жыл сайын әлем халқы мамырдың үшінші жексенбісінде ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алады.
Халықаралық еске алу күнінің басты мақсаты – АИТВ/ЖИТС жұқпаларының таралу мәселесіне және АИТВ жұқтырғандарды әлеуметтік қорғауға қоғам назарын аудару.