Жарнама
Медицина

Халық денсаулығын қорғау – әділетті Қазақстанның басты құндылығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы Жолдауы – еліміздің әлеуметтік саясатын жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжат. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы реформалар – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асқаны – мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Бұл көрсеткіш – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы артып келе жатқанын көрсететін маңызды индикатор.

14 шілдеде қол қойылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты жаңа Заң – денсаулық сақтау жүйесін жүйелі түрде жаңғыртудағы маңызды қадам. Заңда медициналық көмекті екі пакетке бөлу – базалық (барлық азаматтарға) және сақтандырылған азаматтарға арналған кеңейтілген пакет – ресурстарды тиімді пайдалануға және қажеттіліктерге қарай қызметтерді әділ бөлуді қамтамасыз етеді.

Скринингтік тексерулердің мемлекет кепілдік беретін қызметтер қатарына енуі – профилактикалық медицинаның дамуына серпін бермек. Әсіресе онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау бағытында жаңа скрининг түрлерінің енгізілуі – ауруларды бастапқы кезеңде анықтап, өлім-жітімді азайтуға зор ықпал ететін қадам.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде тегін профилактикалық тексерулер мен кеңейтілген сақтандыру пакетінің қолжетімділігі – азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, жалпыұлттық денсаулық деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, бұл реформалар – денсаулық сақтау саласының тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ халықтың өмір сүру ұзақтығын 2029 жылға қарай 77 жасқа жеткізу мақсатына жетуге толық мүмкіндік береді.

Сұлушаш ҚУАНҒАЛИЕВА,

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button