Ауылдағы жекеменшік емхана

Ауылда ы жекеменш¦к емхана Жаңалықтар

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мекемелердің көпшілігі жекешеленіп, қызметтерін жаңа қырынан бастады. Сондай қиын шақта өз алдына бөлек отау тігіп шыққан мекеменің бірі –  Қайыршақты селолық округіндегі «Сәлімжан және К» жанұялық-дәрігерлік амбулаториясы. Ауылдағы алғашқы жекеменшік емхананың негізін қалаушы – 

Сәлімжан АМАНҒАЛИЕВ.

Ауылда__ы жекеменш¦к емхана

Негізгі мамандығы – бала дәрігері. Еңбек жолын Қайыршақты селолық округіндегі учаскелік ауруханадан бастаған Сәлімжан Паритұлы әке жолын жалғап, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Кешегі колхоз, совхоз кезінде ауыл экономикасын көтеруге үлес қосқан әкесі Парит Аманғалиев – Қызылқоға ауданында ұзақ жыл партия, кеңес қызметкері болып жұмыс жасаған. Ол кісінің Тайсойған, Бүйрек, Сағыз ауылдарындағы ерен еңбегін сол  жердің ақсақалдары әлі күнге  ұмытқан жоқ. Парит Аманғалиұлы мен Ұштап Ізтұрғанқызының ізін жалғаушы Сәлімжан Паритұлы өзінің сүйікті қызметін жыл өткен сайын жаңаша қырынан дамытып, елдің ертеңі үшін бар күшімен еңбектенуде.

Жекеменшік емхана 1998 жылдан бастап Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бұрынғы 55 орындық учаскелік аурухана қазір дәрігерлік амбулатория деп аталады. Бүгінгі таңда бес дәрігер, 25 орта буын медбике қызмет етеді. Емханаға тіркелген тұрғынның саны 10225-ке жетті.

– Белгілі бір кәсіпті бастау айтуға оңай болғанымен, бастапқы кезде қиындықтар да кездесті. Алғашында кадрларды қайта даярлау қажет болды. Жолдасым Гүлнәр Нәбидоллақызы екеуміз күні-түні жұмыс жасадық. Өйткені, медициналық мекеме болғандықтан, дәріні айтпағанда, заманауи құрал-жабдықтар аса қажет, бірақ, таптырмайтын еді, – дейді Сәлімжан Паритұлы алғашқы кездегі қиындықтарды еске алып.

Қазір емдеу мекемесі жайлы жұрт жақсы пікірде. Тұрғындар сол кездегі жаңадан құрылғанына қарамастан емхана ұжымының талай ана мен баланың өмірін арашалап қалғанын жақсы біледі. Бүгінгі таңда емханада заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Кадр жетіспеушілігін де емхана басшылығы өздері ақылдасып, шешуде. Емдеу мекемесіне қажетті жалпы тәжірибелік екі дәрігерді биылғы жылдың тамыз айында Ақтөбе медициналық университетінен шақыртқалы отыр.

«Былтыр өзіміздің мекемеміздің қаражаты есебінен Талғайраң селосынан жаңа медициналық орталық салдық. «2020-2022 жылдары еліміздің барлық өңірінде жекеменшік медициналық нысандар болады» деген бағдарламаға сәйкес, заманауи жабдықтармен қамтылған емхана қатарынан көрінгіміз келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қазір халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Көпшілігі вахталық жұмыста. Оның кейбіреуі екі-үш ай жасайды да, жұмыс көлемі біткенде ақысыз күнге кетіп қалады. Осы аралықта ешқайда тіркеуде тұрмайды. Қазір біздің емханада сондай тіркеуде жоқ 320 адам анықталды»  дейді емхана басшысы.

Емдеу мекемесінің жүргізген тексерісі нәтижесіне орай ауылдағы 22 тұрғынның жеке қожалығы бар. С.Аманғалиевтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы ай сайынғы жарнаны шаруашылықтары оңалғандары әр қызметкеріне еш қиналмай төлей алар, қалғандары қайтпек? Жаңадан аяққа тұрып  жатқандарына қиындау болар. Мәселен, бір үйден алты адам болса, олардың әр басына 2414 теңгеден төленуі керек. Қалғаны кезең-кезеңімен қалыпқа келуі мүмкін. Бұл жүйені ауыл адамдары алғашқы жылдары түсініңкіремей отыр.

Сәлімжан Паритұлы жұмыс кезінде бөлімшелерді аралап, кемшіліктерді көріп, сол бойда ескерту беріп, тапсырманы орындамайынша жаны жай таппайды. Өз ойын бүкпесіз айтатын турашыл қасиеті тағы бар. Мұны ұжымдастары бізбен әңгімесінде айтып отыр.

Қайыршақты ауылдық округіндегі амбулаторияны кеңейтіп, созылмалы сырқаты бар науқастарды оңалту бөлімшесін ашу – білікті ұйымдастырушының көздеген жоспарларының бірі. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін қала, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, Ұлттық бизнес-рейтинг орталығының «Даңқ жұлдызы»,  «Медицина саласындағы еңбегі үшін», «2015 жылдың үздік басшысы» атағын иеленген.

Білікті дәрігер Отанымыздың гүлденуіне, халқының саулығы жолында өзінің өнегелі отбасымен, еңбек ұжымындағы әріптестерімен, шәкірттерімен бірге жаңашыл қызмет етуде. Дәрігерлер отбасының үлкен ұлы мен келіні де аталған емханада тіс дәрігері қызметін атқарады.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз