ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ
Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап жаңа мемлекеттің денсаулық сақтау саласының алдында қолжетімді емдеу және дәрілік көмек көрсетуді ұйымдастыру, кең көлемде санитарлық іс-шараларды жүргізу, ауа, су, топырақты қорғау, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын ұйымдастыру, қауіпті аурулардың індеттерімен күресу, санитарлық заңнамаларды құру сияқты міндеттер тұрды. Қазақ КСР Конституциясының негізінде 1938 жылдың 12 ақпанынан бастап Гурьев облыстық денсаулық сақтау бөлімі құрылып, аймақтағы инфекциялық аурулардың алдын алу мен күресу жөніндегі жұмыстарға басшылық жасайтын эпидемиологиялық сектор ұйымдастырылды.
Емдеу-алдын алу қызметін көрсету және денсаулық сақтау мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметін бұдан әрі жақсарту мақсатында КСРО Министрлер Кеңесінің 1949 жылдың 31 қазанындағы қаулысымен санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің бірыңғай номенклатурасы мен үлгілік санаттары бекітілді. Министрлер Кеңесінің аталған қаулысының және КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі негізінде 1948-49 жылдары Гурьев қалалық және Жилокосинский, Теңіз, Есбол, Бақсай, Мақат, Новобогат, Қызылқоға, Форт- Шевченко және Маңғыстау аудандық санэпидстанциялары құрылды. Ал, 1950 жылдың бірінші маусымынан бастап облыстық денсаулық сақтау бөлімінің жанынан Гурьев облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы ұйымдастырылды.
Денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын қайта ұйымдастыру шараларына байланысты 1957-1960 жылдары аудандық ауруханалардың жанынан сегіз санитарлық-эпидемиологиялық бөлім және үш санэпидстанция (облыстық, Гурьев қалалық және Мақат аудандық) өз алдына құрылып, бұрынғы атауларымен қалды. 1964 жылы аудандық ауруханалардың жанындағы барлық санэпид бөлімдер дербес станциялар болып қайта ұйымдастырылды.
Ал, 2003 жылы Үкімет қаулысына сәйкес, облыста санэпид -қызметті қайта ұйымдастыру жүргізіліп, «Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесі «Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны (РМҚК) болып қайта ұйымдастырылды.
Қазір облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі саласында 84 дәрігер, медициналық емес жоғары білімді 45 маман, 133 орта медицина қызметкерлері жұмыс жасаса, олардың145-інде мемлекеттік қызметші мәртебесі бар. Алты дәрігерде медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болуы, сегіз дәрігерде жоғары, 45-інде бірінші біліктілік санаттары бар екені санэпидқызмет мамандарынан жоғары кәсіби біліктіліктерінің дәлелі болып табылады. Мамандар біліктілігін жүйелі түрде арттыру еліміздегі және шетелдердегі институттар базасында жүзеге асырылады. Соңғы бес жылда мамандардың тоқсан пайызы оқу базаларында оқудан өтсе, үш маман Италия, Голландия, Латвия елдерінде оқып келді. Барлық санэпидқызмет мекемелері электрондық байланыс жүйесіне қосылған, облыс аумағындағы эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық ахуалға мониторинг жүргізу жүйесі жолға қойылып отыр. Департаменттің ведомстволық веб-сайтынан сала қызметі, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілер, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының тексеру жоспарлары туралы ақпараттармен танысуға болады.
Бүгінгі күні санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі басым мақсаты Президент Жарлығымен бекітілген ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру болып табылады.
Бағдарлама шеңберінде тағам өнімдерінің, қоршаған ортаны қорғау нысандарының қауіпсіздігін зертханалық бақылаудың халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді жүйесі құрылады. Жұқпалы ауруларды, оның ішінде аса қауіпті ауруларды диагностикалау сапасын арттыру үшін қазіргі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының базасында аймақтық вирусологиялық зертханалар мен конго-қырым геморрагиялық қызбасы, күйдіргі, туляремия, бруцеллезді диагностикалайтын арнайы зертханалар желісі құрылатын болады. Санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметіне инновациялық жобалар мен әдістерді енгізу де жоспарлануда.
Халық денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде облыста соңғы он жылда жұқпалы аурулармен сырқаттанушылық көрсеткіші төмендесе, кейбір аурулар мүлдем тіркелген жоқ. Ресми мәліметтер бойынша облыста профилактикалық екпелерді кең көлемде жүргізу нәтижесінде «екпемен басқарылатын» дифтерия, көкжөтел, эпидемиялық паротит, қызылша, сіреспе, қызамық және т.б. сияқты инфекциялармен ауыру жағдайлары едәуір азайғаны байқалады. Мысалы, соңғы төрт жылда қызамықпен сырқаттанушылық, жеті жылда қызылшамен аурушаңдық, былтырғы жылы эпидемиялық паротитпен аурушаңдық тіркелген жоқ.
2007 жылдан бастап жыл сайын біздің облысымызда Еуропалық иммундау апталығы өткізіліп жүр. Бұл шара кезінде халықтың өзге елдерден келген, тіркелмей тұрып жатқан және тұрақты мекен-жайы жоқ топтарына көп көңіл бөлінеді.
Қоғамдық тамақтандыру нысандарының санитарлық жағдайын жақсарту нәтижесінде соңғы үш жылда топтық тамақтан улану фактілері тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының жүргізген тексерулері нәтижесінде тек өткен жылы 53 тонна азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдері жарамсыз деп танылып, жойылды. Жыл сайын халықты сапалы ауыз сумен қамту жақсарып келеді, нәтижесінде сапасыз ауыз суды пайдаланумен байланысты жұқпалы аурулардың шығуы болған емес.
Сонымен қатар, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі, әсіресе, электромагниттік өріс көздері, басқа да физикалық факторлар, иондаушы сәулелері бар өнеркәсіп объектілерінде жұмыс жасайтындардың еңбек жағдайларына үнемі қадағалау жасап отырады.
Балалар ойыншықтары, тағам және сумен жанасатын полимерлік материалдар, құрылыс материалдары, бау-бақша өнімдерінің қауіпсіздігі бақыланып, іріктеліп токсикологиялық зерттеледі. Ол үшін зерттеудің қазіргі заманғы әдістері, приборлар, аппараттар мен құрал-жабдықтар қолданылады.
Өсіп келе жатқан буын өкілдерінің білім алуы мен тәрбиелену жағдайлары — санэпидқызмет мамандарының жіті қадағалауында. Елбасының бастамасымен «Балапан» бағдарламасы бойынша құрылысы салынып жатқан барлық объектілер жобалау кезінде және құрылысы салынып жатқанда санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкестігі туралы қорытынды алады. Жалпы білім беретін мектептердегі оқушыларды оқыту мен тамақтандыру жағдайлары жоспарлы түрде тексеріледі.
Ескертпелі санитарлық қадағалау мақсатында санитарлық дәрігерлер өнеркәсіп және әлеуметтік сала объектілерінің құрылысын салу, қайта жаңғырту жобаларының санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестігіне міндетті санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізеді. Қадағалау функциясын жүзеге асыру барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзушыларға әкімшілік әрекет ету шаралары қолданылады. Өткен жылы облыстың мемлекеттік санэпидқадағалау органдары 23,5 млн. теңгеге 2501 айыппұл салып, 28 объектінің жұмысы уақытша тоқтатылды, 527 адам уақытша жұмыстан шеттетілді, 43 іс сот органдарына жолданды, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бұзушылықты жою туралы 900 санитарлық ұйғарым берілді.
Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің алдында жұқпалы емес аурулардың алдын алу міндеті қойылған. Сондықтан, санэпидқызмет мамандары балалардың теміртапшылықты анемиясы, әсіресе, балалар және басқа да ұйымдасқан ұжымдарда тамақтану рационына байытылған тамақ өнімдерін енгізу мен насихаттау арқылы йодтапшылықты аурулардың, оқушылардың сүйек-бұлшық ет ауруларының, омыртқалардың қисаюы, пневмонияның алдын алуды ұйымдастырумен белсенді айналысуда.
Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз етудегі қол жеткен табыстар облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласы мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі болып табылады, олар жыл мен тәуліктегі уақытпен санаспай халық денсаулығын қорғауда аянбай еңбек етуде.