ЕНДІ ДӘРІГЕР ДЕ ӘМБЕБАП БОЛАДЫ

ол мәселенің оңтайлы шешімін табуға септеседі

Жаңалықтарды өз ісіне пайдалануда алдыңғы қатарда тұрған қалалық емханалардың бірі – осыдан 3 жыл бұрын ашылған Алмагүл ықшамауданындағы мекеме. Емдеу ісі саласындағы еңбектері еленіп, бұл ұжым таяуда халықаралық деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Осы ретте аталмыш емхананың бас дәрігері Ғазиз ЕСҚАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.

– Ғазиз Қаламұлы, ел экономикасының өрістеуіне үлес қосқаны үшін Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь елдерінен келген бірнеше кәсіпорын басшылары арнайы жүлделер мен марапаттарға қол жеткізгені жөнінде бұған дейін де басылымымызға жазған болатынбыз. Осы орайда жүзден жүйрік танылған жүлдегерлер қатарында Сіздің де ұжымыңыз бар екен. Құттықтаймыз!
– Әрине, бұл тұтастай ұжымымыз үшін үлкен мәртебе, жоғары жетістік болды. Халық саулығын түзетіп, аурудың алдын алу – біздің негізгі міндетіміз. Десек те, азды-көпті атқарған жұмыстарымыздың осындай жоғары дәрежеде бағаланып, үлкен марапатқа кенелу – қызметімізге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, үлкен стимул болғаны сөзсіз.
– Жалпы, бұл байқауға қатынасу туралы ниет білдіріп, құжаттар жинап па едіңіздер?
– Жоқ, қызығы сол, біз бұл туралы тіптен естімеппіз де. Шараны негізгі ұйымдастырушы – халықаралық ұлттық бизнес рейтингілік одағы. Ал, оларға мәлімет беретін – ҚР Ұлттық статистикалық орталығы. Біздің мекемеміздің де түрлі бағыттағы көрсеткіштерін тәуелсіз түрде саралау арқылы осындай шешімге келген.
Қазақстан Республикасы бойынша орта кәсіпкерлер арасында №7 емхана «Сала көшбасшысы» атағына ие болды. Ал, мекемеміздің осынау жетістіктеріне сай, маған «Қазақстанның даңқы» ордені берілсе, ұзақ та қажырлы еңбек еткен біздің емхананың аурудың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Масура Жамалова «Ұтымды еңбегі үшін» медалімен, физиотерапия бөлімінің меңгерушісі Әлия Ерғожиева үлгілі еңбегі үшін «Жыл маманы-2013» атағын алды.
– Мекеме басшысы ретінде Сіз барлығын қадағалап, жіті назарыңызда ұстап отырасыз. Осындай жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуге қызметкерлеріңіздің қай қыры себеп болды деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, өз ісіне адалдық пен кәсіби біліктіліктің керек екендігі белгілі. Ал, жалпы медицина саласындағы 38 жыл еңбек өтілінің 28 жылын саланы басқару ісіне арнап, Исатай аудандық денсаулық сақтау саласын басқарған Масура Набидоллақызы №7 емхана алғаш ашылғалы бері осында қызметте. Қазір зейнеткерлік жасқа жетсе де, еңбектен қол үзген емес. Тәжірибесі мол, жоғары білімді офтальмолог.
Ал, Әлия Шойынбайқызы туралы да айтарым – осы. Ұзақ жылдар бойы Мақат ауданында жұмыс жасап, емхана ашылған сәтте алғашқы болып қызметке алынған білімді де білікті мамандардың бірі. Физиотерапия-оңалту бөлімін ашуға мол үлес қосып, қазір бірнеше қызметкері бар үлкен бөлімнің меңгерушісі.
Әңгімемізді одан әрі қарай жалпы медицина саласы, емханалардың қазіргі жайы туралы жалғастыра отырсақ. Алмагүл мөлтекауданындағы балалар емханасы №7 емханаға қосылады дегенді естіп едік…
– Бұл туралы «Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының жекелеген кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру» туралы облыс әкімінің арнайы қаулысы шығып, қазіргі таңда жасалуы тиіс жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Сонда қалай болғаны? Балалар емханасы толығымен №7 емханаға қосылады деген сөз бе?
– Иә, негізінен солай. Әділет басқармасынан тіркеуден өткеннен кейін біріктіру толықтай жүзеге асады.
– Не өзгереді? Кезек одан сайын көбейіп кетіп, тұрғындар үшін қосымша қолайсыздықтар туындамайды ма? Себебі, қазіргі таңда балалар емханасында арнайы мамандардың аз болуы себепті екі ай бұрын тізімге жазылып қойғанымыз жасырын емес.
– Маман жетіспейтіні рас. Осы облысымыздың өзін алатын болсақ, медицина саласында білім алатын жастарымыз тіптен аз. Оқу ақысының жылына 700 мың теңге болуы мен мерзімінің ұзақ болуы себепті жастарымыз дәрігер болуға құлықсыз, көбі мұнайшы, заңгер сынды мамандықтарды таңдайды.
Қалалық балалар емханасын алатын болсақ, бір ауысымда 150 баланы қарауы тиіс емхана, қазір 2-3 есе артық жүктемемен жұмыс жасауда. Шыны керек, қазір ешбір бала өз тұрғылықты жері бойынша емханаға қаралып, толық медициналық қызмет алып отырған жоқ. Педиатрдың жолдамасымен, «Алмагүлдегі» қалалық емханаға келеді. Ал, бұл емханада қазіргі таңда невропотолог, хирург, травмотолог, ортопед жетіспейді. Осы мәселені тиімді шешу мақсатында қазіргі таңда «жалпы тәжірибелік дәрігер» деп аталатын ұғымды салаға енгізуді бастап жатырмыз. Биылғы жылы тәжірибе ретінде бастау алған бұл жоба келесі жылдан бастап, толық қарқынмен, барлық емханаларда жүргізіле бастайды. Яғни, арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алған маман болашақта бір отбасының мүшелерін толық қарай алады.
– Сонда учаскелік педиатр, терапевт деген ұғымдар жойыла ма?
– Осы уақытқа дейін бала ауырды деп шақырған педиатр, ересекті қарамай, тек баланы ғана бақылап кетеді немесе, керісінше, ересек адам үшін барған терапевт баланың сырқаттанып отырғанын қарамайтын еді. Енді, ондай болмайды. Жаңа жүйеге сай, бір «практикалық дәрігердің» қасына, үш медбике қосылады. Оларға қолға ұстап жүруге ыңғайлы қобдишаға салынған арнайы тексеру құрылғылары да беріледі. Бұл өз кезегінде науқастың диагнозын дәл, дер кезінде анықтауға мол мүмкіндік береді.
– Қай бастаманың болмасын, ел игілігі үшін жасалатыны сөзсіз. Осы ретте жаңа жүйенің жұрт үшін жағымды жағы қандай болмақ, ашып айтсаңыз?
– Айта кетейін, мұндай жүйе шет елде де жоқ, олар мұны «роскошь» деп қабылдайды. Жүкті әйелді де, ересектерді де, жаңа туған сәбиді де бір дәрігердің қарауы үлкен мүмкіндіктер береді. Себебі, әр тұрғынды туған кезінен бастап білетін дәрігер оның денсаулығының қыр-сырын «жатқа білетін» болады. Көп жағдайда науқастардың өзі сырқатының себептерін жасырып, дәрігерге ашығын айтпай жататыны біздің тәжірибемізде көптеп кездеседі. Сол секілді дәрігер жалақысы өз аумағындағы науқастар санының аздығы, созылмалы сырқаттардың жоқтығына байланысты төленеді деген жүйенің тағы бір жаңалығына орай, бұл реттегі кемшіліктерді жоюға септігін тигізетініне сенім мол.
– Жаңалық демекші, сіздің емханада жаңа құрал-жабдықтар жеткілікті. Соның ішінде заманауи зертхана бар екенінен де хабардармыз.
– Дүниежүзілік стандарттарға сай, толық жабдықталған биохимиялық, иммуноферменттік зерттеулердің барлық түрін жүргізетін зертхана жұмыс жасауда. Осы жерде болашақта бүкіл қала аумағындағы зерттеулерді жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оның тиімділігі мен қуаттылығы сонша, бір мезетте 1000 адамның талдауын жүргізе алады. Айта кетелік, бұл жұмыстардың барлығы адамның қатысуынсыз, яғни заманауи әдіспен жүргізіледі.
– Ғазиз Қаламұлы, сіз басқарған мекеменің тағы бір жаңалығы бар екен. Сіздер дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру орталығын ашып, ол жерде науқастарды да оқытып отырғандарыңыз өзгелерге үлгі болуда.
– «ТШО» компаниясының қолдауының арқасында емхана ішінде ашылған оқу орталығы қазіргі таңда қызу жұмыс үстінде. «Қазақстан жанұялық дәрігерлері ассоциациясының» қолдауымен құрылған ұйымды Мейірімхан Нұрманова басқаруда. Ал, Семей медицина институтының кафедра меңгерушісі, жобаның координаторы Людмила Асташкина бастаған топ дәрігерлерді оқытып, арнайы дәрістер жүргізіп отырады. Өкінішке орай, созылмалы науқастардың өлімінің 52 пайызы жүрек-қан тамырлары ауруларының еншісінде. Сондықтан, бұл орталық негізінен қан қысымы, қант диабеті сынды аурулармен күресу жолын ұстанған. Айтуыңыз орынды, дәрігерлермен қатар, науқастар да бұл орталыққа келіп, өз білімдерін жетілдіріп жатады. Егде жастағы, зейнетке шыққан тұрғындар да волонтер ретінде ұйыммен ұдайы байланысып, әртүрлі шаралар өткізуге мұрындық болып жүр.
– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне орай, әр тұрғын өзі қалаған емханаға қаралуға құқылы екенін білеміз. Десек те, есептен шығару, есепке алу талонын толтыру сынды машақаты, кейде тағы басқа да қиыншылықтар туындап жататыны жасырын емес. Сіздің мекемеде бұл мәселе қалай шешілуде?
– Расында да, әр тұрғын өз қалауымен бізге келіп, есепке тұрамын десе, еш қарсылық жоқ. Қазіргі уақытта сіз айтқандай, құжат толтыру қажет емес. Арнайы мәліметтер базасына ЖСН арқылы тіркелсе, жеткілікті. Ол туралы ақпарат бірден орталық базаға тіркеледі де, әр науқас үшін бөлінетін қаржы емханаға аударылады. Осы ретте айта кетейін, емханаларда қаралған бір науқас үшін мемлекет тарапынан 100 теңге ақша бөлінеді. Сіз шаш қидырту үшін де 600 теңге ақша төлейді емессіз бе? Сонда дәрігердің қызметі неге соншалықты төмен бағаланады?.
– Олай болса, дәрігер мәртебесін қалай көтеру керек деп ойлайсыз?
– Бұл мемлекеттік тұрғыдан шешілуі тиіс мәселе.
– Емхана тақырыбына қатысты таусылмайтын «жырдың» бірі – ұзын-сонар кезек. Осы жайтты тиімді шешудің жолы қандай деп ойлайсыз?
– Бұл жерде тұрғындардың мәдениеті төмендігін де айтып өткен жөн. Алдын ала жазылу арқылы немесе интернеттегі сайт арқылы жазыла аласыз дегенге қарамастан, келген бойда қаралып кетуге асығады. Емхана дәрігерлерінің ерте қабылдайтынына қарамастан, тұрғындардың көп болып кететін мезгілі сағат күндізгі 10-11 аралығына сәйкес келеді. Өзге шаруаларын реттеп не ұйқыларын қандырып, алдын ала жазылусыз келеді де, «біз бәленбай сағаттан бері тұрмыз, кезек тым көп» деген әңгіме айтады.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Табыстар тілейміз!

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан СӘКЕМБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз