ЕМХАНАНЫ ТАҢДАУ – ӨЗ ЕРКІҢІЗДЕ
15 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі уақытта осы 2015 жылы өзіміз қалаған емханаға тіркеліп болу қажеттілігін, 2016 жылы 1 қаңтардан Сізге арналған қаржының, тегін дәрі-дәрмектің бекітілген емханаға түсетінін, емханалардағы мамандардың саны, оның қуаты тікелей өзіне бекітілген тұрғындар санына қарай болатынын бірі білсе, бірі білмейді. Осы науқанның маңыздылығын түсіндіріп, оларды тіркеуге алуға барған медбикелерді қабылдамай, тіпті тіркелуден бас тартатын тұрғындар арамызда бар екені ащы да болса шыңдық. Осы жағдай тұрғындар арасында түсінік жұмысының өте нашар жағдайда екенін дәлелдейді.
Тұрғындардың бірыңғай ұлттық бағдарламаға сай, өзі қалаған емханаға, өз еркімен, өзінің жазбаша жеке басы куәлігі көшірмесі жалғанған арызы бойынша ғана тіркеле алатыны ескертіледі, содан соң ол арнайы халықты емханаға тіркеу регистрі программасына енгізіледі, осы программаға енген адам ғана мемлекет тарапынан медициналық қызметтің тегін көрсетілетін кепілдік көлемін ала алады.
Емханаға тіркелген науқас осы емханаға ауырған жағдайда тегін қаралады, тегін қосымша зерттеулерден өтеді, қажет болған жағдайда тегін ем алады, тіпті ауруханаларда жатып тегін ем алады, ол науқасының түріне қарай диспансерлік есепке алынған жағдайда, арнайы бағдарлама шеңберінде тұрақты түрде тегін дәрі-дәрмек алады.
Аурудың алдын алу мақсатында мемлекетіміз емханаға тіркелген адамдарды жұқпалы ауруларға қарсы тегін екпемен қамтамасыз етеді. Елімізде сау адамдар арасында аурудың алғашқы белгілерін алдын ала анықтап, оған қарсы шара ұйымдастыру жүзеге асырылады. Ол үшін тұрғындардың арнайы скринингалық әдіспен тексеруге жататын топтары екі жылда бір рет емханалардан арнайы тексерілуден тегін өтуіне мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Өкінішке орай, бұл тексеруден тұрғындар өз еріктерімен өтуі өте нашар, соның салдарынан игерілмеген қаражат мемлекетке кері қайтарылуда. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік ағайын, келіңіз, емханаға тіркеліңіз.
Ғазиз ЕСҚАЛИ,
Атырау қалалық
№7 емхананың бас дәрігері,
жоғарғы санатты дәрігер-ұйымдастырушы.