Деннің саулығы – басты құндылық
Соңғы жылдары облыстағы медицинаның дамуы қарқын алды. Елбасының ұлт саулығын жақсартып, адам капиталын дамытудағы тапсырмалары негізінде аймақта бірқатар жұмыс жолға қойылып, заманауи медициналық әдіс-тәсілдер қолға алынды.
Төрт нысан ашылады
Облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге баса көңіл бөлініп, қаржыландыру көлемі ұлғайды. Бұл ретте бірқатар мекемелер қалпына келтіріліп, биылдың өзінде облыс орталығында төрт жаңа нысан құрылысы аяқталады. Олар: Тасқала ауылындағы дәрігерлік амбулатория, гемодиализ орталығы, оңалту орталығы мен «жедел-жәрдем» көмегінің базалық стансасы.
Бұған дейін облыстық офтальмологиялық ауруханасының консультациялық-диагностикалық медициналық көмек ғимараты ашылды. Дер кезінде диагностика жасап, ем қабылдауды қамтамасыз етуді көздеген нысанда екі балалар бөлмесі ашылып, ерте тексеру жүргізу жұмыстары да қолға алынды. Бұдан басқа, биыл облыс орталығында бүйрегі ауыратын науқастар үшін гемодиализ орталығы жұмыс жасауда.
Гиппократ антына адалдық
Гиппократ антына адалдық танытып келе жатқан сала қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Өйткені, олар адам саулығы үшін әр уақытын аямай жұмсайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, бүгінде аймақта осындай 9 400 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 1300-ге жуығы дәрігер, қалғандары орта деңгейдегі қызметкерлер.
Биыл сала мамандарының арқасында көлік апаттарынан, өрт пен басқа да жағдайлардан мыңдаған адам құтқарылды. Өткен жылдың бес айында «103» қызметіне жүгінген 100 мың қоңырауға қызмет көрсетілсе, биыл жыл басынан бері 122 мың адамның өмірі сақталып қалды.
Цифрландыру – жетістік кепілі
Жоғары технологияға негізделген медицинаға сай кадрлар біліктілігі де жетілдіріліп, барлық нысандар цифрландырылды. Бүгін дәрігерлердің де IT саласын жетік меңгеруіне талап қойылуда. Яғни, қызметкер тек компьютерді ғана емес, порталмен жұмыс жасап, оның ішіндегі бағдарламалардың мазмұнын білуі керек. Ауруханалар мен емханалардың барлығы жүз пайыз компьютермен жабдықталды.
Облыс емханаларында интернет желісі, қалта вай-файлар мен электронды карта, «Мен анамын» мобильдік қосымшасы жұмыс жасауда. Енді «Потранаждық медбике», «Пациенттің кабинеті» мобильді қосымшалары қолданысқа енгізіледі. Цифрлық бағдарламалар негізінде тәулік бойы халықпен қарым-қатынас орнату жүйелері жұмыс жасап тұр. Оның бірінші түрі egov.kz сайты арқылы порталға жазылу болса, екіншісі – жеке қалта телефоннан мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылу. Бұл мобильді қосымшаны қолдану аймақта жыл басынан бері жүзеге асуда. Қалта телефонына «Дәрігерге» мобильді қосымшасын көшіріп алып, үйде отырып дәрігерге қаралу кезегіне тіркелуге мүмкіндік ашылды. Емханаға жазылған уақытта ғана барып, кезекке тұрмай-ақ маман қабылдауына кіруге болады.
Шетелмен байланыс нығайды
Шетелдік ауруханалармен тығыз байланыс орнап, аймақтың медицинасын көтеруге жаңа мүмкіндік ашылды. Бұл ретте жуырда оңтүстіккореялық «Бунданг Чесен» көппрофильді ауруханасының дәрігерлерімен бірге жұмыс жасауға Меморандумға қол қойылғанын атап өту керек. «Планета KЗ» туристік фирмасымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Сеул дәрігерлерлері облыстың медицинасын жақсартуға өз қолдауларын көрсетуге уағдаласты. Облыстық аурухана базасында алғашқы екі отаны да жасап үлгерді.
Алдағы уақытта мамандар алмасу, екі жақтың медициналық ұйымдары арасында тағылымдамалар, шеберлік сыныптарын өткізу сынды жұмыстар атқарылады.
– Медицинадағы жоғары технологияларға қол жеткізіліп, онкология, урология және хирургия саласында жаңа серпін орын алатынына сенеміз. Бұл ретте онколог, уролог, хирург, эндоскопист, кардиологтар «Бунданг Чесен» дәрігерлерінен тағылымдамадан өтеді. Қазірдің өзінде бір дәрігер өзінің медбикесімен бірге бір айлық тағылымдамаға қатысты. Жуырда тағы төрт маманды оқытамыз. Осы жұмыстардың барлығы облыстық ауруханада жүргізіледі, кейін басқа медициналық ұйымдарды да тартамыз, — дейді облыстың бас дәрігері Мәншүк Аймұрзиева.
Медициналық сақтандыру – заман талабы
Саладағы орын алған басты жаңалық – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау мақсатындағы жүйені іске асыруға бүгінде дайындық шаралары жүргізілуде.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, бұл мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қазір облыс бойынша 79 денсаулық сақтау мекемесі қатысты. Оның 37-сі мемлекеттік, 42-сі жеке меншіктегілер. 2018 жылға медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектісі өтініш берді. Оның 35-сі – мемлекеттік, 27-сі – жеке меншіктегілер. Қазір олармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Қаржыландыру
Биыл республикалық және облыстық бюджеттен аймақтың денсаулық сақтау саласын жақсартуға бөлінген қаржы сомасы – 26 900 780,0 теңге.
Аймақтағы мейірбикелерді оқытуға бөлінген қаражат – 10 000 000 теңге.
МӘМС
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін облыс бойынша жұмыс берушілерден, жеке кәсіпкерлерден түскен қаржы – 4,3 млрд. теңге.
Жедел-жәрдем
Осы жылы бүгінге дейін «жедел жәрдемнің» медициналық көмегін қажет еткен шақыртулар саны – 93082.