
Демография — ұлт саулығының айнасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген демографиялық үдерістерді жүйелі түрде талдап, болжау мәселесі — елдің әлеуметтік-экономикалық болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Президент атап өткендей, бұл салада кешенді, ғылыми негізделген тәсіл қажет.
Медицина саласының өкілі әрі депутат ретінде айтарым — денсаулық сақтау жүйесі демографиялық саясаттың негізгі тіректерінің бірі. Себебі халықтың өмір сүру ұзақтығы, ана мен баланың денсаулығы, сырқаттанушылық деңгейі және өлім-жітім көрсеткіштері тікелей медициналық қызмет сапасына байланысты.
Сондықтан Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының құрылуы — дер кезінде қабылданған әрі өте орынды шешім. Бұл орталықта ауқымды медициналық деректердің, әсіресе ана мен бала өлімі, созылмалы аурулар, туу көрсеткіші мен өмір сүру ұзақтығы сияқты маңызды индикаторлардың талдануы — салааралық интеграцияны жаңа деңгейге көтереді.
Бұған қоса, Президент зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесін де орынды көтерді. Өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың көпшілігі — ауылдық жердегі фельдшерлер, жеке практикадағы дәрігерлер, күтім қызметкерлері сияқты әлеуметтік маңызы зор салаларда еңбек етіп жүрген жандар. Олардың зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі тек экономикалық емес, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан да өзекті проблема. Мұндай санаттағы азаматтарды қолжетімді медициналық сақтандыру, ынталандырушы салық саясаты және қаржылық сауаттылық курстары арқылы қолдау қажет.
«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы – осы бағыттағы нақты әрі нәтижелі қадам. Бұл бастама халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің де өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Бүгінгі таңдағы басты міндет — дені сау, әлеуметтік жағынан қорғалған ұлт қалыптастыру. Ол үшін медицина, білім, еңбек және әлеуметтік саясат бір арнада тоғысуы тиіс.
Ұлт денсаулығы — ұлттың қауіпсіздігі. Сондықтан демографиялық ахуалды сауатты жоспарлау, денсаулық сақтау саласына инвестицияны ұлғайту — келешекке бағытталған ең маңызды шешімдердің бірі.
Эльмира САПАРОВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты